Ұлы адамдардың артынан қашанда сөз еріп жүреді. Бұл – заңдылық та. Ел арасында Шәмші туралы әртүрлі алып-қашпа әңгімелер көп. Оның рас-өтірігі қаншалықты, аңызы мен ақиқаты қайсы, мұны електен өткізу алдағы уақыттың еншісінде. Дегенмен біз осы төңіректегі кейбір әңгімелерге аз-кем назар аударған едік.
Сығандарға қосылып қаңғып жүрген...
Аңызы...
«Сыған серенадасы» әні – Шәмші қайтыс болғаннан кейін кең тарала бастаған ғажап әндерінің бірі. Бірақ осыған байланысты жұрт: «Шәмші өз ортасынан баз кешіп, біраз жыл сығандардың тобырымен бірге өмір сүріпті. Осы әнді сол кезде жазған», – дегенді айтады.
Ақиқаты:
Бұған байланысты сөзімізді композитордың өз аузымен айтқызсақ. Бірде Шәмші ақын Қадыр Мырзалиевке арнайы келіп: «Өзің білесің, мен үйде байыз тауып отыра алмаймын. Ел кезіп, жер аралап кетемін. Біресе Жамбылдан, біресе Шымкенттен, біресе Фрунзеден табыламын. Ат басын тіреп баратын адамдарым бар. Олар кім деп сұрамай-ақ қой... Жалпы, маған сығандар өмірі ұнайды. Жастау кезімде Пушкинге ұқсап, солардың тобырына еріп, «Сыған серенадасы» деген ән шығардым. Сені іздеп келуімнің басты себебі – осы. Көпке созбай, тезірек іске кіріс», – дейді.
Дүнген қызына ғашық болған...
Аңызы:
Шәмші – серілікпен еркін өмір сүрген. Қыз-келіншектерге үйір болған. Тамдыдағы өзбек қызына, Тараздағы дүнген қызына ғашық болған. Ол өзі ұнатқан арулардың барлығына арнап ән шығарған.
Ақиқаты:
Сұлулыққа қызығу, әдемі де әсерлі дүниеге құмарту, айналаға биік талғаммен қарау – кез келген талант иесіне тән қасиеттер. Сұлуларға ән арнап, махаббат туралы шығарма жазды екен деп, Шәмшіні жазғыра алмайсың. Композитордың өмірінде кездескен аруларды, оның сүйген, жүрген қыз-келіншектері болған деп кесіп айтуға болмас. Олар ең алдымен, Шәмшінің қайталанбас әндерінің кейіпкері, музыкасының музасы.
Ішімдікке үйір болған...
Аңызы:
Әдетте Мұқағали, Шәмші сияқты таланттар туралы әңгіме айтыла қалса, ең алдымен, мұндай өнер иелерінің ішімдікке үйір болғандығы үнемі сөз болып жүреді. Былайғы жұрт «Шәмші де шайқаған ғой. Әндерінің бәрін ішкенде шығарған» дегенді көп айтады.
Ақиқаты:
Бұл жөнінде Шәкеңнің көзін көріп, бірге жүрген азаматтар мүлде басқаша пікір айтады. Бұған қатысты белгілі жазушы Еркінбай Әкімқұлов былай дейді: «Біз студент кезден бері жақсы араластық. Алматының шетіндегі Ударная көшесінде бірге пәтер жалдап тұрдық. Әрине, ішімдік ішу сол кездегі адамдардың, әсіресе, жастардың көбіне тән болатын. Шәмшінің де кейде шарап ішіп шалқып кететіні болатын. Бірақ ел айтып жүргендей, ол ішкенде ғана ән шығарған деген сөз өтірік. Өмірінің соңғы жылдары ол мүлдем татып алмайтын болған».
Баспанасы болмаған...
Аңызы:
Шәмші өмірінің соңына дейін серілікпен ғұмыр кешіп, бір жерде тұрақтамаған. Әр жерде көшіп-қонып жүрген оның тұрақты баспанасы да болмаған. Сол кездегі үкімет оған үй де бөліп бермеген.
Ақиқаты:
Ұлы сазгердің әндеріне талай сөз жазған қазақтың үлкен ақыны, кезінде Шәмшінің көзін көрген Қадыр Мырзалиев «Шәмші» журналына берген сұхбатында: «Әуел баста оның пәтері болмады. Мен Нұрғисамен көрші тұрдым. Ол Шәмшіні қатты жақсы көретін. Бірде Нұрғиса Шәкеңді Қонаевқа алып кірді де. Бірақ сол жолы қаладын пәтер алғанымен, қалада тұрақтап қалды деп айта алмаймын».
Тірі кезінде бағаланбады...
Аңызы:
Қазақ даласын сазды әндерімен әлдилеген Шәмшінің таланты тірі кезінде бағаланбады. Теледидар мен радиолар оның әндерін көп бермеді. Мемлекеттік деңгейдегі өтетін түрлі концерттік шараларда құрметті қонақ ретінде қабылданбады. Бірде-бір атағы жоқ.
Ақиқаты:
Қазақтың белгілі қайраткер азаматы Өмірзақ Айтбаевтың мынадай бір сөзі бар: «Шәмші тірі кезінде бағаланбады деуге болмайды. Өйткені оның әндері өзі тірі кезінде-ақ күллі қазаққа тарады. Оны ел ұйып тыңдады, ел бағалады. 50 жылдығы, 60 жылдығы атап өтілді. Шәмшінің әндері экрандар мен эфирлерден түскен жоқ. Әлі күнге дейін солай. Тек «Қазақстанның Халық әртісі» деген ресми атақ ол қайтыс боларынан бір жыл бұрын ғана берілді».