Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ы түсірген толықметражды «Сағадат Нұрмағамбетов. Соңғы сұхбат» атты деректі фильмі Севастопольде 14-19 мамыр аралығында өткен деректі фильмдер мен телебағдарламалардың «Бірге жеңдік» ХІІ халықаралық кинофестивалінде жүлделі болды.
«Қазақфильм» баспасөз қызметінен хабарлағандай, фильмнің режиссері Сатыбалды Текеев фестивальде картинаны өзі таныстырды.
Туынды Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералының өмірінен сыр шертеді.
Деректі фильмдер мен телебағдарламалардың халықаралық кинофестивалі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдердің ортақ жеңісін мәңгілік есте қалдыру үшін 2005 жылы Қырымда тұратын Кеңес Одағы батырларының бастамасымен құрылған болатын. Фестивальға 24 елден 150-ге жуық туынды жіберілді, оның ішінде Қазақстан, Канада, АҚШ және Қытай сияқты елдер де бар.