Сафуан Шәймерденов ағамыз туралы, ол кісінің шығармагерлігі хақында, азаматтық келбеті жайында толғанғанда, бүгінгі біздің ұрпаққа да, бізден кейін қазақ көшін алға сүйрейтін келер толқынға да тағылым боларлық бірнеше қасиетін тізілдіріп, тізбелеп жеткізгің келеді де тұрады. Және де ол көп қиындықты туғызбайды. Сафекеңді оқыған, тоқыған, Сафекеңнің өнегелі өмірінен сыр түйген әр адамның айтар сөзі – бұл.
Ұлы жанрдан басталған жол
Сафуан аға дегенде ең алдымен, ол кісінің әрі эстет, әрі талғампаз, әрі қарапайым, әрі көркемдік қырлары мол жазушылығы көз алдыңа келеді. Әдебиеттің табалдырығынан ұлы жанр – роман жазумен бірден аттаған сирек таланттың бірі, салмақты сөз иесі еді ол. Алғашқы көркем шығармасы «Болашаққа жол» 1953 жылы небәрі 31 жасында баспадан шыққан. Бұл әрі студент өмірінен жазылған тұңғыш қазақ романы, көлемді көркем шығарма екендігі туралы да айғақты дәлелдер көп айтылып келеді. Романның негізгі оқиға желісін ашып талдаған, филология ғылымдарының докторы, профессор Шериаздан Елеукенов былай жазыпты: «Роман сюжеті мичуриншілер мен антимичуриншілер (генетиктер) арасындағы ғылыми тартысқа құрылған. Біріншілері жеңіп жағымды, екіншілері жеңіліп жағымсыз көрінеді. Міне, осындай жасандылығына қарамастан, шығарманың жастарға берері әлі де мол. Образдық жүйесінің тоқылуы, әсіресе шыншылдығы баурайды. Сафуан кейіпкерлерін мінездеуде бірыңғай ақ, қара бояулардан бойын аулақ салған. Мұның бас кейіпкер Инешке тікелей қатысы бар. Инеш – күрделі характер. Зада деген студент қыз орысшалап оны «мещанка» дейді. Инеш қоғамдық жұмысқа салғырт. Оның үстіне «биологиядағы космополит» Белгіғұловты жақтайды. Қай сөзін де содан бастайды. Оның ақылымен Мичуринді жоққа шығаруға әрекеттенеді. Ал қусирақтау Белгіғұлов зайыбының көзіне шөп салып, Инештің намысын аяғына таптап, Мәскеу жаққа докторлық қорғауға іссапарға рұқсат алып, зытып береді. Инеш қай жағынан да опық жейді. Университет бітіргендерді жұмысқа орналастыратын комиссияға, оның ішінде министрдің орынбасарына дейін жеккөрінішті көрініп, аурулы-сырқаулы шешесін күтуге мұрсат ала алмай әрі сүйгені Мәуленнен «қош бол» деген сөз де естімей, алыстағы ауылға мұғалімдікке аттанады...»
Шығармадағы ширыққан оқиғалар бірінен соң бірі оқырманды өзіне тарта түседі. Бас кейіпкер Инеш пен белсенді қыз Гүлшат арасындағы, кешегі майдангер, болашақ философ Мәулен мен Инеш арасындағы, алдамшы ұстаз Белгіғұлов пен Инеш арасындағы, жалпыға бірдей қалыптан айнымайтын мичуриншілер мен жаңалыққа, өзгеріске жаны құштар антимичуриншілер арасындағы, жалпы қоғам дамуының ығымен жүретін мақұлдаушылар мен шындықты бетке айтатындар арасындағы тартыс арқылы – жазушы қоғамдық өмірдің таусылмайтын, кеше де болған, бүгін де өзекті, ертең де болатын өміршең тақырыбын темірқазық етіп алған. Ең бастысы, адамдар арасындағы психологиялық иірімдер мен терең философиялық ойларға баруы арқылы да жазушы жаңашылдығымен көзге түскен.
Роман бірден тәуір баға алып, мақталады. Сафекең алғашқы кесек шығармасымен-ақ әдебиет есігін айқара ашады. Айқара ашқан емей немене, жұртшылық жақсы қабылдаған роман кейін «Инеш» деген атпен қайта басылып, алдымен орыс тілінде, одан кейін өзбек, тәжік, башқұрт, татар, якут, неміс, венгр т.б. ондаған шет тілдеріне аударылып басылды. Шынайы студенттер өмірін суреттеген бұл шығармаға академик-жазушылар М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, профессорлар С.Кеңесбаев, Б.Кенжебаевтар оң бағаларын берді.
Мәдениетті жазушы
Сафуан аға алыптар тобының ізін ала шыққан бір шоғыр жұлдыздай қаламгерлер санатынан еді. Олар – Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Тәкен Әлімқұлов, Зейнолла Қабдолов, Бердібек Соқпақбаевтар болатын. Әрқайсысының есімі де, жазғандары да қазақ оқырманының жадына жазылып қалған әсем шоғыр. Сафекеңнің жазушылық ерекшелігін, өзіндік стилін тамыршыдай тап басып көрсетіп кеткен, өзінің ғажайып жан досы академик-жазушы Зейнолла Қабдолов еді. Зекең жазбаларында: «Сафуан – мәдениетті жазушы. Әдеби туындының құны, баурағыш күші, эстетикаға құяр сағасы – сұлулық. Сафуан әдебиеттің осы қасиетін қапысыз меңгерген. Ол шығармасында сұлулыққа жалаң еліктетпейді. Ол әрқашан адамның ажарын, ақылын, жан сұлулығын суреттейді...
Сафуанның қай шығармасын алсақ та, күн шуағы секілді жылы, нәзік лиризмі толқып, төгіліп тұрады. Қай шығармасын алсақ та, онда таза, тұнық парасат бар. Бұл оның сыршыл суреткер екенін танытады», – деп тайға таңба басқандай дәл баға беріледі.
Сафекеңнің осыншалықты зор талант иесі болып қалыптасуына оның туған атамекені, өскен ортасы бас себепші. Сафуан аға қазақтың ұлы ақыны Мағжан, ұлттың ұлы жазушылары Ғабең мен Сәбең туған, аққу қонған көлдері көзден кетпейтін, қарағайлы-қайыңды Солтүстік Қазақстан өңірінде дүние есігін ашқан. Адуын ақын Ғафу Қайырбековтің:
Аттадық әлденеше он жылыңды,
Сол жолда ой қалыңдап,
бой бүгілді.
Алпыста романдарын арқалаған
Сафуан Шаймерденов сол бүгінгі.
Бәрінің әрі інісі, әрі ағайы,
Басылмас арыстандай әлі айғайы.
Иілмес дауыңа да, дауылыңа да,
Сорайған Солтүстіктің қарағайы,
– деген жыр жолдары сондықтан жазылған болар.
Менің қолымда «Әдеби толқындар» кітабымен бірге, 1988 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын алған «Ағалардың алақаны» кітабы бар. Әр повесін, әр әңгімесін, әр эссесін оқыған сайын жан дүниеңе шуақ құйылады. Сол кітаптың алғашқы беттеріндегі «Бір таба нан» шығармасын оқығанда, Сафекеңнің өмірбаянынан көп-көп деректерге кезігесің. Осында туған анасынан небәрі сегіз жасында жетім қалған оның ауыр балалық шағы көзіңе жас үйірілтеді, кейде езуіңе күлкі шашыратады, кейде аяныш сезімін туғызады. Сафекеңнің өз өгей шешесі Бейіс туралы «Мезгіл» хикаясы, Шияп мұғалімі хақында «Қолтаңба» әңгімесі, басқа да өмірден түйген шынайы да шымыр шығармаларының қай-қайсысының да тағылымдық мәні зор. Оны қаламгер ағамыздың шығармаларын оқып шыққан адам ғана ұғына алады.
Күрескер қаламгер
Атақты аудармашы-жазушы Ісләм Жарылғапов ағамыз туралы дәл Сафекеңдей жарқырата жазған қаламгер сирек-ақ шығар. Ол кісінің «Сүзгіш жазушы» деген шағын эссесінде Ісләм аға туындатқан қазақша сөздердің біраз тізімі беріліпті. Мысалы: аялдама – остановка, азагүл – траурный венок, асадал – буфет, алжұмыр – помидор, жаужұмыр – картоп, балмұздақ – мороженое, бөртегүл – сирень, басжалбыр – капуста, гүлгүл – букет цветов, ғаламшар – планета, дүниетаным – мировоззрение, дауажай – курорт, дамылжай – дом отдыха, жағажай – пляж, жайлаужай – дача, т.б. осы сөздердің қазірдің өзінде бірін қолдансақ, бірін әлі де өз орнымен қолданбай жүргенімізге қапа боласың. Сафекең қазақ тілінің байлығына ерекше құрметпен қараған.
Сексенінші жылдарда желтоқсан тұсында басын қатерге тіге тұрып, Сафекеңнің Колбинге айтқан батыл сөздері күні бүгінгідей ұрпақ жадында жатталып қалды. Мысал келтірейік:
«... Қазақта «қашқан жауға қатын да батыр» деген сөз бар. Солдаттардың темір күрегі мен қақаған аязда суық сумен атқылағанына төтеп бере алмай, жан сауғалап алаңнан қашқан жастарды түнімен қуалап ұстап, ол-ол ма, жастау қазақ көрінсе, бас салып ұстап қамап, оларға білгендеріңді істегендеріңізді сол таяққа жығылған жастар, олардың ата-аналары, қала берді, бүкіл қазақ халқы ұмыта ма? Өз ұлдарына осынша зәбір көрсеткен біздің елдің Ұлы держава болғаны рас болса, оның ұлылығы қайда? Бұдан кейін біз енді кімге сенеміз?!».
«... Жолдас Колбин, Алматыға келісімен «бір жылда қазақ тілін үйреніп, басқаларға үлгі боламын», – деп бүкіл Қазақстанға жар салдыңыз. Сол уәдеңіз қайда? Келгеніңізге бір жарым жыл болды. Осы уақыт ішінде қазақ халқының ең болмаса, басқалармен терезесі тең тұратындай не істедіңіз? Оларды «ұлтшыл» деп айыптап, балаларын алаңда қырып-жойғаннан басқа не нәрсені төңкеріп тастадыңыз?.. ...Қазақ халқы сізді Голощекин секілді тек жаман жағыңыздан еске алатын болады...».
«...Жолдас Колбин, Сізден қасыңызға күзет алмай менімен бірге көшеге шығуыңызды өтінер едім, қазақтар көп жүретін жерлермен тек менімен ғана жүруіңізді қалар едім. Сіздер «ұлтшыл» деп ойлайтын қазақтардың ең болмаса біреуі сіздің маңдайыңызға шертетін болса, мен тап сол жерде үстіме бензин құйып, өз-өзімді өртеп жіберемін...» Республиканың бірінші басшысына мұндай ауыр сөздерді, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дейтін қаһарман адам ғана айта алар еді.
1989 жылы қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі үшін іспен, қалам қайратымен күрескеніне де баспасөздегі мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Осы айтылып, жазылғандардың бәрі дерлік жан сұлулығы мен парасаты, ұлтжандылығы мен ұлылығы, тектілігі мен батылдығы қатар астасқан классик жазушы Сафуан Шәймерденовтен алар тағылым мол екендігін айғақтайды.
Ендеше, еліміз тоқсан жылдығын тойлап отырған Сафуан ағаға бүгінгі ұрпақ қандай құрмет көрсетсе де лайық. Жан жары Бағдат апайға ұзақ ғұмыр тілейік, шығармаларын қайта басып шығарайық, атына Астана, Алматыдан көше мен мектеп берейік! Құран бағыштайық! Жас толқынмен сан қайтара қауыштырайық! Біртуар жазушы алдындағы ұрпақ ретіндегі парызымыз сонда ғана өтелер.
• Әдебиетке тегеурінді екпінмен келген Сафуан Шәймерденов бірнеше повестерімен жарқырай көрінді. «Мінез» (1960), «Мезгіл» (1964), «Таныс көрші» (1965), «Қарғаш» (1967), «Жыл құсы» (1969), «Сыбызғы сазы» (1971), «Өмір нұры» (1972), «Селдің екпіні» (1977), «Мәжнүн тал» (1980), «Әдеби толқындар» (1985), «Ағалардың алақаны» (1987) әңгіме-повестерін оқырман қауымға ұсынды.
• С.Шәймерденовтің балаларға арналған «Жанар мен Данар» (1964), «Шалдуар», т.б. кітаптары бүлдіршіндер көзайымына айналды. Ал оның «Әнім сен едің», «Дөкей келе жатыр» (1979) «Өкіл әке» (1982), т.б. пьесалары республикалық және облыстық драма театрларында сан мәрте қойылды. Л.Н.Толстойдың, Р.Тагордың, Ұйғынның шығармаларын қазақ тіліне тәржімалағаны оның әдеби шығармашылығының ажырамас бір саласы.
Бауыржан ЖАҚЫП ақын, «Қазақ энциклопедиясының» бас редакторы, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор.