«Шалқарды» көруге де болады
«Шалқар» радиосының тарихында үлкен жаңалық орын алды. «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның баспасөз қызметінің хабарлауынша, заманауи технологияның арқасында енді арнаның хабарларын толығымен бейне-онлайн режимінде тыңдауға мүмкіндік туды.
Айта кетерлігі, заманауи техниканың қарыштап дамуы радионың тыңдарманы ғана емес, көрермені де болатынын көрсетіп отыр. Тыңдарманды радио жүргізушілерінің тікелей эфирдегі өзін-өзі ұстауы, қимыл-әрекеті мен көңіл күйі, жалпы, радионың ішкі көрінісі қандай болады екен деген ой жиі мазалайтыны анық. Бірақ радионың ішкі әлемі үнемі жұмбақ күйінде қалатын. «Шалқар» радиосына орнатылған веб-камералар осы олқылықтың орнын толтырып, телеарнамен үзеңгі түйістіруге мүмкіндік берді.
Шалқар радиосы 1966 жылы 1 қаңтардан бастап әуе толқынына шығып, бірте-бірте республика көлемінде ғана емес, шетелге де хабар тарата бастады. Басты мақсаты қазақ халқының ұлттық-рухани құндылықтарын жан-жақты насихаттау болып табылатын «Шалқар» радиосын онлайн режимінде (http://radioshalkar.kaztrk.kz/online_radio/cam/) көруге шақырамыз.