Ел мәдениеті тарихында қалатын оқиға! Қазақстанның рок-музыкасына тұңғыш рет кәсіби баға берілді. Екі жыл бойы іріктеліп, жүзден жүйрік шыққан 20 шақты музыкалық ұжым желтоқсанның 2-сі күні Алматыдағы Республика сарайында салтанатты жағдайда марапатталды.
Музыканың бұл саласы туралы мейлінше сенімді, мейлінше ресми, мейлінше биік мінберден айтатын кез келді. Tengri FM радиосы әуе толқынына шыққаннан бастап, «Тенгри биігінде» атты арнайы жобаны қолға алған еді. Жоба еліміздегі рок-ұжымдардың дамуына серпін беруді көздеген еді. «Алаш Медиа Групп» холдингінің бас директоры Батыр Қазыбаевтың айтуынша, рок-марапаттың мәні де – қазақстандық рок‑н-ролл командаларының аяғынан тік тұруына, олардың өнер көрсетуіне, сүйікті істерімен айналысуына жағдай жасау. Ал мұндай ұжымдар бізде көп болып шықты. Екі жыл ішінде «Тенгри биігінде» жобасына еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық ұжымнан 3000-дай композиция келіп түскен. «Біз бұл жобаны рок-фестивальдармен көркемдеп келдік. Міне, енді жобаның бір кезеңін қорытындылайтын да уақыт жетті. Бұл шара дәстүрлі түрде өтетін болады. Қазақстанда рок-н-ролл барда рок-жүлде де болуы тиіс», – дейді Б.Қазыбаев. Марапаттау салтанатын радиожурналист Сергей Майборода жүргізді. The Fridays аталатын топ кештің шымылдығын түрген соң түрлі номинация бойынша рок-ұжымдардың жеңімпаз атанғандары жария етілді. Музыка, ең әуелі, әр алуан дыбыстар мен техникалық детальдардан тұратынын ескерген ұйымдастырушылар марапаттың бісмілләсін «үздік аранжировка» номинациясынан бастады. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, халық әртісі, пианист Жәния Әубәкірова мен ресейлік танымал музыкант Сергей Галанин бастаған кәсіби мамандар мен білікті сарапшылардан тұратын қазылар алқасы бұл жүлдеге Some Toir тобының шығармаларын лайық деп тапты. Рок-н-роллдың мақсаты – музыкамен бабын келтіре отырып, поэзияны ұлықтау. Бұл жағынан «поэзия» аталымында сынға түскендердің қайсысы да осал болмады. Дегенмен жүлде мүсіні Che Francisco тобына бұйырды. Мүсін демекші, ол радиомикрофон пішінінде жасалған, жоғарғы бөлігіндегі шеңберде электргитара мен одан тарайтын зарядты күш бейнеленген, бұл отандық рок-музыкадағы жаңа толқынды меңзейді. Салтанатты марапатқа дейін негізгі аталым бойынша бәсекелеспейтін ұжымдар арасында ғаламтор жүлдесі үшін дауыс жиналған еді. Оның нәтижесі бойынша Flash Set тобы жеңімпаз деп танылды. «Әйелдер вокалы» номинациясында – Sugarfree Blues, «ерлер вокалы» номинациясында Cry Baby тобының солистері жеңіп шықты. Angry Ants тобы «үздік трек» аталымы бойынша сыйлыққа ие болды. «Рокқа деген адалдығы» үшін жүлдесі бойынша бес ұжым бақ сынаған еді: Motor-Roller, BluesMotel, «Субкультура», The Fridays және «Жантик-Бэнд». Қазылар бұлардың ешқайсысының да кәсібіне адалдығына күмән келтірмей, сыйлықты бәріне бірдей үлестірді. Ал «Қазақстанда рок‑музыканың дамуына қосқан үлесі үшін» жүлдесі құрылғанына 45 жыл болған, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамбліне табыс етілді. Кеште рок-н-роллымыздың бақилық болған құрметті өкілі Тахир Ибрагимов те еске алынып, оның інісі мен ұлына рок-марапат мүсіні естелікке берілді. Салтанатты думанда рок-ұжымдардың әндері камералық оркестрдің сүйемелдеуімен көркемделді. Бұл – елімізде бұрын-соңды болмаған тәжірибе. Рок-н-ролл кешінде этникалық музыка орындаушылары да өнер көрсетіп, алда келе жатқан The Spirit of Tengri фестивалінен хабар берді. Саха елінен келген Юлиананың ерекше өнері, Angry Ants гитарашысы Нодар Машуров пен «Алдаспан» тобының домбырашысы Мақсат Хасанов арасындағы айтыс, электрдомбырашылардың «Көрұғлысы» көрермендерді тәнті етті.
Мәдина Өмірбекова, Tengri FM радиостансысының директоры:
– Қазақстанның бірінші рок-марапатын ұйымдастыруға Tengri FM радиосы өте үлкен еңбек пен күш жұмсады. Музыканттардың өзі де қыруар еңбек сіңірді. Бүгінгі шара елімізде рок-музыканың қандай деңгейде екенін, қанша сапалы композиция туып жатқанын тұңғыш рет көрсетеді. Бұл музыка біреулер үшін лирикаға толы, біреулер үшін өте қатты, енді біреулер үшін сондай нәзік, қалай болғанда да, рок-музыка дамып жатыр. Орындаушылардың арасында рок-мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып жатқан кәсіби таланттар көп.
Ілияс Аутов, Motor-Roller тобының жетекшісі:
– Мен елімізде рок-қозғалысты дамытуға қолдау көрсететін адамдардың табылуын бұрыннан күткен едім. Өйткені бұған дейін орындаушылар гитарасын арқалап, өздерімен-өздері күй кешуге мәжбүр болды. Әркім өз күнін өз халінше көріп, өнерін мүмкіндігі келгенше насихаттап жүрді. Көбі бұқараға жол таба алмай, қиналды. Міне, енді ғана Tengri FM-нің арқасында тұңғыш рет бұл салаға көңіл бөлінді. Рок-н-ролл өкілі ретінде радио ұжымына осындай күрделі, көпшілік әрең төзетін, тіпті қолдамайтын қадамға барғаны үшін алғысымды білдіремін. Қоғамда қарым-қатынастың түрлі құралы бар, экономика тілі, саясат тілі, әскери тіл деген сияқты, ал біз өзара рок-н-ролл тілінде сөйлесуге жол таптық.
Нұржан Тойшы, «Алдаспан» тобының жетекшісі:
– Қазақ жерінде рокқа ұқсас әуендер әлімсақтан болды. Ал бүгін бұл музыканың биікке көтерілгеніне көз жетті. Рок-марапат салтанатында өнер көрсеткенімізге өте қуаныштымыз. Келешекте марапаттың ауқымы кеңейе түседі деп ойлаймыз. Үлкен мерекеде барлық рок-орындаушылар бірігіп, ортақ өнерді насихаттадық. Түрлі номинацияға ұсынылу маңызды емес деп ойлаймын, бастысы осы мерекеде біз де өз өнерімізді жұртшылыққа паш ете алдық. Рок-орындаушыларымыз қандай тамаша, музыкалары қандай керемет, міне, осыны тамашалаудың өзі ерекше әсерге бөлейді.
Уәде етілгендей, марапат соңы әйгілі Борис Гребенщиков пен оның «Аквариум» тобының мерейтойлық концертіне ұласты. «Әннің ескісі болмайды» деген орыс рок-музыкасының абызы кеште «Расти, борода», «Лошадь белая», «Назад в Архангельск», «Огонь Вавилона», «Земля», «Слова растамана» сияқты танымал туындыларын орындады. «Аквариум» – көп аспапты ұжым. Мұнда әдеттегі гитарашы, саксофоншы, флейташы, пернеші, барабаншылармен бірге, гармоника, тұрба, керней, кларнет, мандолина, перкуссия, басқа да аспаптарда ойнаушы музыканттар бар. Көпшілікке вистл мен флейтада ойнайтын ирландиялық музыкант Брайан Финнеганның өнері ұнады. Б.Гребенщиков үзіліс жасамастан, он шақты ән айтты, оны зал қошеметпен қолдап отырды, «Все говорят, что пить нельзя» әні көрермендерді әбден экстазға бөледі. Бұған дейін сабырлы отырған жұрт орындарынан тұрып, билеп кетті. Рок‑гуру өз концертін Алматыға арналған «Отец яблок» әнімен қорытындылады. Журналистерге Алматының ақ қарына ғашық болғанын айтқан әйгілі музыкант Республика сарайындағы дыбысқа жоғары баға берді.
Борис Гребенщиков, ақын, музыкант, «Аквариум» тобының жетекшісі:
– Мен үшін Қазақстанның бірінші рок‑жүлдесін табыс ету салтанатына қатысу – үлкен оқиға. Бірақ қазақстандық рок‑ұжымдардың шығармашылығымен әлі танысқан жоқпын. Міндетті түрде көңіл аударатын боламын. Мен жастарға ешқандай кеңесті тыңдамауға кеңес беремін. Музыкамен айналысатын қыз-жігіттер қызмет ететін ортасының, яғни өз замандастарының талаптарын ғана ескеруі керек. Рас, өзім көп адамнан үйрендім, әлі күнге дейін ондай адамдар табылып жатады, өмірде бұл жағынан жолым болды. Бірақ бәрінен бұрын мен ешкімге емес, музыкаға ғана қарыздармын. Менде қызығушылықты оятқан – музыка ғана. Музыканы толық түсінемін деп ешкім айта алмайды, өйткені музыка дін сияқты, ол біздің түсінігімізден жоғары. Биыл біз 40 жыл бойы жасаған жұмыстарымызды қорытындылап, келер жылдан бастап, қызметімізді мүлдем жаңа бағытта жалғастыратын боламыз.