Жақында ауылға бардым... Балалық шақты бірге өткізген құрбым биыл тұрмысқа шықпақшы екен. Ауыл сол тойдың қып-қызыл әлегінде. Әсіресе, анасы әбігер. Ал тұрғындар күбір-күбір әңгімеге көшкен. Сөйтсек...
Сәнді апаны көрген бетте қызының тұрмысқа шыққалы жатқандығымен құттықтадым. Ана жүзі жабырқай қалды:
– Иә, Әйкөшті ұзатқалы жатырмын... Бірақ ...
– ?!
– Бірақ күйеу жігіт намаз оқиды екен.
Біз, тұрғандар шу ете қалдық:
– Ойбай, ол деген жақсы ғой. Қуанбайсыз ба?!
– Намаз оқыған деген нағыз мұсылмандық қой...
– Қызыңыз иманды жігітке шықса, ол дегеніңіз...
Жанымызды салып, барымызды айтып жатырмыз. Алайда Сәнді апаның қатпарлы жүзі жылымай, керісінше қатулана түсті. Баяғыда ауыл жақта сәждеге жығылғанға «сектант» деп қараушы еді, сол түсінік әлі өзгермеген бе деп таңырқай бастадым. Сәнді апа сөзімізді бөлді:
– Намаз оқығаны жақсы-ақ, оқи берсін. Арақ ішіп, темекі шекпегеніне шүкір. Бірақ...
Тағы күмілжіді.
– Бірақ... Әлгі пәтшағар қауғадай қылып сақал қоя беріпті....
Жамырап тұрған бәріміз абдырадық та қалдық. Не күлерімізді, не жыларымызды білмейміз. Бұл тұрғыда, расында, айтарымыз жоқ еді. Есесіне, Сәнді апаның тарқатар шері көп сияқты:
– Әйкөш кетем деген соң әбігер болып құдаларды күттім. Келді. Кірген бетте көз жүгіртіп, жалғыз әрі жап-жас қызымның болашақ жарын іздедім. Табалдырық аттағандардың бәрі егде сияқты. «Күйеу жігіт сыртта қалып қойған-ау» деп бір топшыладым. Сөйтіп тұрғанда, таныстыра бастады. Сақалы кеудесін жапқан не жігіт, не жігіт ағасы екені түсініксіз ер адамға келгенде «біздің бала – осы, рұқсатыңызбен екі жасты қосайық» деп құдағиым қарап тұр. Төбеме жай түскендей болды. Қаным бір ысып, бір суыды. Ақыры ойымды жасыра алмадым:
– Қарағым-ау, ата-анаң – көреген, өзің де оқыған жігіт екенсің. Намаз оқитының да көңілге қонымды. Тек жап-жас болып мына қауғадай сақалың не?!
– Ол – Пайғамбарымыздың (ғ.с) сүннеті, апа!
– Сүннет болса, сүннет шығар. Бірақ... Мынау енді көзге қораш қой. Сәндеп қиып қоюға болмай ма?! Дінді дәріптеген атам қазақтың... Абайдың өзі сақалын белуардан қоймаған. Ол – тазалықтың белгісі. Адам көрер көзге сүйкімді болуы керек қой...
Осы тектес өлердегі сөзімді айтсам да, күйеу балам өз дегенінен қайтпады. Ата-анасын көндіріп көрдім. Олардың да баласына қанша жыл сөзі өтпесе керек. Түк шықпады. Ақыры болмаған соң: «Сақалыңды алмасаң, қызымды да алмайсың!» – деп мен де қатты кеттім.
Ашуланғаным-ай, қызым қалай жүреді қасында?! Бірақ ол пәтшағардың басы айналып қалған ба, «мама, қойшы» деп жыламсырап жүр. Сонымен, бізде осындай қыз саудасы емес, сақал саудасы жүріп жатыр. Білмеймін енді...
Сәнді апа күрсінді. «Сәндеп қиып қоюға болмай ма» деп тағы күбірледі. Баласы үшін күйіп-пісетін, қайран ана жүрегі-ай...
Қайтар жолда «сақалдың саудасы» есіме жиі түсті. Әлі де ойымнан кетпейді. Кім жеңер екен? Ауыл жақтан бір хабарды әлі күтіп жүрмін...