Жарық көре бастағанына аз уақыт болса да «Шәмші» журналы қазақстандық ақпарат кеңістігінде өз оқырмандарын тауып келеді. Басылым бүгінде республика көлемінде 10 мың данамен таралуда. Қазақ әнін көкке көтеріп, әуелеткен Шәмші мұрасын насихаттауды мақсат тұтқан басылымның жақында бесінші саны жарық көрді.
Мерекеге толы мамыр айындағы журналдың бұл санындағы материалдар топтамасы негізінен Қазақстан халықтарының бірлігі күні мен Ұлы Жеңіс күніне арналыпты. Басылымның беташар сөзі қан майданда от кешкен ардагерлерімізді құттықтаумен ашылған. Басылымда әдеттегідей «Қазақ вальсінің королі» жөнінде мәліметі мол, оқырман қызыға оқитын мақалалар берілген..
Журналдағы Қ.Нұрбековтің «Аманат» айдарымен берілген мақаласы мен «Шәмші туралы көркем фильм түсірілуі керек» деген А.Әшімовтің сұхбаты және «Көзкөрген» айдарымен жарияланған
А.Бекбосынның естеліктерінен оқырмандар композитордың шығармашылық қыры мен адами болмыс-бітімін жете тани түседі. «Адам бол! Нағыз маман бол!» деген тақырыппен жарияланған Г.Омарованың проблемалық мақаласы бүгінде ағалы мен «жағалының» заманы өткенін, нарық заманында бір кәсіпті терең игеру арқылы ғана өмірден өз орныңды таба алатыныңды сөз етсе, Ж.Шағатайдың «Қазақ армиясының он жетінші көктемі» аты айтып тұрғандай әскер саласына қатысты мәселені көтереді.
С.Ақылбектің «Орта ғасырлық Сауран медресесі» тарих тұңғиығынан сыр шертсе, Қ.Біләлдің «Мемлекеттік мүдде және дін» мақаласы еліміздегі діни ахуалды талдайды. Сондай-ақ ақын И.Исаевтың «Жүректегі жазулар» топтамасын, С.Сыбанбайдың «Ән әлемінің «әттеген-айлары», Ғ.Мелдештің «Пір Бекетті бетке алып...», Х.Қожахметовтің «Ең жас күрес түрі» және А.Шаймерденұлының «Толғағы тәтті ән» деген мақалаларының оқырманға айтары мол.
Газетіміздің №79 санында 5 бетте жарық көрген «Ораз Жандосов кітапханашыларға ғана керек пе?» деген мақаладағы екінші сөйлемді «Ораз Қиқымұлы Жандосов 1931 жылы Қазақстан Халық комиссарлар кеңесіне хат жазып, Қазақстанда республикалық мемлекеттік кітапхананың, қазіргі Ұлттық кітапхананың ашылуына мұрындық болған» деп оқуларыңызды сұраймыз.