Сакен Майғазиев, әнші: Клипсіз-ақ жұрттың жүрегін жаулап алуға болады.

Қазақ эстрадасының көшін бастап келе жатқан «МузАрт» тобына деген көпшіліктің ризашылығында шек жоқ. Үндері үндескен үштіктің өнерін жоғары бағлайтын көрермен қауым олардың жаңа әндерін әрдайым асыға күтеді. Сағына күтеді. Олардың репертуар таңдаудағы талғампаздықтарына да айтар уәж жоқ. Олардың орындауындағы әрбір ән жүректердің төрінен орын алады. Сезім қылын шертеді. Әсем ән әлемінде әлдилейді. Осыдан да болуы керек олардың «әттеген-ай» дегізген кездері жоқ. Тілеулестері олардың әрдайым биіктен көрінуін тілеп отырады. Күні көп түсетін өлкеге атбасын жиі бұруын тілейтіндер де жоқ емес. Тілек қабыл болған сықылды. Айтпағымыз көрерменін қуанышқа кенелткен топтың мүшесі Сәкен Майғазиевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

- МузАрттың үлкен сахнада жүргеніне де 15 жылға таяп қалыпты. Ансамбльдің құрылғанына 10 жыл толғанда қалай атап өткендеріңіз есімізде.. Жалпы жанды дауыспен ән айтудан шаршаған жоқсыздар ма?
- Жанды дауыспен ән айту өте күрделі дүние. Оған ұзақ уақыт дайындалдық. Қазіргі шығып жатқан жастардың қолынан келе бермейді. Әйтпесе бәрі жанды дауыспен айтқысы келеді. Бүгінде тек «МузАрт» қана жанды дауыспен айтып жүр деуге болмайды. Жас таланттар көп. Бұл заңға кіргізетіндей, Мәдениет министрлігіне ұсыныс түсіретіндей мәселе емес. Фонограммамен айтатындар айтып жүре берсін. Қазір халықтың көзі ашық, ақтың ақ екенін, қараның қара екенін айыра білетін дәрежеде. Кейбір елдерде жанды дауыспен айтқанды қаламайды. Енді біреулер «тірілей» айтқанды ұнатады. «Фонограмма жойылсын» деп бірден кесіп-пішіп, талап қоюға болмайды... Біраз жыл болды тобымыдың толыққанына. Енді топ жәй ғана топ емес, вокальды-аспаптық ансамбльміз. Ортамыз кеңейді. Қазір көпшілік сүйемелдеуші әрбір аспаптың дыбысын ұмытып барады-ау деген күдігіміз басым. Шынайы дыбысты ансамбльдің қадірін түсінетін кез де келер. Бізге деген тыңдарманның талап-тілегі де күшейді деп ойлаймын. Биік белеске көтерілдік екен деп бір орында тұрып қалу бізге жат. Бүгінгі қазақ эстрадасында тыңдарманын тауып, көпшіліктің көңілінен шыққан әндер келешекте де жасампаз болуы үшін бүгін талмай талаптанып, тер төгіп еңбектенуді қажет етеді. Бүгін жасындай жарқ етіп, жұлдыздай жарқыраған ән, не болмаса әнші ертеңіне ешкім естімегендей жоқ болып кетіп жататыны жасырын емес. Әр әннің, әр әншінің бағасын беретін халық пен төреші уақыт. Әркім ұмытылып кетпеуі үшін, ертеңі үшін еңбектеніп, жүректерге жол таба білуі тиіс. Сондықтан да оның өнері ертеңгі күнге асыл мұра болып қалмақ. Бүгінде жарқ-жұрқ етіп қаншама ақшасын сарп етіп, мыңдаған ақшаға клип түсіріп жатқандар бар. Клипсіз-ақ танымал болуға болады. Жарнамасыз-ақ, клипсіз-ақ жұрттың жүрегін жаулап алуға болады. Шын талантқа шынайы бағаны халық береді. Шүкір, қазір көпшілік асыл мен жасықты ажырата алатын дәрежеде. Қазақ өнерінің алға жылжуы үшін, биіктерді бағындыруы үшін көп еңбектеніп жатқанымыз жалпақ жұртқа аян. Заман талабына жауап беретін аспаптар алу, студия ашу көп қаржыны қажет етеді. Мұның бәрі де өнерді сүйгендіктен, өнерге адалдық танытқандықтан. Әйтпесе біздің арамызда сахна арқылы олигархқа айналамын деген ешкім жоқ. Шүкір, қазір қазақ эстрдасының керегесі кеңейіп келеді. Оған атсалысып жүрген таланттыларымыз бен талаптыларымыз аз емес. Жыл жылжыған сайын қазақ өнері биіктерден көрінуде. Оң өзгеріс басым. Біз бұған қуаныштымыз. Жанды дауысты бағалап, көпшіліктің бізбен бірге қосыла ән айтқаны бізге үлкен медет. Келешек жобаларымыздың керемет шығатынына нық сенім ұялатады... Клиппен ғана танылу жетімсіз. Біз клиппен танылдық деп айта алмаймын. Алғаш түсірген «Сенің көзің» атты ән алғашқы жетістігіміз болатын. Ол кезде қазіргідей дамыған техника жоқ. Осы әнді кассетаның екі бетіне толтырып жазып алып келгенде қатты қуанғанымыз есімде. Одан бері де қаншама әндер жазылды. Талғамсыз жазылды деп айта алмаймын. Халықтың құрметіне қарап жоғары деңгейде жазылғандығына көз жеткізгендейміз. «Өз елім» деген әнге «Қазақстан» телеарнасы клип түсіріп берді. Сапасы жоғары деп айта алмаймын. Дегенмен бұл біз үшін тосын сый болды. «Үш қоңыр», «Не деген көркем едің», «Жүрегім менің» атты әндердің барлығы да көптің көңілінен шықты ғой деп ойлаймыз. Қалқаман Сариннің өлеңіне жазылған Арман Бексұлтанның «Күзгі бақ» әніне түсірілген клипіміздің көпшіліктің көкейінен шыққанына қуаныштымыз. Оның кейіпкерлері фан клубтын мүшелері. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында Ермек Елгезеков ағамыздың режиссерлігімен жүзеге асты... Жастар құлшынатындай қызығушылықты арттыру керек.. Мәселен, «Гремми», «Алтын граммафон», кино саласында «Оскар» сыйлығы беріледі. Сол сияқты ынталандыратындай ән байқауларын жиі ұйымдастырып тұрса.
- Бүгінде қазақ эстрадасының бел ортасында емес, көш басында жүрсіздер. Орындауларыңыздағы әндер тыңдарманның жүрегін әлдеқашан-ақ жаулап алған десек қателеспеспіз. Репертуар таңдау қиынға түспей ме? Танымал топқа әнін ұсынатындар көп шығар?
- Ән таңдағанда композитордың атақ дәрежесіне қарау деген бізге жат. Бастысы әннің бізге ұнағандығында. Ертеңгі күні халықтың жүрегінен орын ала ма? Толғандыратыны осы. Әнім де ертерек танымал болса екен деп бізге ұсынған әннің бәрін орындай берсек осы уақытқа дейін оннан астам альбом шығарып қояр едік. Шынын айтқанда таңдауға көп мән береміз. Әннің мәтініне, әуеніне ден қоямыз. Көңілімізден шықпай жатса автормен келісіп, түзететін де кездеріміз болады. Ойлайтынымыз тек қана жақсы шықса екен. Кейбіреулер тіпті көше әндерін де орындап жүр ғой. Олардың бәрі нашар деуден аулақпын. Көше әндерін де түзеп, күзеп әдемі айтып жүргендер бар. Алайда біз ұйқастары талғамсыз, әуені дөрекі әндерден іргемізді аулақ салуға тырысамыз. Қаншама төккен тер, еткен еңбек, жиған абырой далаға кетпес үшін әлі де іздене түсуіміз, әлі де таңдауға көп мән беруіміз қажет. Кейде кейбіреулер жақын-жұрағаты, жұмысы жайлы жазылған әндерін ұсынады. Ақша ұсынатындары да жетерлік. Мәселе ақшада емес. Ол ән көңілден шықпаса, талғам таразысын төмен тартса қалай қабылдайсың?
- «Музарттың» репертуарында ескі әндер көп» деп сын айтатындарға не дейсіз?
- Ежелден келе жатқан ескі әндер өшпеуі тиіс. Оны жаңғыртып халыққа ұсынатын әншілер. Ескінің бәрін ессіз деп те ешкім айта алмайды. Ол әндерді қазіргі заманға сай етіп өңдеп жастардың жүрегіне жол табатындай етіп бере алсақ біздің ұтқанымыз. Ол әндердің де өз тыңдаушылары бар. Ал, дәстүрлі әндерді мүлде тыңдамайтындар бар.
Оны да қазақы нақышпен эстрадаға салып біз жеткізуіміз керек. Ол біздің парызымыз. Кез-келген ән халықтың жүрегіне жетуі керек. Репертуар таңдауда үш ақ адам емес, бір ұжым таңдайды. Продюссеріміз Арман Бексұлтан. Оның әндерін тек біз ғана емес әйгілі әнші апаларымыз Роза, Мақпалдар орындап жүр. Көбіне ән таңдауға келгенде осы кісімен санасамыз. Өңдеуге ыңғайлы болуына, халыққа жетуіне жан-жағына қарап саралаймыз. «Пәленше тапсырыс беріп еді» деп асығыс үсігіс дайындау деген бізде болмайды.
