«Шәкен жұлдыздары» назарға ілінді
Еліміздің рухани өміріндегі айтулы оқиғаға айналған «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі осы жолы XI рет өткізілді. Халықаралық деңгейдегі шараға осы жолы Жан Руа (Франция), Джавед Джафри (Үндістан), Ханс-Йохим Шлегель (Германия) бастаған кино өнерінің майталмандары қазылық жасады.
Венера Нығматулина, актриса, «Шәкен жұлдыздары-2013» кинофестивалінің бас директоры:
– Жыл өткен сайын жас кинематографистердің деңгейін көтеру үрдісі артып келеді. Кинофестивальға жас мамандар дебюттық жұмыстарын әкеледі. Осы уақытқа дейін қаншама жаңа есімдер пайда болып, арамыздан талантты режиссерлер мен актерлер өсіп келеді. Бұл – танымдық-әдістемелік мазмұндағы шара, сондықтан мұнда голливудтық жұлдыздардың қатысуы емес, фестиваль бағдарламасының барынша бай болуы маңызды. Сондай-ақ фестивальға шетелдің кино мамандары да көптеп тартылуда. Тәжірибе алмасу алаңына айналған бұл жоба өз кезегінде қазақстандық киноиндустриясының дамуына ықпал етпек.
Фестивальдың бас жүлдесін ирандық жас режиссер Панахбарход Резаий иеленді. Ол бұл додаға «Дочь... отец... дочь» фильмімен қатысқан. Мірғалым Есіркеповтің «Три шага вверх» («Жоғарыға үш қадам») картинасы кинофестиваль дирекциясының жүлдесіне қол жеткізді. Қазылар алқасының арнайы жүлдесіне Айнұр Исмаилованың «Көке» фильмі лайық деп танылды. «Қазақфильмнің» тағайындаған сыйлығын Әлия Мұстафина жеңіп алды. Бұл сыйлықтың өзгелерден ерекшелігі бар. Әлия Мұстафина осы арқылы қысқаметражды кино түсіруге мүмкіндік алды. (Былтырғы жылы мұндай қамқорлық фестивальға «Мент» фильмімен режиссерлері Мақсат Оспанов пен Медет Ілгідаевқа жасалған еді). Ал Жапониядан келген Тацуо Ямамотоның «Магазинчик на горе Камихате» фильмі дебют деп танылды.
Ал үздік студенттік фильм аталымы бойынша Базира Сиратаның «Маленький Афганистан», Жозефа Блиадзенің «Самое ценное» картиналары алдыңғы қатардан көрінді. Анимациялық фильмдердің ішінен ресейлік режиссер Антон Дьяковтың «Костясы» топ жарды.
Қазылар алқасы «Актерлер қатыспайтын фильм» номинациясы бойынша Родиона Исмаилованың «Моя родня» лентасын өзгелерден оқшау деп тапты. Ресейлік Сергей Кравчуктың «Ритуалы» «Актерлер қатысатын фильм» номинациясында топ жарды.
Биылғы жылы кинофестивальдың бас жүлдесі үшін Қазақстаннан басқа да Әзірбайжан, Армения, Германия, Грекия, Үндістан, Индонезия, Испания, Иран, Қытай, Ресей, Жапония, Қырғызстан сынды мемлекеттерден келіп түскен 55 жұмыс сынға түскен болатын. Бір ғана еліміздің атынан сегіз кино бақ сынады. Олар: Айнұр Исмаилованың «Көке», Бауыржан Жұқанұлының «Кім кінәлі», Мұрат Біләлұлының «Суретші», Мірғалым Есіркеповтің «Жоғарыға үш қадам» сынды фильмдері.
«Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі өзін-өзі ақтаған фестиваль деуге болады. Алғашқы кезден осы уақытқа дейінгі аралықта халықаралық деңгейде абырой, бедел жинап үлгерді. Жоғарыда аталған мемлекеттердің қызығушылық танытуының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Егер бұл фестивальдың бет-бейнесі дұрыс қалыптаспаған болса, кино өнеріне қадам басқан режиссерлер өнер дүниесін арқалап, әр қиырдан тартынып жетпес еді деп ойлаймыз.
Және кино өнеріндегі әлемдік деңгейдегі айтулы тұлғалардың қонаққа келуі, бұл шараны мойындауы болса керек. Қазылар алқасының құрамындағы жоғарыда айтылған әйгілі тұлғалардан бөлек, бұған дейін әр жылдары Александр Митта, Лейла Аранышева, Ханс-Йоахим Шлегель, Наталья Арынбасарова, режиссер Питер Гринуэй (Ұлыбритания), актер Майкл Мэдсен (АҚШ), актриса Барбара Брыльска (Польша), режиссер Егор Кончаловский (Ресей), сатирик-жазушы Михаил Задорнов (Ресей), актриса Мишель Мерсье (Франция) сынды қайраткерлердің болуы бұл шараның беделін асырғаны мәлім.