Өзгені сендіруден гөрі, адамның өзін-өзі сендіруі әлдеқайда қиын екендігін әлемдік ойшылдар әлдеқашан айтып кеткен. Алайда қай заманда болсын осы бір қағида өзектілігін жоймай келеді.
Оның да өзін-өзі мойындауына, өзгеден бұрын өзін-өзі сендіруіне он жылдан астам уақыт кетіпті. Осы уақыт аралығында ел болып шырқайтын 30 шақты ән тудырып, өзі ғана орындап қоймай, әншілерге тарту етіп, солайша Шәмші, Әсет, Сейдолла сынды қазақтың сазгер ұлдарының бастаған ісіне өзіндік қолтаңбасын енгізген ол адам – әнші, сазгер, керек десеңіз, тіпті отты жырлардың авторы, ақын да Роза Әлқожа.
«Таудағы түннің» тұсаукесерінен соң...
Таяуда еліміздегі елеулі өнер ордасы, қарашаңырақ, дәлірек айтсақ, Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында жаңа бір қойылымның тұсауы кесілді. Қаламгер Нұрғали Ораздың пьесасы негізінде белгілі режиссер Балтабай Сейітмамытов «Таудағы түн» атты қойылым сахналады. Айтпағымыз, қойылым бастан-аяқ Роза Әлқожаның әндерімен көркемделіп, кейіпкерлер солайша сыршыл әндермен ішкі сезімдерін жайып салды. Желтоқсанның 18-і күні өзінің жеке ән кеші, есептік концертін бергелі жатқанда бұлайша әндерінің жаңа сахналық қойылымға арқау болып жатқаны Розаның өзіне де тосынсый болса керек. Біз онымен «Таудағы түннің» тұсаукесерінде жолығып, сұхбаттастық.
– Концерттің дайындығымен жүргенде бір күні кенет ұялы телефонымен бейтаныс кісі хабарласты. Балтабай Сейітмамытұлы сынды ағамызды сырттай жақсы танығаныммен, ол кісінің менің әндерімді асыға күтіп тыңдайтын тыңдармандарымның қатарында екенін білмеппін. «Шалқар» радиосынан әндерімді жібермей тыңдайтынын айтқан режиссер аға өзінің бүгінгі қойылымы жайлы айтып, мінекей, бүгін нәтижесін көріп отырмыз. Бүгін қойылымда төрт әнім орындалды.
Албырт шақтың аптығын басып...
Әншімен әрі қарай ән кеші жайлы сөйлесуге көштік. Үлкен сахнада – он жыл. Алғаш Студенттер сарайында өзінің «Мен сыйға тартқан орамал» әнін орындағанда небәрі 20-да болған еліктей қыз бүгінде 30-ға толып, осы уақыт аралығында төрт баланың анасы болып үлгерген. Өнердегі Роза Әлқожаның аяқ алысы көрерменнің көз алдында. Өзі сызылта салған әндерден бөлек, Баян Нұрмышеваның орындауындағы «Жібектің елі», марқұм Ажар Түзелбекқызы салған «Сағындым сені», Роза мен «Жігіттердің» «Таңдағанымсыңы», Еркін Нұржановпен дуэт болып орындаған «Мына өмір ғажап қандай?» т.б. көптеген әні қазақ эстрадасында хитқа айналып та кеткені жасырын емес. Алайда сазгер осы есеп беру концертіне тағы да жаңа әндер шығарғалы отыр.
– Жастық шақтың албырт кезінде адам қалаға, өсуге, жаңа бір белеске асыққанымен, ес тоқтата келе, ауылының қадірін түсінеді екен, сағынады екен. Мен де бүгінде шекара сыртында, өзбек жұртында қалған ауылымды сағынып, жаңа ән жаздым. «Ауылымды аңсадым» деп аталады. Сондай-ақ Жаратушыға деген пенделік махаббатымның белгісі – «Иман келтіру» сынды ән де жүрегіме ыстық. Ақын Бақытжан Алдияровтың иман жайлы сөздері жүрегіме жылы ұшырап, ән туды. Сондай-ақ «Асыл жарым» атты ән дүниеге келді. Алмат Исәділдің өлеңі – «Балапандарымды» автордың өз аузынан естігеннен-ақ бірден қалап алдым. Белгілі журналист, сазгер Серік Жанболаттың талантты ақын ағамыз Ғалым Жайлыбайдың сөзіне жазылған «Гүлтолқын» әні де шығармашылығымда орны бөлек дүние екенін айта кетуім керек. «Қазақ радиосының» хитпарадында топ жарып шыққан бұл ән осы кеште орындалады. Ал енді концерт соңында бір жаңа ән орындалады. Әйгілі Роза Рымбаева келеді деп күтіп отырмын. Себебі ол кісіге тосынсыйым бар.
Қос Роза қосылар күн...
Негізі, қазақ – ырымшыл халық. Әлқожалар әулетінде осыдан 30 жыл бұрын дүниеге сәби келгенде «нәрестеге қандай есім береміз» деген сауал туған. Сонда тап өзі бір Розадай әншінің бақ жұлдызы жарқырай жанып, «Алтын арфейдің» бас жүлдесін алып келген тұс еді. Өмір есігін жаңа ашқан сәби де осы бұлбұл әншідей болсын деген ниетпен азан шықырып, Роза қойған екен. Ендеше, кешегі сәби, бүгінгі сазгер, әнші, қазақтың ерке қызы Роза «атымды бекер Роза қоймаған болар» деп әншілікке талпынған әрі осы концертте өзіне өнерге құштарлық сыйлаған Рымбаевадай апайына ән арнап отыр. Әрі «Майраның әні» деген әйгілі сазгер Майра Уәлиқызы секілді «Ән салшы, Роза» деген әнімен концертін қорытындыламақ.
Сөз соңын біздің қайратты қызымыз Роза былай түйіндеді:
– Мен өзімнің тәуекеліме танғаламын. Себебі тәуекелге не ессіз адам, не көзсіз батыр ғана бара алады. Ешқандай демеушім жоқ, сенерім – тек бір Алла. Қиналғанда рухыма жігер беретін балаларым мен жан жарым, достарым бар, шүкір деймін соған. Болашақта балаларымды өз басынан артылмайтын біреу қылып емес, әрқайсысын қоғамға пайдасы тиер азамат етіп тәрбиелей алсақ екен деймін. Ал өзі тұлға бола алмаған адам баласын қалай тұлға ете алады?! Міне, менің басты ойланып, от алатыным – осы ойлар.