Қарағанды бейнелеу мұражайында көркемөнер туындысын көпшілік назарына ұсынып отырған қазақтың күйеубаласы, сицилиялық суретші Кармине Барбаро жеке көрмесін осылай атауды жөн көріпті. Қарағанды жұртшылығына алғаш рет ұсынылып отырған көрме ақпанның соңына дейін жалғасады. Көрмеге суретшінің қылқаламынан шыққан 45 көркемөнер туындысы қойылды.
Қазақтың күйеубаласы Кармине – Италияның Сицилиясында дүниеге келген. Ал дәл осыдан 16 жыл бұрын дәм тартып Алматыға келіпті. Содан маңдайының жазуы шығар, қазақтан қыз алыпты. Шығармашылығын шыңдапты. 17 рет жеке көрмесі өтіпті. Профессор атағын алды, ҚР Суретшілер одағының мүшесі. Данте Алигьеридің отандық комитетін басқарды. К.Барбаро өзін «қазақстандық суретшімін» дейді.
Кармине БАРБАРО, суретші:
– Мен үшін сурет салу екінші орында тұрған мәселе. Ең бастысы – идея, композиция және түс. Мені, әсіресе шығыс елінің, соның ішінде Қазақстан жерінің бір-біріне ұқсамайтын аймақтарының сұлулығы таңғалдырады. Маңғыстау топырағы өзінше ерекше, Алматының сұлулығы, тіпті таңдай қақтырады.
Көрменің «Шақырылмаған қонақ» деп аталуының төркіні туралы сөз қозғасақ, бұл шақырылмаған қонақ ретінде Кармине өзін атапты. Италиясын тастауға шешім қабылдаған сәттен бастап-ақ Кармине мұнда «шақырылмаған қонақ» болғанын айтады. Алайда қазақ «шақырылмаған қонақ» демейді, «құдайы қонақ» дейді. Ал бұл «құдайы қонақтың» Қазақстанға келуі шығармашылығына құтты болған секілді. Тағы бір атап айтарлығы, сицилиялық күйеубала өз шығармашылығында еліміздің егемендігіне ерекше назар аударыпты. Бірқатар туындылары ел егемендігіне арналған екен.
«Шақырылмаған қонақ»
Последние статьи автора