Әміре атамыздың алғаш қазақ әнін Парижде әуелетуі қандай ұлы оқиға болса, күні кеше Алматыда Алаш жұртшылығы үшін дәл сондай маңызды мәдени оқиға орын алды. Шыңғыстаудың баурайында туып, Қазақ елі, қала берді шығыс ғұламасы деңгейіне жеткен Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларынан жазылған симфония тұңғыш рет қажының туған жерінде орындалды. Туындыны Алаш азаматы, өзі де ақынның текті әулетінен болып келетін Медғат Құлжановтың тапсырысы бойынша сонау Тұманды Альбионда ағылшынның ең атақты композиторы Карл Дженкинс жазып шыққан.
Әлі Алаш баласының құлағына жетпей тұрып, бұл туындыны осыдан екі жыл бұрын 2010 жылы қазанның 31-інде ағылшын астанасындағы Royal Festival Hall-да Лондон филармониялық оркестрі орындап, әлем көрерменін тамсандырған болатын. Және бір сүйсінерлігі – сонда 2900 орындық зал ағылшын қауымына лық толып, қазақ мерейінің үстем болғаны. Бұл жолы да Республика сарайының атшаптырым залында ине шаншар жер қалмағаны өз алдына, ақын, сазгер, ойшыл Шәкәрім шығармаларынан құрастырылған жаңа заманауи микс туынды қазақ өнеріне айтарлықтай тың жаңалық әкелді.
Толқын ЗАБИРОВА, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Марат Бейсенғалиев – кәсіби скрипкашы ретінде қазақтың атын жер дүниеге танытқан тұлға, мен де ол кісінің сол өнерін жоғары бағалаймын. Ал «Шәкәрім» туындысына келсек, өз басым екіұдай күй кештім. Бұл өзі кантата секілді кесек туынды болды: құрамында хор да, солистер де, ритм группасы да, симфониялық оркестр де бар әрі өзі де сондай терең, сондай ауқымды болды. Кәсіби тұрғыдан келсек, Шәкәрім туындыларының сөзі жалпақ жұртқа онша жетпей жатты. Қандай да бір шығарма болсын, онда сөз болса, ол сөз міндетті түрде жүрекке жетуі керек. Ал енді скрипка мен домбыраны қосу арқылы унисонмен орындаған партиялары маған ерекше ұнады. Көмеймен айту да қамтылған. Батыста мұндайды «микс» дейді. Бұл – біздің мәдениетімізге әлі сіңе қоймаған тың нәрсе. Дегенмен Шәкәрім симфониясының сондай микс түрінде жасалғаны дұрыс та болғандай. Ал шығарманың увертюрасы, яғни кіріспесінде қазақ мәтініне келетіндей кварто-квинтті иірімдер, гармония, интервалдар молынан пайдаланылғаны маған жағымды әсер қалдырды. Тұтасымен алғанда, жақсы шығарма болған, шынымды айтсам, осыншалық деңгейдегі туынды тамашалаймын деп ойламаппын.
Юрий АРАВИН, музыкатанушы:
– Талдар болсақ, біріншіден, әрине, жаңа симфониялық оркестр құру идеясы тіпті керемет! Себебі ол – тұрақты түрде жұмыс істейтін ұжымға тікелей тәуелді өте күрделі процесс. Дәл осы жағынан алғанда, шығарманы толық қалыптасқан дүние деп айтуға ерте. Бірақ туындының қалыптасуы процесінде бұл – заңдылық та. Мен бұл туындымен алғаш осыдан екі жыл бұрын Лондонда орындалған кезінен таныспын.Бір таңғаларлығы, мұнда «үйлеспейді» деп ойлайтын дүниелер үйлесім тауып тұр. Осы жолғы Марат Бейсенғалиев бастаған музыканттар бестігі сонда да болған. Көпшілік жұрт концертте ортаға шыққан жас орындаушы Мараттың қызы екенін білмейтін шығар. Ол кәсіби әнші емес. Бірақ ол әдейі солай жасалып отыр, яғни ол қыз арнайы этникалық бояу ретінде шығарылып отыр. Лондонда бұл жағдайды ешкім түсіне қойған жоқ, таңғала қабылдады. Дегенмен ол кәсіби әнші болмаса да, ел-жұртты өз даусының ерекше бояуымен таңғалдырды. Ал ең басты мақтан етерлік жағдай – мұнда Шәкәрім жайлы осынау шығарманы жазу идеясының генераторы Медғат Құлжановтың болғандығы. Қазақтың сондай бір меценаты өзінің дүниесін қазақ руханиятын дәріптеуге, Шәкәрімді әлемге танытуға арнап, қазаққа ғана емес, дүйім дүние дәулеттілеріне керемет үлгі көрсетті. Сонау Лондонда жүрген қазақ баласы туған елі, жұртына деген сағынышын осындай ірі ісімен дәлелдеп отыр. Бұл – адамгершілік пен азаматтықтың шыңы. Карл Дженкинске келсек, ол да өз кезегінде өте бір шеберлікпен, нәзік сезімталдықпен келген. Бірақ симфониялық элементтер бар болғанымен, бұл симфония емес, бұл – аратория.
