«Шәй қайнатып берейінші…»

«Шәй қайнатып берейінші…»

– Қалың киініп кел. Сұхбатты далада жазамыз.
– Жарайды…
Күн өте суық болатын. «Бір-ақ нəрсе сұраймын ғой, тоңа қоймаспын» деп ойладым.
– Жұмыстан шықтым. Жарты сағатта айтқан орныңызда боламын, – деп тағы да қоңыраулаттым.
– Айналайын, асүйіміздің су құбыры жарылып кетіпті, соны жөндеп жатырмын. Терлеп тұрмын, үйге кірмесең, сыртқа шыға алмаймын, – деді.
Қуанып кеттім. Дəл сол күнгі аязда далада 15 минут тұрсам, аққала боп қалар едім.
Тура уақытында жеттім. Сыртқы есік ашық. Бақырып жылап, жұбанбай жатқан баланың дауысы үйді басына көтереді. Есігі жабық тұрған бөлменің ішінде кішігірім «соғыс» болып жатқандай. «Батыр» бала қолына түскен затын бет қаратпай лақтырып жатқан сияқты. Көптен бері баланың жылағанын естімегесін бе, аз уақыттың ішінде миым айналып, аузыма түсе жаздады. Қаншама зиялының, ел алдында жүрген ағаларымыздың үйіне сұхбатқа
бардым. Мынадай жағдайға, шыны керек, бірінші рет тап болдым. Ылғи да шоқиып-шоқиып отыратын кемпір-шалға көзіміз үйреніп қалыпты. Алматыдағы кемпір мен шалдар жылаған балаға зар болатын немесе, керісінше, жылаған баладан қашатын сияқты көрінетін. Білмеймін, мына баланың жыласы маған ерекше əсер етті. Ащы дауысы бірте-бірте құлаққа да жағымды естіліп, ішім жылып қоя берді.
– Немерем ғой. Біздің қолда. Астанадан шешесі келген. «Тамақ же» десе, жемейді қырсығып. Əке-шешесін мойындамайды. «Мынау үйімізден тез кетсін», – деп келінімді қуып жатыр. Атасының баласы өзі, – деп еміреніп қойды, мені қонақ бөлмеге бастап келе жатып.
Бөлме көнелеу жиһаздармен жабдықталыпты. Ана бұрышта да, мына бұрышта да ойыншық. Бір қабырға немере салған «шедеврлермен» көмкерілген. Бір қабырғаға ұзын шкаф қойылыпты. Іші толған кітап.
– Менің оқыған, оқитын кітаптарым ғой. Тап қазір мына кітаптармен «ауырып» жүрмін, – деп алдыма Шыңғыс хан туралы жазылған бірнеше еңбекті əкеп қойды. Тарих туралы айтып жатыр. Арасында Шыңғыс хан туралы сұрақ қойып, «емтихан» алып қояды. Негізі бір адам жайында естелік сұрайын деп келгем. Одан бөлек əңгімесін де диктофонға жазып алдым. Кіріспе сөзінің өзі ұзаққа созылды.

Асүйге дейінгі әңгіме
 Мен киноактер Нұржұман Ықтымбаевтың үйінде отыр едім…
– Бізде актерлар кітап оқымайды деген ұғым қалыптасып қалған ғой, – дедім сөзді тізгіндегім келіп.
– Иә, дұрыс айтасың және актердың көбі оқымайтыны да шындық. Оқымысты актерлар санаулы-ақ.
– Қане, санамалап көрейікші…
– Нұрмұхан Жантөрин керемет көп оқыған кісі. Қасым Жәкібаев та Жантөриннен қалыспады. Театрдан үйіне жеткенше, троллейбуста бір кітапты аударып тастайтын. Шет жаққа түсірілімге барғанда, елдің бәрі дүкенге жүгірсе, Нұрмұхан аға мені сүйреп, кітап дүкеніне апаратын. Базарлыққа тек қана кітап сатып алатын. Шәкен Айманов ағамыз да кітапқұмар еді. Жазушы Оралхан Бөкей: «Мен сонша уақытымды құртып қайтем, менің орныма Сағат оқып, айтып бере салады», – дейді екен ғой, көршісі әрі досы Сағат Әшімбаевқа арқа сүйеп. Сол сияқты Шәкен аға: «Әй, мына кітапты оқып, маған айтып берші кейін», – деп қолыма кітап ұстатып  жіберетін. Ағаның тапсырмасымен көп кітап оқыдым және соның пайдасы зор болды. Шәкен Аймановтай адам кез келген кітапты оқи салмайтыны белгілі ғой.
