«Райан» ретро әндердi орындайды
Осыған дейiн «Қыздар-ай», «Серiлер» секiлдi топтардың продюсерi болған әншi, Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi Майра Iлиясова таяуда тағы да бiр топ құрды. Үкiдейiн үлпiлдеген үш арудан құралған жаңа топ «Райан» деп аталады. Елең етерлiк жаңалықтың мән-жайын бiлгiмiз келiп, Майра IЛИЯСОВАҒА хабарласқан едiк:
– Майра апай, жаңадан топ құрыпсыз, құтты болсын! Көрерменге бейтаныс топты қысқаша таныстырып кетсеңiз?
– Бұл – өзiмнiң әншi шәкiрттерiмнен құралған топ. Екi қызым менiмен бiрге үш жылдан берi жұмыс iстеп келе жатса, үшiншi қызды iздеп жүрiп, таяуда Өнер академиясының актерлiк бөлiмiнен тауып алдым. Топтың атын ұзақ уақыт ойланып, ақыры «Райан» деп қоюды ұйғардық. Алғашқы тұсауын 18 ақпанда болатын «Сағындырған әндер-ай» жобасында кеспекпiз. Қазiр Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершiн» әнiн дайындап жатыр.
– «Райан» аруларының басқа да қыздардан құралған топтардан ерекшелiгi қандай болмақ?
– Бiрiншiден, олар ашық-шашық, омырауы ақтарылып тұратын киiм кимей, қазақтың әдептi, иманды қызының кейпiн сахнаға алып шығады. Көбiне ретро әндер орындайды.
ТАНЫС БОЛЫҢЫЗДАР – «РАЙАН» тобы:
Райан – Құран Кәрiмнен алынған сөз. Жәннаттың әр-Райиан атты қақпасынан бұл дүниеде Рамазан айын қадiрлеп, ораза ұстағандар кiредi.
ТОПТЫҢ ҚҰРАМЫ:
1. Жансая ӘЛIМҚҰЛОВА, Өнер Академиясының актерлiк бөлiмiнiң
2-курс студентi, туған жерi – Жамбыл облысының Тараз қаласы.
2. Әлия АҚАЖАНОВА, ҚазҰУ-дың 2-курс студентi, Алматы қаласында туып-өскен.
3. Әсел ТӘЖIҒҰЛОВА, Қазақ экономикалық университетiнiң 2-курс студентi, Алматы қаласының тұрғыны.