- Гастрольдік сапарларға көп шығасыздар. Бала тәрбиесінде әкенің алатын орны ерек екені белгілі. Тәрбиеден тыс қалдым деген өкінішіңіз жоқ па?
- Енді өнер айдынында жүргеннен кейін бос уақыт бола бермейтіні рас. Бүгін елде болсақ, ертең шетелде концерт қою керек дегендей. Ебін тауып бәріне де үлгеруге тырысамын. Өзімді үлгілі отағасымын деп есептеймін. Кім өзін жаманмын десін? Әнші қауым түздің адамы емес пе? Сыртта көп жүрсек те балаларымның тәрбиесін назарымнан тыс қалдырған емеспін. Телефонмен байланысып, әрдайым хал-жағдайларын біліп тұрамын. Бос уақытым болып жатса балаларымның қасында өткізгенді жақсы көремін. Ғалым деген журналист ағамыз: «Қыздар от сияқты лаулап тұрған жігіттерге ғашық болады. Тұрмысқа шыққан соң сол отты өшіруге асығады» дейді. Өте орынды айтылған. Кейбір жігіттер әйелдерінен қашып пысып жүреді. Ондайдан сақтасын. Түсіністік керек қой. Бұл жағынан алғанда өзімді бақыттымын деп айта аламын.
- Топтың қаржылық мәселесімен сіз айналысады дейді...
- Әкімшілік жұмыстармен Ерлан Жүнісбай және Данияр Қожан айналысады. Біреуі салтанатты іс шараларды, той мерекелерді ұйымдастыру жағымен айналысса, екіншісі концерт ұйымдастыру, алыс жақын шетелдерге шығу мәселесімен айналысады. Топтың қаржылық мәселесімен мен айналыспаймын. Әркім өз шаруасымен ғана айналысады. Менікі тек қана ән айту.
- Ауылдастарыңыз сізді «кішкене кезінізде ән айтқанын көп көрмеппіз. Барабанда ойнаушы еді» дейді...
- Кішкене кезімнен соқпалы аспаптарда ойнағанды ұнатушы едім. Ауылда жүргенде гитарада да, домбырада да ойнадым. Маған ұстаздық еткен ағаларыма рахмет айтамын. Манарбек Қойшыбаев, Мақаш Тасыбаев деген ағаларым көп нәрсені үйретті. Мектепте оркестр болатын. Ән айтып бастадық. Кішкенемнен өнерге баулып өсірді. Мектепті бітірген соң Эстрада цирк колледжіне түстім. Одан кейін Өнер Академиясын бітірдім. 8 жылды оқуға сарп еттім. Мектепте жүргенде түрлі музыкалық фестивальдерге қатыстым... Шымкентке келсем қуанамын өзім. Концертке келсек журналистер қауымы қаумалап алады. Жаңалықтарымызды сұрайды. Басқа облыстарға қарағанда мұнда алға ілгерілеушілік бар. «Шымкенттіктердің шығармайтыны жоқ» десе дей берсін. Шығармайтыны жоқ болғаны да жақсы. Ұйықтап жүргеннен гөрі.
- Келешекте жеке шығармашылығыңызды дамыту үшін бөлініп кету ойыңызда жоқ па?
- Жоқ. Қазір бар күшімізді «Музартқа» сарқып жатырмыз. Жеке альбомдар жарыққа шығуы мүмкін. 20 шақты әнге жеткен кезде ән жинағын шығарамыз.
- Бүгінде сізді қандай мәселе толғандырып жүр?
- Жаныма бататыны бірінші – тіл мәселесі. Айта берсең жылап жіберуге болады. Тілдің жырын тыя алмаған сорлы халық екендігіміз өте ұят нәрсе. Айта берсең таусылмайтын мәселе ғой... Қазақ әндерінің насихатталуы нашар. Өнер әлеміндегі көп дүниелер насихатсыз. Ауылдағылардың нашар халі. Барып концерт қояйын десең мәдениет үйлері жоқ ауылдар бар. Рухани кедей осындай ауылдардан шыққан жастардың келешегі қандай болмақ?
- Өнер әлемін өрге жүздіріп жүргендердің басым бөлігі ауылдан шыққан. Солардың көбісі өзінің туған ауылына демеушілік жасап, көмек көрсетіп жатады. Өз туған жеріңізге қандай шапағатыңыз тиді?
- Қазіргі сәтте менің қолымнан келетіні елімізде өтіп жатқан іс шараларға атсалысу. Әркім көрпесіне қарай көсіледі ғой. Асып тасып бара жатқан дүнием жоқ. Жүзеге асырсам деген мақсаттарым көп.
- «Музартқа» еліктеп топ құрғандар көбейді. Енді шәкірт тәрбиелеу ойларыңызда бар ма?
- Өзім «До Мажор» тобына жетекшілік етіп жүрмін. Мейрамбектің өзінің үш домбырашыдан тұратын тобы бар.
- Сұхбатыңызға рахмет! 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста