Ректор студенттерді тыйып тастады
Кеше С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің конгрес-холында Елбасы Жолдауын насихаттау үшін Парламент Мәжілісінің вице-спикері Сергей Дьяченко мен депутат Гүлмира Есімбаева студенттермен кездесті.
Депутаттарға жемқорлықтың салдарынан күйреген Оңтүстік Қазақстан облыстық медицина академиясынан ауысып келген бір топ студент Алматының жатақханасында қысылып-қымтырылып жүргенін айтты.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Гүлмира Естайбекқызы:
– Жатақхана – барлық жоғары оқу орындарының басты проблемасы. Алайда құрылысы басталып кеткен мекемелер болмаса, дәл қазір дағдарыс кезінде ешқандай үлкен жатақханалар салынбайды, – деді.
Екінші сұрақ тағы жатақхана жайы туралы болды. Бұдан әріге шыдай алмаған университеттің ректоры Айқан Ақанов:
— Біз онсыз да әке-шешесі жоқ студенттерге шамамыз келгенше көмектесіп отырмыз. Алайда барлық студенттерге жағдай жасай алмаймыз. Студенттердің оқуға берген қаржысы осы университеттің керек-жарағына жаратылады... Мұндай сауалды бұл жерде қоюға болмайды. Және сұрақты Елбасы Жолдауына қатысты қойғандарыңыз дұрыс, – деп студенттерді тыйып тастады.