Ташкенттің кітап дүкендерінде әлем әдебиетінің классиктері самсап тұратын.
– Жаныңызға жақын жазушы кімдер?
– Өз басым Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовты ерекше жақсы көріп оқимын әліге дейін. Қазір алаңсыз тарихи дүниелерді оқуға ойыстым. Бұрынғы тарихта оқығандарымыздың бәрі өтірік болып шықты. Бір поляк ғалымының «Тарихта өтіріктің бәрін алып тастап, шындықты қалдырам десең, түк қалмауы мүмкін» дегені бар. Расында солай екен.
– Ерекше кісілігімен, болмысымен есте қалған ағаларыңызды атап бере аласыз ба?
– Көзкөрген актерлардың ішінде Нұрмұхан Жантөрин мен Қасым Жәкібаев қайталанбайтын актерлар. Қалжыңдарының өзі өте мәдениетті болатын. Адамның беделін өсіріп қалжыңдайтын. Қазіргі ақсақал актерлардың көбінде ірілік жоқ.
   Ресейдің 20 шақты, қырғыздың 5-6 киносына түстім. Италия, Франция, Польша, Голливудтың киноларына шақырылған тұңғыш қазақ актері мен боламын. Маған ел «осы сізде арман жоқ шығар» дейді. Менің арманым –  Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаңбаевтарды қайтадан тірілтіп әкелсе ғой, кино алаңының шаңын шығарар еді. Шетелдің фильмдеріне түсіп, қазақтың атын асқақтатар еді. Арман деген өзі орындалмайтын  дүние екен. Сондықтан мен алдағы ғұмырыма жоспар, мақсат қойып өмір сүремін.
– Тимур Бекмамбетовпен хабарласып тұрасыз ба?
– Тимур Бекмамбетовтің кейінгі жұмыстарын көріп, көңілім қалды. Мен онымен «Дневной дозорда» бірге жұмыс істеген адаммын. «С легким паром» мен «Особо опасенді» көріп, қолымды бір-ақ сілтедім. Екеуінің де кино сиқы жоқ. Қазір Бекмамбетов режиссер ретінде таусылған. Басқаларды жалдап, өзі продюсер болып отыр. Режиссерлерді екіге бөлуіміз керек: бірі – Құдайдан режиссер болып жаратылғандар, екіншілері – технарь режиссерлер. Бірінші топқа Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Геннадий Базаровтарды жатқызуға болады. Бекмамбетов екінші топқа кіретін режиссер.
– Өзіңіз жақсы көрген ағаларыңыздың ұрпағымен хабарласып тұрасыз ба?
– Нұрмұхан ағаның қызы Жанна қайтыс болып кетті. Одан Нұржан деген бала бар. Қасым ағаның соңында жары мен аурушаң ұлы қалды. Ол баламен сөйлесіп те жарыта алмайсың. Мен әлі ат үстінен түспеген актермін. Шетелде, республиканың түкпір-түкпірінде түсірілімде жүремін. Сондықтан, іздеп, хабарласуға мүмкіншілік бола бермейді.
– Қазақ өнерінде тағдырлы актерлар деп кімдерді атар едіңіз?
– Жаным-ау, әр адам өз тағдырына ие. Біреудің тағдыры қиын болды, өмірден орнын таппай кетті деп айтайын десең, тексере келгенде ол адамның өзі кінәлі болып шығады. Егер көп оқып, әрқашан сығылып, жазылып тұратын серіппе сияқты болсаң, қартайғанда да саған киноға түсуге жалынып кеп тұрады. Алысқа бармай-ақ, Құман Тастанбековті алайықшы. Төлегеннің рөлінен кейін елдің алдында керемет беделге ие болды. Кейін онша-мұнша киноға түсе алмай қалды. Киноға шақырылмады емес, жиі шақырылды. Бірақ, өзі әрнеге үйірсектеу болды. Түсірілім кезінде кешігіп қалса, жұмыс процесі өнбейді. Мұндайдан режиссерлер ығыр болады. Жасырары жоқ, біз де жас кезімізде думандаттық. Бірақ, түсірілім алаңына бәйгеге салатын аттай болып келетінбіз. Актерлық өнер – бақсылық. Оның қадірін білмесең, ұшып кетеді. Шетелде қызық: киноға түсуге келісім-шарт жасағанда, міндетті түрде «ішімдік ішесің бе?» деген сұрақ болады. «Жоқ» деп жазып, түсірілім кезінде бір тамшы ұрттап қойсаң,  қаламақыңның белгілі бір бөлігін алып қояды. Өйткені, келісім-шарт бойынша уәдені орындамаған болып шығасың.
– Отандық сериалдарды қарайсыз ба?
– Анда-санда көріп қаламын. Қарным ашады. Жап-жақсы актерлар сериалда ойнап жүр.
– Сонда сіз үшін қазіргі жақсы актерлар кімдер?
– Болат Әбділманов, Айдос Бектеміров, Дулыға Ақмолдалар… Дулыға өте мықты актер. Бірақ, режиссерін таба алмай жүр. «Тағдыр» деген сериалға түскенін көріп қалдым. «Қалай ойнап жүр екен?» деп бақыладым. Режиссермен жұмыс істемегені көрініп тұр. Ондай потенциалы мықты актердың жанын шығартып тұрып ойнату керек қой. Сосын «Қара шаңырақ» деген сериалда ойнап жүрген Дәурен Серғазин де жап-жақсы актер. Мысалы, Қожанасырдың рөлін қалай шебер ойнады?! Бірақ сол бала да құрып бара жатыр. Сериалдың өзінің актеры болады. Шетелдік сериал түсіруші компаниялардың актерлары бар. Мысалы, үлкен көркем фильмге түскен актер ешқашан сериалға түспейді. Тагава, Боло Янг, Джон Лилердің сериалда ойнағанын көрдің бе? Сериалдың характері, жүйесі бөлек көркем фильмнен. Біздің сериалдарға кәсіби актерлармен қатар, кез келген адам түcе береді.  Журналистер де сериалда жүр. Ал актер деген жанындағы партнеріне қарап өседі.
– Сіздің армандаған рөліңіз болды ма?
– Жоқ, мен армандамаймын. Мысалы, мен өзім пір тұтатын Шыңғыс ханды Италияда ойнадым.
– Біз ол фильмді  неге көрмедік?
– Біткен, дап-дайын фильм. Ағылшындық продюсер мен итальяндық режиссер  келісе алмай, есіл еңбек зая болды.
– Қазақтың киносында шеттен келген актерлардың ойнағанына қалай қарайсыз?
– Мен оған дұрыс қараймын.
– Сырттан келгендер ойнаған «Көшпенділеріміз» бен «Мұстафа Шоқайымызды» сынадық қой. Намыстанбайсыз ба сонда мұндайға?
– Бұл мамандықты ұлтқа бөле алмайсың. Егер мықты болса, сол образды аша алса неге шеттен шақырмасқа? Бірақ, сөзіңнің жаны бар – Мұстафаны ойнаған Болат Бейшенәлиевтің баласы өте нашар актер. Әншейін ғана типаж, жүрген бір «красавчик». Мұстафаны ойнауға терең актер керек.

