Сәкен Сейфуллин энциклопедиясы жарық көрді
Сәкен Сейфулиннің рухы кеше тағы бір жаңғырды. Бұл жолы 200 шақырым жерден Елордаға «сүйінші» айта келген азаматтар «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлғаның энциклопедиясын баспадан шығарып ала келіпті. Энциклопедия Қарағандыдағы «Болашақ» университетінің Орталық Қазақстан гуманитарлық ғылыми-зерттеу институтында дайындалған екен. Бас редакторы – «Болашақ» университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков. Расын айту керек, осынау нар тұлғаны елеп-ескеріп, оқырман үшін тамаша дүниені жерлестерінің қолға алғаны қатты қуантты.
Себебі Мәшһүр Жүсіп Көпеев энциклопедиясы Павлодарда шықты, Семейде Абай мен Шәкәрім энциклопедиясы жарық көрді. Сондықтан да Сәкен Сейфуллин энциклопедиясының Сарыарқада шығуы заңды да.
«Оқырман қауымға ұсынылып отырған Сәкен Сейфуллин энциклопедиясы айтулы ақын, әйгілі жазушы, ірі қоғам қайраткерінің шығармашылық жолдары мен қоғамдық істерінің тағдыр-талайынан сыр шертеді. Бір ақиқаты – кеңес дәуірі Сәкенді біржақты ғана бағалап, ақын өмірінің күнгейіне қызыл бояу қызыға жағылып мадақталды. Соның нәтижесінде кеңес кезеңі құрдымға кеткенде, ақынды асыға және асыра сынаушылыққа жол берілді. Біздіңше, Сәкеннің өз ұлты үшін күйіп-жанып, отқа түскен қадір-қасиеттерін көлеңкеде қалдырудан туған мұндай пікірлердің ғұмыры қысқа екендігін уақыт дәлелдеп жатқандай», – дейді Нұрлан Дулатбеков. Энциклопедияға Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығына байланысты тарих, өнер, мәдениет, ғылым, философия, педагогика, психология, музыка салалары бойынша танымдық, эстетикалық ұғымдар мен терминдер енгізілген. Мазмұнына назар аударар болсақ, энциклопедия сәкентанушылардың мақалаларынан басталады. Әрі қарай энциклопедия әліпбилік сөзтізбесімен жалғасып, тұлғаның өмірі мен өнердегі белестері, шығармаларының библиографиялық көрсеткіштерімен бітеді.
Кітапта Сарыарқа ғалымдарының еңбегі аңқып тұрғанын айта кетпеске болмас. Атап айтсақ, Берік Рахымов, Мәуен Хамзин, Мақсат Алпысбес, Сағынбай Жұмағұл, Әлімжан Жақан, К.Әбішевалар ерен еңбек көрсетіп, энциклопедиядағы әр сөзге терең тоқталып, маңызды сипаттамалар берген.
Тұсаукесер кешіне Парламент Мәжілісінің депутаттары Алдан Смайыл, Бекболат Тілеухан, сенатор Оралбай Әбдікәрімов, ақын Ғалым Жайлыбайлар қатысты. Ғалым Жайлыбай өз сөзінде жақсы ой айтты. «Енді «Болашақ» университетінің жанынан «Сәкентану орталығы» ашылса», – деп ұсыныс тастады. Ол сондай-ақ жағымды жаңалықтан да хабардар етті. Оның айтуынша, жақында «Фолиант» баспасынан Сәкен Сейфуллиннің «Нар тұлға» атты шығармалар жинағы шығады екен.
Алдан Смайыл энциклопедияға жоғары баға беріп, оның барлық энциклопедиялық талаптардың үдесінен шыққанын сөз етіп, «әттең-айын» да айта кетуді жөн санады. Ол елімізде осындай танымдық дүниелердің аз тиражбен шығатынына қынжылыс білдірді. «Мен елді мекендерді көп аралаймын. Сонда біреулердің маған: «Айналайын, соғымыңды сойып берейін, маған «Мәдени мұра» бағдарламасымен шыққан кітаптарды әкеп берші», – дегенін де естідім. Ендеше, осы мәселені мемлекет қолға алып, көпшіліктің қолы жететіндей мол тиражбен, қалтасы көтеретіндей аз ақшамен шығарса игі еді», – деді Алдан Смайыл.
1924 жылы Сәкен Сейфуллин: «Кеңсенің тілі қазақ тілі болмай, іс оңбайды», – деген екен. Ақынның осы сөзін жеткізген Астана қалалық тіл басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазы Нұрлан Дулатбековке кітаптың тұсаукесерін әлі күнге дейін кеңсе қағаздарын қазақ тіліне көшіре алмай отырған барлық мекемеге барып, тағы да кесуін өтінді. Әрине, ашына айтқан сөзі ғой.