Сәби болғысы келетін сазгер

Сәби болғысы келетін сазгер

«Өнер – тәңір сыйы» десек, бойға біткен қасиетті танып, оны дамыту, жан дүниені тебіренткен ерекше сезімнен туған ән ырғағын тыңдаушыға жеткізіп, көкірек көзін ояту екінің бірінің  қолынан келе бермейді.
Ал әнші бола жүріп,  поэзияны жанына серік етіп, көкейдегі сансыз сұрақтарды жыр жинағынан іздеп, ән тілеп тұрған  тебіреністі ырғақтарды музыкаға айналдырып, тыңдаушысын тәнті ету тылсым дүниедегі үндестікке қосылу болса керек.
Өздеріңізге «Сәби болғым келеді» әні­мен танымал сазгер әрі белгілі әнші Тұр­сын­ғазы  Рахимов, міне, осындай өнер иесі.
Тұрсынғазы өз жүрегіндегі әдемі сезім иірімдерін тыңдап, ойын мазалаған әсем әнге ұластырады. Табиғатынан жаны дар­қан, ақкөңіл де  аңғалдығымен сенгіш, аса бауырмал ол – сауықшыл халықтың өнері­нен нәр алып, шырқау биікке көтеріле­тін асқақ әндердің иесі. Ән шығару үшін де ән­шіліктің қыр-сырын жете меңгеру абзал.
«Үш бақытым» деп Мұқағали жырлап өтсе, «үш ұстазым бар» деп Тұрсынғазы әр­кез мақтанышпен айтады. Өнер жолында үш дарын иесінен тәлім-тәрбие алғаны жайлы  бізге берген сұхбатында былай деп еді:
– Мен Жүсіпбек Елебековтің шәкірті болғаныма бақыттымын. Ол кісі үнемі  «сен сазгерлікпен айналысасың» деп айтатын. Ол кісінің көрегендігі ме, мен он жылдан кейін ән шығара бастадым. «Сені асырай­тын – қара домбыраң» дейтін  марқұм.
 Екінші ұстазым  – Есімхан Обаев. Ол маған талай рөл беріп, сахнаға шыңдады. Сахнаға шығу үшін де шеберлік керек.
Үшінші ұстазым – композитор Теміржан Базарбаев. Ол кісі 1979 жылы алғаш «Сәби болғым келеді» әнін  жазғанда ақ батасын беріп, көп тәрбиелеген  тәлімгерім еді...
Иә, әнге деген аңсарлы ынтызарлықты, халық үшін талмай еңбек етуді, төзімділікті, өнерге деген адалдықты Тұрсынғазы өз ұстазы Жүсіпбек Елебековтен үйренді. Жүсекең әр шәкіртінің болашағын болжап отыратын. Сол кезде шәкіртіне: «Балам, сен халқың еркелеткен асқақ әнші, ән шыға­ратын композитор боласың», – деп  ақ батасын берген.
Ұстаз бен шәкірт бұрынғы Красин мен Киров көшесінің қиылысындағы   Республикалық эстрада-цирк студиясынан сабақтан шыққан соң, жаяу серуендеп көп сырласатын.
Қызығы мол студенттік шақтың соңғы күндерінің бірінде  Жүсекең: «Тұрсынғазы, сен өнер жолыңды Керекуден баста, ол жерде атақты Жаяу Мұса, Майра Уәлиқы­зы, Естай, Байғабыл әншілер дүниеге келген. Қасиетті жердің топырағы сенің әнші болып қалыптасуыңа көп  септігін ти­гізе­ді», –  дегені бар. Шындығында да, шәкірт ұстаз ақылын тыңдап, өнер жолын табиғаты сұлу Кереку өңірінде бастап, көр­шілес  облыстармен қоса, Ресей жеріндегі қазақтарды өнер сапарларымен жиі ара­лап, сауық-сайран құрды.
Кешегі өткен Біржан, Абай, Ақан әнде­рінің, Жүсіпбек, Дәнеш, Мәдениет, Болат пен Жәнібектердің дауысынан нәр алып, әр орындаушының шеберлігін, әдемі иірім­дерін өз өнеріне үлгі еткен Тұрсынғазы орындаушылық шеберліктің шыңына жеткен. Әсет, атасындай аңыратып ән са­лып, жоғары биік үнді алғанда қиналмай, еркін шырқайтын шеберлердің бірі. Сол елдің сазгері Арғынбек Ахметжановтың, «дауысы қанша созса да еркін самғайтын әнші» деуі   – шындық.
Тұрсынғазы Рахимов  Алматыға келсе достары ақын Несіпбек Айтов пен жазушы Тұрсын Жұртбаевты, жезтаңдай әнші Жәні­бек Кәрменовті іздейтін. Кейін Жәнібектен көз жазып қалған шақта Несіпбек екеуі  «Ақ­бөкен» әнін шығарса, бертінде Есенға­ли Әділбековтің  өлеңіне «Әнің қайда, Жәні­бек» әні туды.

1992 жылдың желтоқсан айында бір топ семейлік әнші өнерпаздар Алматыда өтетін Тұрсынғазы Рахимовтің есеп беру концертіне қатысады. Үш сағатқа созылған шығармашылық кештің соңында небір өнер адамдарының ішінде Қазақстанның Халық әртісі Асқар Тоқпанов та бар еді, ол кісі аса тебірене сөйлеп, ақ батасын береді. Сонда айтқан бірер ауыз шумағы әлі есінде:
Жолы көп өмірдің бұралаң, қиясы,
Ел үшін тірнектеп асылын жиясың.
Тәңірім сақтасын, кеудеңе орнаған,
Жезтаңдай бұлбұлдың шүпірлі ұясын, – деп  берген батасы қабыл болып, Тұрсын­ғазы Рахимов «Қазақстанға  еңбегі сіңген мә­дениет қызметкері» деген атаққа ие бол­ған.
Тұрсынғазы ақиық ақын Мұқағали Мақа­таевтың «Нені аңсаймын», «Дариға, домбырамды берші маған», «Дұшпаның бар ма дейсің», «Қырықта дәнеңе жоқ», «Аягөз ару», «Санаулы күн», «Ғашықпын», «Я, жаратушы Аллам», «Қазағым-ай» сын­ды бірнеше өлеңдеріне ән жазды. Ал енді Мұқағали поэзиясына деген ерекше ықы­лас қай кезден бастау алды. Ол жайлы  саз­гер өзі баяндап берсе деп жауабын күттік:
«Менің ағайым болды, ол кісі де жас кетті.
Мұқағали 1967 жылы біздің Аягөзге келді, ағам ақиық ақынмен дос еді. Өкпет деген қасиетті тауымыз бар.
Бірде мен жайлаудан келсем, үйде  Мұқағали мен Ерғазы ағам отыр екен. Жетінші сыныпты  бітірген кезім.  Ол  кісілер маған ән айтқызды. Қасым  Аманжоловтың әнін Мұқаңа  арнап он бір рет айттым. Ол кездер сондай бір қимас кезең еді-ау! Мен үшін тірі Мұқағалиды көру бақыт еді. Қатты қуандым. Ағаммен Мұқаңның дос­тығы жарасып, көп уақыт  хат алысып тұр­ды.  Мұқағалидың қай өлеңі  болсын, әнге сұранып тұрады ғой.  Осы уақытқа дейін   Мұқа­ғалидың өлеңіне қырықтан астам ән жазыппын.»...
«Көбінесе ән басы келеді ащы» деп Абай атамыз айтқандай, Тұрсынғазы ән­дері биік бастау мен әдемі иірімдерден құрал­ған. Бұл – көп әншілерде бола бер­мей­тін ерекшелік. Дауысын мың құбылтып, сезіммен шырқаған әншінің тыңдаушы­сының жүрегіне самал желдей сіңе беретін ән дауасы осындай-ақ болар.
Теміржан Базарбаевтай ән шығарудағы майталман композиторымыз қамқорлы­ғына алып, сазды әндердің сырын ашқан ұстазы бар Тұрсынғазы шынында да ба­қытты. Теміржан – үлкен талап қоя отырып, білгенін аямай үйретіп, Тұрсынғазының  сазгерлік өнерін бір ізге салған тәлімгер. Оның үстіне, Мәдениет Ешекеев бастаған Дауыл Хайруллин, Амангелді Жікенов, Баян Сағымбаева, Келденбай Өлмесеков, Санақ Әбеуов сынды халық әншілерімен бір ортада тәжірибе бөліскен Тұрсынғазы үлкенге  еркелеп, кішіге қамқор бола білген жан.
Тұрсынғазы Рахимовтің «Нені аңсай­мын» деген ән-жинағы жарық көрді. Ән – сазгердің жүрек лүпілі, өмір жолы десек, осы жинақта ақын-журналистердің Түкең жайлы жазған туындылары орын алды.
 «Еркелеу етіп сені елің,
Ән менен жырға бөледің,
Ерітіп жанды әуенің,
«Сәби де болғың келеді».
Қарқара жүрек сыр бермей,
Тәңірдің сыйы жүргендей,
Мұқағалидың мұңымен,
«Аягөз ару» күлгендей.
Сәбидей аңғал баласың, 
Сырт көзге жай бір ағасың.
Тұрсынғазы боп тарихта,
«Ақбөкен» болып барасың.
 Қаламқас қыздар көктемдей,
Шолпылар сыңғыр еткендей,
Өлең боп Мұқағалидың,
Ән болып саған жеткендей.
Әуенге толып көмейің,
Жарқырай берсін мерейің,
Мейірге мейір тіл қатып,
Толқынға толды Семейім», – деп жер­гілікті ақын жырлағандай, шығармашылық   толысқан шағында  Жүсекеңнің әншілік мек­­тебінің қасиетін ұрпаққа үйретіп, Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музы­ка колледжінде ұстаздық етіп жүрген Тұрсынғазы – өнер шырағын келер ұрпақ­қа жеткізген тәлімгер.
Өмір көші озған сайын «осы бір қам­шының сабындай ғұмырда не тындыр­дым» деген ой оны әркез  қатты толғандырады.
Жуырда Семей қаласының Әміре Қашаубаев атындағы  филармониясында  екі күн бойы  Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, белгілі сазгер Тұрсынғазы Рахи­мовтың 60 жасқа толған мерейтойы ата­лып өтпек. Бірінші күні сазгер Тұрсын­ғазы Рахимовтің әндерінен байқау  өтсе, екінші күні  әншінің мерейтойы аталып өтпекші.
Шыңғыстау баурайында  екі күн  бойы шырқалар әсерлі әндер  жұртшылықты думанға бөлері хақ.
Киелі өнерді өмірінің мәніне айналдыр­ған сері көңіл, дарқан мінезді халқының аяулы ұлы Жүсіпбек Елебековтің әншілік дәстүрін жалғастырып, айтқан өсиетін ха­лық игілігіне айналдырған асқақ әнші, тама­ша сазгер, шәкірт тәрбиелеген ұлағат­ты ұстаз  Тұрсынғазы Рахимов бүгінде то­лыс­қан шағында. Қос ғасырдың алтын көпіріндей болған арқалы әнші  жан-жүре­гін әсем ән билеп, өнер шыңына өрлеуде. Өнер бақыты деген осы да!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста