Қызылжарлықтар ақын, сазгер Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының 150 жылдық мерейтойын атап өтті. Облыс орталығында ескерткіші ашылып, туған ауылына есімі берілді.
Жұртшылық арасында кеңінен таралған «Гәкку», «Қарақат көз», «Шалқыма», «Дүние» әндерінің авторы – осы Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы. Өнер зерттеушілері композитордың 40-қа жуық туындысы бар екенін айтады. Оның «Гәкку» әні әйгілі «Қыз Жібек» операсына негіз болған және осы ән арқылы Күләш Байсейітова бүкіл Кеңес Одағына танылған. Ақындығы мен батылдығы, батырлығы бірге жүрген оған 1930 жылы «халық жауы» деген жала жабылып, тұтқынға алынып, түрмеде қайтыс болған. Үкілі Ыбырайдың адал есімін халыққа қайтаруға алғашқы болып атсалысқан Сәбит Мұқанов болатын. Ол 1959 жылдың 25 қарашасында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Н.Жанділдинге Ыбырай Сандыбайұлының ісін қайта қарау жөнінде хат жолдаған. Осы хат негізінде 1960 жылы Үкілі Ыбырай ақталды.
Ақталғаннан бері де 50 жыл өткенімен, есімін ел есінде қалдыру тұрғысынан туған жері Қызылжар өңірінде маңызды ештеңе жасалмады десе де болады. Биыл ақынның 150 жылдық мерейтойына орай, біраз істің басы қайырылды. Айыртау ауданындағы туған ауылы бұрын Өскен деп аталып келген болатын, енді ол Үкілі Ыбырай ауылы деп аталып, елді мекенге атақты жерлестерінің бюсті қойылды.
Үкілі Ыбырайға Қызылжар қаласының да төрінен орын бұйырды. Орталық мешіттің жанындағы алаңқайға композитордың аты беріліп, тас мүсіні орнатылды. Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Серік Біләлов жаз шыға бұл жерде балалардың ойын алаңы мен субұрқақ жасалатынын жеткізді. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Сарыарқаның суырыпсалма ақыны» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Елемес Есепқызы, Үкілі Ыбырайдың немересі:
– Атамның үш баласы болған, екеуі отбасын құрмастан қайтыс болды. Үлкені Есептен екі қыз қалдық. Мен үлкенімін. Ол кісі 150 жылдан кейін қайта тіріліп келгендей әсерде тұрмыз. Үкілі Ыбырайдың аты ешқашан ұмытылмайды ғой, дегенмен оны халық санасында жаңғырту мақсатында ауылға атын бергеніне қатты қуандық. Оның әндері әлі күнге дейін халық аузынан бір түскен емес.
Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Үкілі Ыбырайды халық сазгері, қазақ ән өнерін қалыптастырушылардың бірі десе де болады. Оның мол мұрасы әлі де талдауды, зерттеуді қажет етеді. Ақынның ардақты есімін ел есінде қалдыру тұрғысында көптеген шара атқармақпыз. Туған күнінде туған ауылына атын беріп, ескерткішін ашып жатырмыз. Бұл – қазақтың атақты суырыпсалма ақынына, сазгеріне көрсетілген құрметтің бір парасы ғана.
Қызылжар Үкілі Ыбырайды үкіледі
Последние статьи автора