"Салтанат" би ансамбліне 68 жыл
Қазақ халқында би өнері қашанда ерекше бағаланған. Себебі би - адамның қозғалысы, дене қимылы арқылы көркем бейне қалыптастыратын сахна өнері. Қазақтың халықтық би өнері - ерте заманнан қалыптасқан, тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы. Халықтың бұл өнер түрі ұлттық ерекшелігіне, дүниетанымына сай арман-мұраттарын бейнелейтін қимылдар жүйесін қалыптастырған деп хабарлайды Massaget.kz
Ғасырдан қалыптасқан өнердің бұл түрін ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеп келе жатқан ансамбльдің бірі - Мемлекеттік "Салтанат" би ансамблі. 27 ақпанда Алматыда бұл ансамбльдің алғыс айту күніне орай "Шын жүректен" атты түрлі ұлт арасындағы достық, бірлік пен татулықты насихаттайтын концерті өтті.
Концертте даралардың салған сара жолын насихаттап, өшпес мұрасын, өнерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында қазақтың би өнерде алтын әріптермен есімдері жазылған, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби балетмейстер, биыл дүниеге келгеніне 100 жыл толған талантты биші Дәурен Әбіровтің, профессор, балетмейстер Зәуірбек Райбаевтың, балетмейстер Елдос Усиннің билері жаңа деммен сахналанды.
Сахна шымылдығы қазақ биінің алтын мұрасы, халқымыздың дәстүрі мен ою-өрнегін, рухани қазынасын, айшықтайтын "Қазақ өрнектері" атты биімен ашылды.
Көрермен есінде қалған ерекше бидің бірі - "Асатаяқ". Композитор әрі дирижёр Нұрғиса Тілендиевтің "Ата толғауы" күйіне балетмейстер Зәуірбек Молдағалиұлының "Асатаяқ" биі алғаш рет 1979 жылы қойылған еді.
Мың бұралған қыздардың биін көргенде асатаяққа жан бітіп, көз алдыңда өзі билеп кеткендей көрінеді. Бұл би нәзік жандылардың шынайы болмысын көрсетеді. Қазақ әйелдерінің атқарған қызметін, қоғамдағы алатын орнын айшықтайды. Қыздардың нәзік қолы иіріліп, майысып кететіндей көрінеді. Алайда бұл қимыл аспап ұстаған қыздың бейнесін әдемі көрсетеді.
Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби балетмейстер Дәурен Әбіровтің еліміздің хореография өнерінің қалыптасуына, дамуына қосқан үлесі ұлан-ғайыр. Оның туындылары халқымыздың мәдениеті мен өнерін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін жетік білуімен ерекшеленеді. Соның бірі - қазақ жігіттерінің сахналық биі "Балбырауын". Бұл қойылымнан елін, жерін жаудан қорғағайтын нағыз батырдың бейнесін көруге болады. Ұрпаққа қазақ жігітінің бойындағы ерлігін, қайсарлығын, жігер-қайратын би арқылы көрсетуге болады.
Қазақта кез келген жиын, той бисіз өтпеген. Мұндай қуанышты күй тартылып, би биленген. Қазақтың музыка әлемінде лирикалық бағыттың негізін қалаған күйші Дәулеткерей Шығайұлының күйіне қойылған "Қос алқа" биі соның дәлелі. Әсем лирикалық ырғақ пен ойнақы әрі нәзік қимыл арқылы қазақ қызының сыршыл жандүниесі, биязы мінезі мен келбеті бейнеленеді.
Бүгінде мемлекет "Салтанат" ансамблінің репетуарында 150-ден аса би қойылымы бар. Олардың биі түрлі ұлт пен этнос арасындағы достық, махаббат пен мейрімділік, бірлік пен татулықты насихаттайды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ансамбль - ұлттық хореография мәдениетінің бай мұрасын және әлемдік хореографияның алуан түрлі екенін толық насихаттай алатын жалғыз кәсіби би ұжымы.