Роза Мұсаның ән кеші өтеді
Оңтүстікке танымал әнші Роза Мұса батыс өңіріне арнаған гастрольдық сапарын Ақтөбеден бастауды жөн көрді.
Құлап, кейін апаттан еркін жүріп-тұру мүмкіндігі шектелсе де, бұл оның шығармашылықпен айналысуына кедергі болмады, керісінше, қажыр-қайратын қамшылапты. Өмір сынағына қарсы тұрып, мақсатына қол жеткізе білген қайсар Розаның өнерде жүргеніне биыл — 10 жыл. Соған орай жақында Шымкент қаласында «Өмірге ынтық өнерім» атты кеш ұйымдастырды.
— Әнші болу — бала күнгі арманым. Алғашында маған сізден ештеңе шықпайды деп бетімнен қағып, мен үшін өнердің есігін жапқандар да болды. Бірақ мен қаймықпай, дегеніме жетуге асықтым. Арман-мақсатың айқын болса, онда оған жетер жолың да мүмкіндігінше ашық болады екен. Кездескен қиындықтарға мойынсұнбай, шығармашылықпен айналыстым. Қазір, Аллаға шүкір, жағдайым жақсы. «Қыбырлаған қыр асады», — деп жаймен жылжып келемін. Әрине, армансыз адам болмайды, арман көп қой. Алайда мен өзімді арманы орындалған қызбын десем де болады, — дейді Роза.
Розаның «Мен өмірге ғашықпын», «Сезім сыры» атты бейнебаяндары бар. Сондай-ақ ол жерлесіміз әнші Есет Сәдуақасовпен бірге «Мектеп бітірушілер әнін» орындап, оған бейнебаян да түсіріп үлгеріпті. Басқа да әндеріне бейнебаян түсіру үшін ізденіс үстінде.
Халықаралық қазақ-түрік университетінің өнер факультетін бітірген ол қазір Шымкенттегі Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияда әнші болып жүр, сонымен бірге №88 Шымкент мектебінде вокал үйірмесінен дәріс береді. Өзінің айтуынша, үнемі мұрнынан шаншылып жүргені, тыныстауға уақыт қалмайды. Ал егер қолы босай қалса, көннен картина жасаумен айналысады, қыстыгүні тоқыма тоқиды. Енді, міне, арбада отырып, балдақпен жүрсе де, ел аралап, гастрольдық сапарға шығыпты.
— Мұздаған жүректерді тек қана мейірімділікпен ерітуге болатын шығар. Сондықтан да ән кешімнің атын «Мұздаған жүректі еріткен мейірімділік» деп атауды жөн көрдім. Репертуарым «Қара бауыр қасқалдақ» әнінің авторы Ілесбек Амановтың әндеріне бай. Жаныма жақыны — адамның мінез-құлқына қатысты шығарылған «Мұз сүңгі» әні, сосын –«Сағыныш», — дейді әнші.
«Жігіттер» продюсерлік орталығының ұйымдастырушысы Еділ Әбуов әншімен бірге ел аралауға шығыпты. Ол әр қаладағы концерттің өз деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз етеді. Еділдің айтуынша, Розаның Ақтөбедегі кеші жақсы өтуге тиіс, дайындық жұмыстарына облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нәзира Табылдинова, Құралай Байменова бастаған сал ауруына ұшыраған азаматтардың қоғамдық бірлестігінің мүшелері көмектесіп, қолдап отыр.
4 желтоқсанда өтетін Розаның кешінде қазақ эстрадасының әншілері Есет Сәдуақасов, Асан Пердешов, Қанат Үмбетовтер де ән салады.