Сәкен Майғазиев: «МузАртта» ойдан жасалған нәрсе болған емес

Сәкен Майғазиев: «МузАртта» ойдан жасалған нәрсе болған емес

«Басқа балаларым – бір төбе, Ер Төстігім – бір төбе» деп әкесі Ерназар айтпақшы, қазақ эстрадасында «МузАрттың» орны алабөтен. Қандай әнге салсын, хитке айналдыратын құпия сырдың иесі, шынында да, бүгін өзін атына заты сай мұзарт шыңның мұзбалағы ретінде мойындатты. Алғаш үшеу болып үндестік тапқан олар бүгінде тұтас ансамбльге айналып, жанды дауыспен сахнаны жандырып жүр. Республика сарайында үш күн бойы аншлагпен концерт өткізіп, оған  көрерменнің елден арнайы келіп, төрт билетке 100 мың теңге беруі тек «МузАрт» секілді топтың басында болуы мүмкін. Биыл «МузАрт» онға толды. Осыған орай топтың белді мүшесі Сәкен Майғазиевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

–  Көпшілік көкейінде «МузАрттың» он жылдық концерті қалай өтер екен» деген сауал тұрған шығар, бірден содан бастайықшы...
– Осы он жыл ішінде  тек «МузАрттың» өзі айтқан әндердің саны 50-ді еңсеріпті. Әңгіме тек әннің санында емес, осы он жылда жүрегін біздің әнімізбен әлдилеп, жанын біздің әнімізбен жұбататын қан­шама жанкүйеріміз қалыптасты. Ха­лық­сыз, тыңдармансыз әнші әнші емес, сондықтан біз өз мерейтойымызды қалай өткізетінімізді олармен ақылдасып шешсек деп,  жеке сайтымызда сауалнама жүргізу­деміз. Өзімізден де бірақ идеялар туындап жатыр. Алла қаласа, Алматы мен Астанадан бастау алған он жылдық мерейтойда бүкіл Қазақстанды аралап, қала берді, қазақ көп шоғырланған алыс-жақын шетелдерге де шығатынымызды айта аламын, қалғаны тосынсый болғаны қызық қой.
– Вокалды-аспапты ансамбль құрып, жанды дауысты жандандыруда жақсы бастама көтергендеріңіз аян. Алайда жалпы қазақ эстрадасы соған қаншалықты дайындығын көрсетті?
–  Бізде жанды дауыста айтуға қабілетті әншілер көп, шүкір. Тек біздің жалпы дауыс жайлы, эстрада жайлы көзқарасымыз көбіне түзу бола бермейтіні өкінішті. Мы­салы, «қазір кім көрінген компьютермен дауыс жасап алады» дейтіндер бар, со­ларға айтарым, бәрібір мың жерден әспет­тесең де, қарғаны бұлбұл қыла алмайсың. Демек, олар ойлағандай қазір эстрадада жүргендердің бәрі бірдей «қолдан жасал­ған бұлбұлдар» емес. Үлкен буынды айтпағанда, қазіргі жас әншілеріміз, «Су­пер­стардың» жеңімпаздары – Алмас Кішкен­баев, Қайрат Түнтеков, Нұржан Керменбаев т.б. қай-қайсысы болсын жанды дауыста кез келген сахнада тайсалмай орындап бере алады. Ал енді техникалық тұрғыда әңгіме басқа. Дыбыстық ұлғайтқыш т.б. музыкалық құрылғылар мүмкіндігінің сапасы төмен болған жағдайда кез келген әнші ауытқиды. Тек қазақ эстрадасы ғана емес, әлемге әйгілі жоғары кәсіби әнші­лердің де кейде сол себептен мүлт кететін кездері болады. Тіпті поп-музыка королі саналатын марқұм Майкл Джексон­ның да сондай бір тұсын өз басым ғаламтор арқы­лы көргенмін. Алайда бір-екі рет солай болғаны үшін ешкім «ойбай, Майкл ән айта алмайды, өтірік әнші екен» демейді ғой. Ал бізде жанды дауысты тыңдап үй­рен­бегендер бір әншінің сәл бір нотадан ауытқығанын байқаса,  бітті, ол әншіні жоқ­қа шығаруға дайын тұрады. Меніңше, олай дейтіндердің өзі – жанды дауысты тыңдай білмейтіндер. Мәселен, көптеген сахнаның, тойханалар мен салтанат сарай­ларының акустикалық, техникалық жағ­дайлары да жанды дауыста ән салуға мүмкіндік бермейді. Кейде өзіміздің де жанды дауыста айтуға мүмкіндігіміз болма­ғандықтан, фоно­грамма қолданатын кез­деріміз болады, бірақ соғұрлы кө­кейімізде «қап, тірі дауыста шырқап жі­берсе ғой» деген құмарлық тыныш таптырмайды. Бірақ қалай шырқайсың, егер бір микро­фонның дауысы екіншісімен бірдей шық­паса, оны қадағалайтын дыбыс оператор­лары жоқ болса?! Сол үшін қандай да бір желсөзге ерік бермей тұрып, осы тарапта сауаттанып, түсінік қалыптастырып алу керек бізге.


– Әйтсе де қоғам тек ондай мұрын шүйіруге ғана шамасы жететіндерден ғана тұрмайды, «МузАрттың» интернет сайтының ашылуы сондай талғам-таразысы биік жандар мен жанкүйерлеріңіздің талабынан туындаған іс деу керек. Батысты айтпағанда, Ресейде сіздер секілді танымал топ, жұлдыздар жайлы әлдеқашан арнайы фильм түсіріп, кітап шығарып қояр еді. Бізде осы он жылда «МузАрт»  жайлы кітап жазсам деген қаламгер, фильм түсірсем деген режиссер табылды ма?
– Негізі, «МузАрттың» басқан әрбір қа­дамы демесек те, көптеген концерті т.б. таспаға түскен. «Әттеген-ай, қап, мына жерде камераның болмай қалғаны-ай» деген де тұсымыз аз болған жоқ. Сол қолда бар біршама дүниені жинақтап, фильм жасау көптен ойда жүр. Онда біздің әу баста қалай бас қосқандығымыз жайлы өз естелігімізбен қатар, көпшілік жұрт, зиялы қауым, өнер тарландары арасында «МузАрт» кім» деген  сауалнама жүргіземіз, бұйырса. Мейлі, онда біреудің сыны да жүруі мүмкін, бірақ ол да біз үшін маңызды. Ал кітап жайлы айтсақ, болашақта «МузАрт» жайлы  естелік-эссе жазуды қол­ға алып жатсам, таңғалып, таңдай қақ­паңыз (күлді). Жазу қолымнан келетін сияқты, негізі. Бала кезімнен кітапты көп оқи­тындардың бірімін. Тек кейіпкерлерін шатастырып алатыным жаман  (күлді).
– Кейінгі кездері on.kz сайтында жеке блог жүргізуіңіздің өзі сіздің бір үлкен дүние жазуыңызға дайындық шығар, бәлкім?
– Жаһандану заманында ғаламтордың мүмкіндігі мен оңтайлы жағы көп қой. Оның үстіне электронды поштаны біреудің атынан біреу ашып ала беретін заман болды ғой. Сәкен Майғазиев деген атпен іздесеңіз, дәл қазір 20 шақты «әлем» бір-ақ шығады. 
– Соның ең құрығанда біреуі өзіңіздікі ме?
– (күлді) Тіпті екеуі менікі, оны (логин) мен тек өзіммен тығыз қатынаста болатын өздеріңіз секілді журналистер мен аран­жировка жасайтын музыканттарға, ақын, сазгерлерге, дос-жараныма ғана беремін. Менің on.kz-ке тіркелгенім де, бір жағы, сол, ол жерде менің жіті қадаға­лауымда екенін бәрі біледі. Блог жүргізу арқылы мен жеке ой-толғанысымды ортаға салып, сауалнама жүргізе аламын.
– Кейінгі кезде «Мейрамбек «МузАрттан», тіпті әннен кетіп қалады екен», сол сияқты «Болат жеке шықпақшы» деген сөздер кезіп жүр. Осының қайсысы өтірік, қайсысы шын? Сондай ақ «МузАрт» тобы «Досмұқасан» не «Ялла» секілді шаштары ағарғанша топты сақтап қалады деп сенімді түрде айта аласыз ба, қандай да бір келісімшарт бар ма осы тұрғыда?
– Батыстық шоу-бизнесте жұрт аузын­да жүру үшін әдейі қара пиар таратуды үрдіске айналдырған, Алла сақтасын, «МузАртта» ойдан жасалған нәрсе болған емес.  «Жел тұрмаса, шөптің басы қимыл­дамайды» деп қазақ тегін айтпаған. Әлгін­дей сөздер­дің шет жағасы дұрыс. Мысалы, Болат шын мәнінде «МузАрттан» кетті. Өзі сондай иманды, ибалы жігіт, айта алмай ұзақ жү­ріпті. Ұлықпан ағамыз келіп: «Ба­лам жеке шығармашылығын дамыт­қысы келеді екен, баталарыңды бе­рің­дер, сен­дер­ден рұқсат болса...» – деді. Біз де ақ жол тілеп, жібердік. Бізде ешқандай біреуді еріксіз байлайтын құжат та, ондай пиғыл да жоқ. Бәрі адамгершілікпен жа­салады. Мейрам­бектің айтуынша, ол  өнер­ден кетпейді, ол жағынан қорықпай-ақ қойы­ңыздар, өзінен де сұрап көріңіздер. Ал енді кепілдік мә­селесіне келсек, ертең не болары тек бір Аллаға ғана аян. Біздікі тек арман ғой.
– Қазір әншілер т.б. өнер адамдарының көбі жайнамазға жығылып, Алласын танып жатыр. Солардың ішінде жүре келе, «ән – харам» деп сахнадан кетіп жатқандар бар, осындай жағдай сізді алаңдатпай ма?
– Алланың ақ жолында жүрген өнерлі жастарымыз  баршылық, шүкір. Мысалы, «melomen»-дік бауырларымыздың бағы­ты дұрыс: әрі иманды, таза жүреді, адам­гершіліктері қандай ол жігіттердің! Со­нымен қоса олар  заманауи стильде де тал­­­­ғаммен киіне біледі. Алланы насихат­тайтын әндерді де, таза эстрадалық әндерді де кәсіби дәрежеде орындайды, бір сөзбен айтқанда, алтын орталықты ұстанып жүр. Негізі, тек әншілердің ғана емес, жалпы қазақтың түрлі сенімдер жетегінде кеткені мені қатты алаңдатады.
– «МузАрттан» тыс жеке әндеріңізді тыңдап жүрміз, әсіресе Нұрғиса Тілендиев, Тұманбай Молдағалиевтей классик ағалары­мыздың «Құстар әнін» сіздің орын­дауыңызда тыңдағанда «ән өз орындаушысын енді тапқандай» деушілер бар. Сәкен Майғазиев ретінде жеке ән жинағыңызды шығару жоспарыңызда бар ма?
– Бар күш-жігерімді бірінші кезекте «МузАртқа» салғаннан кейін бе, өз шы­ғармашылығыма аса көңіл бөлмеппін. Соның өзінде ара-тұра жеке әндер жазы­лып жатты. Мысалы, жеке күйтабақ шығару үшін кем дегенде 17-18 ән керек, 12 әнмен де шығарып жатқандар бар. Бұрынғысы, кейінгісі бар, 30-ға тарта ән жиналып қалыпты. Екі диск шығарсам деп жүр­генмін, қызық болғанда, таяуда маған біреу «күйтабағың құтты болсын» деп қоңырау шалып тұр. Қапелімде естіп, аң-таң болып қалдым. Бастапқыда менің келі­сімім­сіз жасаған «қарақшыларға» қарным ашты, артынан «е, демек, менің әндерімді көпшілік керек еткен, сұраныс болған соң, жасаған ғой» деп қайта қуандым. Ренжіген күнде де бәрібір табылмайтын «қарақ­шылар» ғой олар. Бірақ алдағы уақытта сапасы жоғары, лицензияланған жинағым­ды өз қолыммен шығарғым келіп жүр.
– Қазақ эстрадасымен қатар, елімізде Мақпал Исабекова, Иван Бреусов, Дильназ Ахмадиевалар секілді қазақстандық әншілер де бар. Арада бір алшақтық байқала ма әлде «илегеніміз бір терінің пұшпағы ғой» деген түсінік басым ба? Сондай-ақ халықаралық байқауларға қатысып жүрген эстрада өкілдері жайлы ойыңыз қалай? 
– Бұрыннан бір іштей тілеп жүретін тілегім бар еді, ол – Қайрат Түнтеков ха­лық­аралық байқауға қатысса екен деген ой. Өткен жылы Қайрат «Новая волнада» шырқады. Әрине, оған өз мүмкіндігін көр­сетуге толық мүмкіндік берген жоқ, славян­дықтардың шовинизмін білеміз ғой. Тіпті Қайраттың шеберлігін көрсе­тетін,орындап жүрген французша әнін де айтқызбай, қысым жасап, барынша дауыс мүмкіндігін көрсетпейтін ән бергенін іштей сеземін. Қайраттай қазақтың қаршадай ғана бала­сының поп-музыка королі Майкл Джексон­ның әнін еркін орындайтынына риза боламын. Кейбір үлкен кісілердің соған қарсылық білдіріп, сыртынан түрліше сөз айтатындарын түсінбеймін. Қайрат – өз бағытының биігінде. Оның домбырамен дәстүрлі ән салып тұрғанын елестете ала­сыз ба? Ал енді орыстілді, қазақтілді болып бөліну жоқ емес, бар, бірақ бір кездегідей емес, қазір қазақ эстрадасының орнын, рөлін көпшілігі мойындайды. Қазақ өнері өркендей берсін! 
– Әңгімеңізге көп рақмет, шығармашылық табыс тілейміз!

• Күлеміз бе?
«Виртуалды Сәкендердің» бірі әлемдегі барлық досына «егер менің шын жанкүйерім болсаң, телефоныма 500 теңге сала сал» деп спам таратыпты. Естігенде «тым құрыса, мың теңге сұрамады ма екен...» деп күлдім.
• Айтпайын десең...
Үйінен жаназа шығартпайтындар, әке-шешесіне қарсы шығатындар, келінге сәлем салдырмайтындар, тіпті еліміздің туын көтертпейтіндер көбейіп кетті ғой. Атам қазақ «Отанды сүю – иманнан» дейді. Ал әлгіндей ту ұстатпайтындар – меніңше, біздің елімізді іштей ірітуге, қазақтың ұйыған бірлігін бұзуға әдейі жымысқы саясат жүргізуші, жат пиғылды сектаның құрбандары.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста