Шәмшімен бірге әскерде болған ақсақал
Жақында Шәмшінің дүниеден озғанына 20 жыл толуына орай, Ақтөбеде ән падишасын еске алу кеші өткен еді. Оған 1951 жылы Сахалинде Шәмші Қалдаяқовпен бірге әскер қатарында болған Қайролла Қасенов деген ақсақал құрметті қонақ ретінде қатысты. Алматыдан арнайы келген сазгердің туыстары мен жиналған жұртшылық Шәмшімен арадағы достықтың сырларын ақсақалдың өз аузынан естіп, қанықты.
Ақтөбелік Қайролла ақсақал қазақтың тума талантымен үш жыл уақыт бірге жүріп, жақын дос-жолдас болғанын үлкен мақтаныш сезіммен айтады. Домбыра тартып, әу деп ән салатын оның бойындағы музыкалық қабілетін байқаған Шәмші ағамыз кезінде оған Алматыдағы консерваторияға бірге оқуға барайық деген ұсыныс та айтқан екен. Бірақ елде елеңдеп күтіп отырған жан жары мен тұла бойы тұңғышын, қарт әке-шешесін ойлап, Қайролла ақсақал өнер жолына түсе алмапты. Содан сазгер досымен қайта қауышудың сәті түспеген. Бірақ оның сырлы да сазды әндері шырқалған сайын жастық шақтағы бірге өткен күндерді еске алып отырады екен.
Сахалин. 1952 жыл, курсант Қасенов Қайролла (2 катар, оң жақтан 2-ші) курсант Қалдаяқов Шәмші (2 қатар, оң жақтан 4-ші)
Қайролла ҚАСЕНОВ, Шәмшімен әскер қатарында бірге болған жолдасы:
– Сахалинде Қазақстаннан алынған алты бала бірге жүрдік. Алты ай оқу-жаттығудан кейін әскери бөлімдегі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыстым. Шәмшімен таныстығым сол жерде басталды. Ырғыз ауданының Сырлыбай деген жігіті ағаштан түйін түйетін өте шебер болатын. Бір күні көшеге қыдыруға рұқсат алғанда жергілікті бір шеберді тауып алады. Содан ағаш сұрап алып, сол кісінің құрал-жабдықтарымен ішін ойдырып, кәдімгі домбыра жасап алып келді. Қазіргі керемет домбырадай болмағанымен, бізге ермек болуға жарайтын еді. Старшинамыз домбырада ойнап отырғанымызды жақтырмай, тартып алып кетеді. Барып ұрлап алып келеміз. Бір күні «сендерге домбыраны көрсетейін» деп сындырды да тастады. Қолымыздағы ең құнды затымызды көз алдымызда тас-талқан еткені жанымызға қатты батты. Оны полк командирі Брайловскийге айтып шағымданып едік, ол старшинаны жұмыстан шығарып жіберді. Сол кезде әскерде Шәмшімен түскен бірнеше суреттерім бар еді, бәрі әркімнің қолында кетті. Тек Шәмші екеуміздің көркемөнерпаздар үйірмесіндегі хорда бірге тұрған суретіміз сақталып қалыпты.