Қазақты байытатын да, қалтасын қағатын да – той. Қазақта не көп, той көп. Қазіргі таңда тойлардың ішіндегі ең сән-салтанаттысы, күлдіріп тұрып жылататыны – қыз ұзату. Қызын төріне шығарып, ерекше құрметтеген халықпыз ғой. Дәл қазіргі кезде де көпшілік ата-ана қызын әлпештеп, аузына барын тосып, оқытып-тоқытып, болашағының жарқын болуын тілейді, шамасы келгенше қызын қияға қондырып, ұзату той жасап беруге тырысады. Бүгін «Алаш айнасы» қыз ұзату тойының қазіргі замандағы үлгісін назарларыңызға ұсынып отыр.
Жиған-тергенін бала-шағасының қызығына жұмсайтын біздей дархан халықтың жомарттығында шек жоқ қой, шіркін. Жүздеген адамға даладай дастархан жайып, келген қонағымыздың көңілін көтеріп, «жарайсың, тойың тамаша өтті» деген бір ауыз сөзге масаттанып, марқайып қалатынымыз рас.
Кейбір қалаталыларымыз болмаса, қарапайым халықта той жасайтындай қайбір қор бар дейсіз. Өйткені қор жинауға мүмкіндік бермейтін несие деген жау бар емес пе? Бірақ біз қарызданып, қауғалансақ та той жасай береміз.
Жақында бір туысымыз қызының ұзату тойын жасады. Қыздың барған жері ауқаттырақ екен. Ата-ана, қыздары қайынжұртында жүзі ашық болсын, той жасап бере алмасақ, қызымыздың бетіне салық болмасын деп жанталасты. Содан не керек, тойға дайындық басталып кетті. Кім де болса тойының жақсы өткенін қалайды емес пе?
Өзіміз туған-туыстың, дос-жарандардың тойларына барып жүргеннен кейін жұрттан қалысқың келмейтіні тағы бар. Қазіргі таңда халық тойға барса да шоу көргісі келеді. Мейрамхана, қымбат көлік, сыйлық, тойбастар, киім-кешек секілді басқа да толып жатқан той шығындарын айтпағанда, тойды жүргізетін асаба мен шоу ансамбльдердің ақысын төлеуде аянып қалмаймыз. Қазіргі таңда әсіресе, қыз ұзату тойларын түрлендіріп өткізу сәнге айналды. Ұзатылар қызды шаңырақ астында жетектеп шығу, гүлмен көмкеру, аққуға отырғызып алып шығу секілді көріністер көп. Ұлттық киім киіп, қазақы салт-дәстүрмен ұзатылып жатқан қыздарды көргенде қуанасың. Алайда қазіргі кезде қыз-ұзату тойында жасалатын қазақы жөн-жоралғылардың бәрін шоумен қыздар өз мойнына алып алған. Сыңсуды да өздері айтады, жеңгенің де рөлдерін өздері ойнайды, әйтеуір не керек, қызыңызды қыздар өздері ұзатып, шығарып салады.
Қызын ұзатып жатқан туысым да ұзату тойға әбден маманданып алған шоу-ансамбльдерінің бірін жалдады. Олардың қызметі де арзан емес екен. 10 минуттық көріністеріне 500 АҚШ долларын қағып алды.
Төменде назарларыңызға ең қазнетте көп тараған ұзату тойларының үлгісін ұсынып отырмыз. Қалай ойлайсыз, қазақтың нағыз қыз ұзату тойы қалай өту керек?
Құрметті оқырман, өздеріңіздің, туған-туыстарыңыздың ұзату тойларының бейнежазбасын бізге жіберуіңізге болады.