Шәріп Омаров тұлғасы – көрмеде
«Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» бағдарламасы аясында ҚР Орталық мұражайы белгілі қоғам және саяси қайраткерлеріне арнайы көрме ұйымдастырып келеді. Солардың бірегейі, ел тарихындағы биік тұлға – Шәріп Омаров. Көрме 23 қыркүйекте басталып, 23 қазанға дейін жалғасын таппақ.
Қазақ ұлттық техникалық университетін инженер мамандығы бойынша тамамдаған Шәріп Омаров көптеген лауазымды қызмет атқарды. ҚР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, мемлекеттік «Қазақстан» теле-радио компаниясы төрағасының орынбасары, Алматы қаласы әкімінің орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенті Ассамблеясының мүшесі, ТМД елдері Парламентаралық ассамблеясының сыртқы саяси комитетінің төрағасы, ҚР Чехия мен Словакиядағы Төтенше және өкілетті елшісі сынды жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтерді үлкен жауапкершілікпен атқарған тұлға қызметі ұрпаққа үлгі.
1967 жылы Қазақ политехникалық институты жанынан құрылған «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрамына кейіннен Шәріп Омаров та келіп қосылды. Ол 1974 жылы «ДосМұқасан» ансамблі құрамында Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанған.
Өмірден өзі кетсе де, ел дамуы үшін елеулі үлес қосқан қоғам қайраткеріне арналған көрме Ш.Омаровтың жеке мұрағатынан алынған әртүрлі құжаттар, марапаттар, ресми костюмі, футбол формасы мен добы, әуе десанты береті, фотосуреттері негізінде құралып отыр.
Көрмеге белгілі қоғам және саяси қайраткерлер, Ш.Омаровтың отбасы мүшелері мен достары қатысады.