Меценат Медғат Құлжанов тек симфония ғана емес, Шәкәрімнің екі томдық өлеңдер жинағы, әндері жазылған компакт-диск, академик-философ Ғарифолла Есімнің Шәкәрім шығармашылығын талдап, зерттеп, екі тілде жазған екі томдығы мен академик-суретші Мақаш Әлиакпаровтың Шәкәрім тақырыбына арналған сурет-альбомын шығаруға да ұйытқы болған.
Шыңғыс МЕДҒАТҰЛЫ, кәсіпкер:
– Бұл жобаның авторы – менің әкем, ол кісі мұны қаншама жыл армандаған. Кезінде Шәкәрімге «халық жауы» деп жазықсыз жала жабылып, ол кісіге қаншама қиянат жасалғанын білесіздер. Соның кесірінен жарты ғасырға жуық уақыт Шәкәрім мұрасы да «қамауда» жатты. Әкем осы жайға бейжай қарай алмаған азаматтардың бірі ретінде қажы атамызға қандай да бір қол ұшын созуға мүмкіндік алар сәтін тосты. Ол мүмкіндік Шәкәрім атамыздың 150 жылдығы қарсаңында туды да, әкем ақын, ойшыл бабамыздың мұраларын кітап, диск түрінде шығаруға қол ұшын созды. Сонымен тынбай,2009 жылы тағы бір жобаны қолға алды. Ол жылы әкем Марат Бейсенғалиевпен жолығып, Карл Дженкинске Шәкәрім әндерінің жинағын берді. Бір жетіден кейін Карл Дженкинс хабарласып, өзінің әндерді түгел тыңдап шыққанын, мазмұны өте терең философиялық дүние екенін, одан үлкен туынды шығаруға болатынын айтты. 2010 жылы Лондонда тұңғыш рет тұсауы кесілді. Онда халық түгел жақсы қабылдады. Тіпті сол концерттен кейін көптеген шетелдік азамат маған хабарласып, «Шәкәрім шығармалары ағылшын тілінде бар ма, қай жерден сатып алуға болады?» деп аса бір ынтызарлықпен сұрады. Өкінішке қарай, біз оны еш жерден таба алмадық, ағылшын тіліне аударылмаған екен. Сондықтан бүгінде ол жағын да қолға алуға әкем ұйытқы болып жатыр. Бұйырса, алдағы көктем не жазда қолға тиеді деп отырмыз. Ал «Шәкәрім» сюитасы кеше Алматыда қойылды. Шығарманы Шәкәрімнің туған елі, қазағы қалай қабылдар екен деген толқу болды. Көңіліміз жайланғандай. Ал енді осы кеште монитордағы бейнелерде кемшілік кетсе, ол жағынан халықтан кешірім сұраймыз. Себебі бұл мәселемен осындағы жергілікті әкімшілік айналысқан болатын. Оркестр өте керемет орындады, бірақ, өкінішке қарай, ұйымдастырушылар өте үлкен қателік жіберді: классика ойналғанда, ешқашан бейнеролик, тағы сол сияқты арнайы эффектілер қосуға болмайды. Осы жағы кем түсті, бізден кеткен айып болды, көрерменнен кешірім сұраймыз. Алайда ол Шәкәрім шығармасына, тұлғасына селкеу түсіре алмайды.