Қазіргі кезде кейбір мекеме, ұжымның, кәсіпкерлердің көрнекі ақпарат, жарнама атауларының жазылуында көптеген көз сүріндірер кемшіліктерді байқаймыз. Мұны тілге менсінбеушілік танытудың белгісі, тіпті мемлекеттік «Тіл туралы» Заңды өрескел бұзу деп түсіну қажет. Басқа ұлт өкілдерін былай қойғанда, бұл өзіміздің тілге деген немқұрайлығымызды байқатады. Рас, Тіл басқармалары, ономастикалық комитет біраз жұмыстар атқаруда. Әсіресе, соңғы кезде ономастикалық кеңістігінде қалыптасып келе жатқан жаңа онимдік атаулардың күрделі мәселелері күн санап өсуде. Бұл – эргонимдер, яғни фирма, компания, жеке кәсіпкерлік нысандар атаулары және тағы басқалар; тауарлық белгілер, яғни азық-түлік, өзге де тұтыну тауарлар атаулары; урбанонимдер, яғни қала ішіндегі шағын аудандар, тұрғын үй кешендері, т.б. атауларын зерттеп, жүйелеп, бір ғана елдік, ұлттық талаптарға сай жүргізу. Қазіргі кезде бұл мәселелер жүйелі шешімін тапқан жоқ. Қай қаламызды алсақ та оның кез келген көшесіндегі атаулар мен жарнамалар өрескел қателерге толы. Өйткені оны жүйелеп, ретке келтіретін заңнама талаптары әлсіз болып отыр.
Осы ретте Тараз қаласындағы жарнамаларға тоқталып өтуді жөн көрдік. Бүгінде қала көшелеріндегі түрлі тауар түрлерін жарнамалайтын билбордтардағы қателерден аяқ алып жүре алмайсыз. Мысалы, Төле би даңғылының бойындағы «Оргтех без помеха» деген тіркес «Кедергісіз оргтех» деп аударылыпты. «Оргтех без помеха» тіркесінің аудармасы «Ақаусыз оргтех» болу керек емес пе, «без помеха» деген тіркестің аудармасы «ақаусыз» деген мағынаны береді ғой. Өз басым жарнама мәтінінен қате көрсем сол мекеме болсын, дүкеннің иесіне, әкімшілігіне ескерту айтып, «Тіл туралы» Заң талаптарына сай сөзді дұрыс жазуын сұраймын. Кей жағдайларда бұл айтылғандарым ескерілмей жатады. Бірақ көрген қатені ескертіп айту барлығымыз үшін парыз деп санаймын. Желтоқсан көшесінің бойымен келе жатып бір «Сұлулық салонына» көзім түсті. Атауы шет тілінде болса да, сыртында орнатылған тақтайшада ондағы қызмет түрлері қазақша жазылғанына қуанып едім. «Тырнақ өсіру» деген тіркестің «тырақ өсіру» деп жазылғаны қуанышымды су сепкендей басты. Қатені байқаған соң бұл мекеме басшысына ескерту айтып едік, ол түсінгендей шырай танытты. Келесі бір жолы келсек, ендігі «тырақ өсіру» тіркесі «тырңақ өсіру» деп түзелген екен. Бұған не дейсіз? Сонда бүкіл ұжым болып қарапайым «тырнақ» сөзін жаза алмағаны қалай? Әлде бұл мемлекеттік тілге немқұрайлық танытқандары ма?
Көше бойын қаптаған билбордтағы қате жарнамалар былай тұрсын, қала ішіндегі автобустардың бағыты жазылған терезелердегі мәтін туралы әңгіме өз алдына бір бөлек. Қате жазылған дүниені ескертіп жөндеуге болар. Ал жалпы жұрттың автобус аялдамаларын қате атауын қалай жөндемекпіз? Мәселен, №36, 43, 41, 55 автобустары жүретін көше атаулары «Қонаева», «Сәтпаева», «Асқарова» деп аталып жүр. Кондуктордан бастап, дүйім жұрттың көше атауларын дұрыс атамауы қазақ елінің дамуына бар ғұмырын арнаған тұлғаларымызды сыйламау емес пе?! Бұнымен қоса әлі де «Кирова» (қазіргі «Асқаров»), «Мечникова» (қазіргі «Ұлбике ақын») деп көше атауларын ескіше аталып жүр. Соңғы статистикалық деректерге жүгінсек, қала халқының 70 пайыздан астамы қазақтар. Олай болса, тіліміздің шұбарланып, көше атауларының дұрыс жазылмауына кім кінәлі, орысша аталу себебі неде?
Бұндай олқылықтардың алдын алу үшін жұмыла жұмыс істеу керек. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесе отырып, «Көрнекі ақпарат құралдарындағы – мемлекеттік тіл» атты акциясын өткізді. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Мәжіліс залында өткен бұл жиынға жоғары және арнаулы орта оқу орындарының филология, журналистика және қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенттері мен оқытушылары қатысты. Аталмыш акцияның пайдасы зор болды. Әрбір акцияға қатысушыға облыс орталығындағы даңғылдар мен көшелердің картасы таратылып, іс-шараның басты мақсаты қала көшелеріндегі қателерді табу екені назарға алынды. Жастар бұл іске құлшына кіріскені байқалды. Нәтижесінде 156 нысанның маңдайша жазуларында, жарнама мәтіндерінде Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы 21-бабы талаптарының сақталмай, мемлекеттік тілдегі мәтіндері грамматикалық қателермен жазылғандығы анықталды. Оларды талдау барысында, кемшіліктердің басым бөлігі дүкендер мен сауда орталықтарында, кафелер мен мейрамханаларда, сұлулық салондарының маңдайша және жарнама мәтіндерінде орын алғанына көзіміз жетті. Шет тіліндегі «Red Rose» (кафе), «BOSFOR» кафесі, «TERAZZA» мейрамханасы және т.б. атаулар назарға ілінді. Бұндай атауларды көріп өзіңді шетелде жүргендей сезінетінің де рас. Тағы бір байқағанымыз, дүкендер мен сауда орталықтарының, мейрамханалар мен кафелердің, сұлулық салондарының және басқа да нысандардың жарнама мәтіндері тек орыс тілінде жазылады екен. Ал мемлекеттік тілде жазылған жарнамасы сын көтермейді. Атап айтқанда, «Офелия» кафесінің жарнамасында «Шашлык дәмді, және тез», «Тіс – дәрігері», «Гульмира» сұлулық салоны, «Айнур» дүкені, «Оқ-жетпес» дүкені, «компьютерлік орталык Континент, блоқты алу», «Beeline» жарнамасында «абоненттік төйлем», «Абдукадир» шайханасының жарнамасында «кауырдак» деп жазылып кеткен.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 27-ақпандағы №757 Жарлығына сәйкес жарнамалар мен сыртқы көрнекі ақпараттарды тексеруге мораторий жарияланды. Бұл мораторий жарнамалаушы нысан иелеріне қажетті Заңдар және ережелермен толық танысуға мүмкіндік береді деген үміттеміз.
Қате жазылған көрнекі ақпараттар мен жарнамаларды, соның ішінде билборд, маңдайша тақталарды өзгертудің өзі де қыруар жұмыс. Ескерту жасаған соң, кейбір жарнама берушілерден билбордтың басқа қаладан бірнеше ондаған данамен тапсырыспен әкелінгенін, оны өзгертудің өзі қымбатқа түсетінін естідік. Қалай болса да, мемлекеттік тілдегі жарнама мәтіні кіршіксіз дұрыс болуы керек емес пе?! Мемлекеттік тілдегі жарнаманың өзі мемлекеттің айнасы екенін неге түсінбейміз?! Дегенмен, бұл акция нәтижесін беріп, көптеген мекеме, фирма, мейрамханалар мен кафелер, дүкендер мен сауда орталықтары, сұлулық салондары, тіпті кейбір көше атаулары жазылған аншлагтарға да тексеру жұмыстары жүргізіліп, олардың дұрыс жазылуына ықпал етті. Осындай акциялар ат ізін суытпай жиі-жиі ұйымдастырылып тұрса құба-құп. Себебі бұл бір жағынан әр азаматтың елге, туған жерге, мемлекеттік тілге деген құрметін білдіреді емес пе?!
Шынтуайтына келгенде, қазіргі таңда жарнама мәтіні алдымен орыс тілінде, тіпті шетел тілінде дайындалады да, кейін қазақ тіліне аударылады. Міне, содан шет тілдің ыңғайына жығылу, сол тілде қалай жазылса, үтір нүктесіне дейін қалдырмай, қазақ тілінде де солай жазу басым болып отыр. Оған лайық балама табу немесе қазақ тілінің тілдік нормаларын сақтау мүлдем ұмытылған. Мәселен, Алматы қаласының көшелерінің біріндегі билбордта «Меняем старое на новое» деген сөйлемді «Кәріні жаңаға ауыстырамыз» деп қазақ тілін күлкіге айналдырған. Бұны көргенде не жыларымды, не күлерімді білмедім. Сондай көріністерді көргенде «Тіл туралы» Заң талаптарына қашан сақталады екен, жарнама беруші бұл заңға немқұрайлы қарауға болмайтынын қашан түсінеді екен деп ойланасың. Шет тіліндегі жарнама мәтіні сауатты жазылатынын байқаймыз. Ал мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінінде болмағанда қазақ тілінің төл әріптері түсіп қалып жататыны қынжылтарлық жайт.
Жалпы жарнама мен көрнекі ақпарат атаулары белгілі бір заңдылықтарға бағыну керектігін біреу білсе, біреу біле бермес. Атап айтқанда, шындық ережесі, жаңашылдық ережесі, қысқартудың ережесі, жағымды естілуі мен айтылуының қолайлы ережесі, тілдің нақты грамматикасын сақтау ережесі, ассоциациялардың жағымдылық ережелері сақталуы қажет. Мәдени, тарихи, елтанымдық атаудың дыбыстық-семантикалық тұстары да ескеріледі, яғни жағымсыз әсер ететін сөздермен дыбыстық ұқсастықтары бар атаулар болмауы керек. Алайда бұл ережелердің сақталмайтыны бесенеден белгілі. Көрнекі ақпарат атаулары ұзақ сөздерден («Дары природы Алуа» дүкені, «Королева бензоколонки» кафесі) құралмауы тиіс; кұрылымы мен мағынасы жағынан күрделі («Охотничий лагерь сэра Игоря» бары) болмауы керек; стилдік тұрғыдан әдеби, ресми нормаларды бұзбау керек («Асеке», «Алеке»); жекеменшік иелері немесе олардың туыстарының жеке есімі мен тегінен жасалған («Ольга» дүкені, «У Ирины», «Рысбаев и К» дүкені, т.б.) атаулар болмауы тиіс; тұтынушыларға түсініксіз («Тамитис» дүкені, «ТехМех» мейрамханасы, «ТаМарк» кафе) атаулар қолданылмау керек; ру, тайпа, ата-баба есімдерін дәріптеуді мақсат тұтқан («Арғын», «Адай», «Найман», «Ботбай» кафе, дүкен атаулары) атауларға жол берілмеуі керек. Себебі бұның барлығы Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 19-желтоқсандағы №508 «Жарнама туралы» Заңына қайшы келеді. Алайда жоғарыда аталған өрескел қателер еліміздің кез келген жерінде кездесіп жататыны жасырын емес. Сонда қалай, заң бар, бірақ талап жоқ болғаны ма?! Әлде Заңды орындау жағы кемшін түсіп жатыр ма?!
Республика көлемінде жарнамалар, көрнекі ақпараттар бойынша мемлекеттік тілдің қолданысына байланысты алдағы уақытта шешуін күтіп тұрған мақсат-міндеттер көп. Оның қоғамдағы қолданысы жағынан алсақ, әлі де зерделей түсетін қырлары жетеді. Атқарылған іс көп болмаса да, әлі кезегін күтіп жатқандары жетерлік.
Осы саладағы әсіресе оним (атау), көрнекі ақпараттардағы мәселелердің күрделілігін ескере келіп, тіл, ономастикаға қатысты заң талаптарының орындалуы міндетті. Бұл мақсатта аймақтық, салалық сипаттағы ауқымды жұмыстар әлі де жүргізілу керек. Айтып өткеніміздей, жарнамалар, көрнекі ақпараттарға қатысты ономастикалық заң талаптары орындалуы тиіс. Себебі, мемлекеттік тілдегі сауатсыз жарнама елдігімізге сын. Сақау жарнама мен оның самарқау қожайынына жергілікті атқару органдары, құқық қорғау, қадағалау органдары заңға сәйкес шаралар қолданбаса, мұндай келеңсіздіктер жалғаса беретіні анық. Мемлекеттік тіліміздің абыройын ойлау әрі оны қадағалау әрбір Қазақстан азаматының міндеті екенін естен шығармайық, ағайын!
Зиба ҚҰЛАМАНОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті
филология және журналистика кафедрасының доценті,
филология ғылымдарының кандидаты