   – Ермек Тұрсыновтың режиссерлігі ұнай ма сізге? Қайбір жылы «Келіні» Оскардың тоғыздығына ілігіпті дестік…
– «Келін» Оскардың тоғыздығына ілікті дегенге ешқашан сенбеші. Оскардан садаға кетсін «Келін». Оскар сыйлығы ойыншық деп кім айтты? «Келін» жайында Оскар әпсанасын шығарып жүрген біздің журналистер. Мұндай фильмдерді Оскар босағасынан сығалатпайды. «Келіні» де, «Шалы» да қазақты қорлайтын фильмдер. Голливудтықтар көк ми  емес. Ермектің киносына түспек түгілі, «Сен қазақ емессің, қазақтан өшін ала алмай жүрген жаусың!» деп бетіне айтқам. Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан мінезін, болмысын кері айналдырып береді. Мысалы, «Шалда» шал адасып кетеді. Туған ауылында адасқан қай қазақты көрдің? Жылқының табиғатын білмейді. Тізгінді бос ұстап, атты жіберіп қойсаң, ол үйін өзі-ақ тауып келеді. Құртымтай баланың атын Шайтанбек деп қояды. Қай қазақ немересін Шайтанбек дейді? Сайда құлап жатқан атасын немересі аттың үстіне қалай мінгізді? Ағаш шана тауып, соның үстіне жатқызып әкелсе сенуге болар еді. Оның бар ойы – шетелге апарып қазақты мазақ ету. Жанна Исабаева деген де солай, режиссер емес.
– Тәуелсіздік алғалы бері қазақ киноларының ішінде қандай кино сіздің көңілден шықты ал?
– «Сталинге сыйлықты» өзім түскен соң жақсы деп айтып отырған жоқпын. «Дүние жарық» та айтары бар фильм. Көзі көрмейтін шалдың рөлін сомдаймын. Теміржолдың қауіпсіздігін аяғымен билеп жүріп тексеремін. Шетелдіктер бұл фильмдерді өте жақсы қабылдады. Өйткені, адамдар боевиктен, фантастикадан шаршаған. Демалып көретін драманың көрермендері көбейе бастады. Пусан фестивалі «Сталинге сыйлықпен» ашылғанда, сол елдің президентіне дейін бізге құрмет көрсетті. Бұған Тұрсыновтар сияқты шуылдап сұхбат беріп, мақтанған жоқпыз.
Ел көп мақтаған «Біржан салдың» актерларының рөлі ұнады. Біржанның бәйбішесін ойнаған актриса фильмдегі ең шоқтығы биік көріністі көрсетеді. Сондай нанымды ойнаған. «Әттеген-айы» – Біржанды алпысқа келген Досхан ойнамауы керек еді, одан гөрі жасырақ актерге бергені жөн еді. Біржан қырықтан асқаннан кейін жынданып кеткен ғой. Осындай аздаған кемшілігі болмаса, жаман фильм емес.
– Аға, немереңіз тым ерке сияқты… Бала жылаған үйге де қызығып қарайтын болдық қой, мына заманда. Үйдегі билік балалардың емес, сіздердің қолда ғой деймін…
– Мына үйді жаңа сен келе жатқанда, келінім жинап қойған түрі. Немерем екеуміз үйшік жасап, небір ойынның түбін түсіреміз. Ат қылып, мені мініп алады кейде. 1966 жылы шаңырақ көтердім. Шолпан деген қызды мың жарым қыздың ішінен таңдап алдым. Тұңғышым Ермек техникалық университетті бітірген. Қызым Лаура Жүргеновте оқыды. Керемет әншілігі бар. «Абай» фильмінде Қодардың келінінің рөлін ойнаған. Бірақ, содан кейін кинодан  көңілі қатты қалып,  өнерді тастап, жеке кәсіппен айналысып кетті. Жылжымайтын мүлік саудасымен айналысады. Одан Азия деген жиенім бар. Нью-Йорк университетін бітірген. Чехияда сол университеттің филиалында мұғалім болып қалып қойды. Кенже ұлым Батыржан – полковник. Астанада тұрады. Қорғаныс министрлігінің бір бөлімін басқарады. Үйде жылап жатқан Нұрасыл деген немерем соның баласы. Біз қолымызға алып алғанбыз.


Қонақ бөлмесінен шыққанда
   Диктофондағы уақытқа қарасам, 1 сағат 30 минуттық жазба басылыпты. Жоғарыдағы әңгімеден басқа бір адам жайында естелік және бар. Негізі ұзақтау отырға-нымды өзім де сездім. Бірақ, ол кісінің өзі сөйлегісі келсе, қашып кетпеймін ғой.  1 сағат 30 минуттың соңында сол үйдегі апа килікті сұхбатымызға.
– Жұмысың жайына қалды ғой. Тезірек бол! Неше сағат сөйлейсің?!
– Шолпан, мына қыздың отбасын сұрасам, үйінде он ағайынды екен. Қандай жақсы, иә… Әке-шешесі біз қатарлы адамдар екен.
– Ааа… бопты. Қайтар енді!
– Иә-иә… жұмыс көп еді… Қызым жаңа суретке түсіргісі келген еді…
– Мен түспеймін, өзің түсе бер!
Екеуінің диалогы осындай болды. «Ұялған тек тұрмастың» кейпімен өзім жақсы көретін актермен естелікке суретке  түстім.
– Қызым, үлкен ағаңның үйіне келдің ғой, ең болмаса нан ауыз тиіп кет! Асүйге жүр.
– Ой, там же  беспорядок! Қойшы осындай ауылбайский приличияларыңды!
Мына сөз дүрс еткізіп төбемнен қойып қалғандай болды. Асүйге кіріп кеткен менің актерім бәрібір қояр емес. «Нан ауыз тиіп кетсеңші» дейді. Ал оған кемпірі көнер емес. Аяқ киімімді киюдің әуресімен жүрген мен:
– Аға, әуре болмаңыз, рахмет. Мен өте асығыс едім, – деймін.
– Айналайын, келіп тұр. Әкеңе сәлем айт. Ағамды көрдім дерсің. Аман бол, жаным! Бүгін құбыр жарылып…
Оның дауысы кешірім сұрағандай естілді. Соңына дейін тыңдағым келмеді. Тезірек қоштасып, үйден тез-тез шыққанша асықтым. Жүзіне де қарамадым. Жүрегімді аядым…
Біз асқақ көрген ағалардың әйелдерінің жанында ыңғайсыз жағдайға қалып қойғанын талай көрдік. Тап осындай жағдай Асанәлі Әшімовтің үйіне барғанымызда алдымыздан шығып еді. «Үйден дәм тат» деп бір уыс мейіз бен кепкен өрік берген сонда үлкен актер. Ал, тізеден жоғары көйлек киіп сәнденген жас жеңгеміз Асағамызды асықтырумен болған. Марқұм Қалиқан Ысқақтың үйіндегі Дәмеш апамыз да (марқұм) ерінің әр сөзіне жағаласып отырушы еді. Қалихан ағаға бір сұрақ қоя қалсаң, апамыз: «Ол сұрақты бізге қойма. Ол бізге жау», – деп киліге кететін. «Ей, қойсаңшы! Араласпа!» – дейтін Қалағаның сөзіне құлақ аспайтын. Әр барғанымда білегіндегі тыртықты көрсететін. «Жадыра, мынаны көрдің бе? Мұны пәлен деген ақынның әйелімен ұрсысып қалғанда, мені жұлған, соның тістеп алғаны», – деп отыратын.  Біз ойлағандай: зиялылардың әйелдерінің барлығы зиялы болмайды екен ғой.
Жасы жер ортасына жеткен Шерхан Мұртаза мен Ақбілек жеңгей ажырасайын деп  жатқанда, бір журналист үйлеріне бара қалыпты. «Жеңгейдің жұлқынып, заттарын буып-түйіп жатқанын көріп, жүрегім сыздап кетті. Сол сәтте бәрін қойып, Шерағаның үйінде қалып, ас-суын дайындап бергім келіп кетті», – дейді әріптес. Осындай жағдайларды естіп, көргенде: «Сізге өзім-ақ қабақ шытпай, шәй қайнатып берейінші» деп айтқың келіп тұрады екен еріксіз…

 Жадыра НАРМАХАНОВА
(«Ақ желкен», №3. 2015 жыл)

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста