Қызыл кілем қазаққа қайдан келді?
Атағы жер жарып, айдарынан жел есетін ардақты тұлғаларды көруге халық қашан да асық. Көшеде көрсе, адым аттатпай, қолтаңба сұрап, суретке түсіріп аларлық жұлдыз бізде, өкінішке қарай, аз. Ал шетелде әйгілі кино әртістері мен әншілер, фотомодельдер т.б үйлерінен қалыпты адамдар секілді шыға алмай, қара көзілдірік пен баскиімді көлегейлеп алатынын теледидардан көріп таңғаламыз. Міне, сондай күнделікті өмірде көлеңкеленіп әзер жүретін адамдардың асығатын, айқара ашылатын, барын көрсетуге талпынып бағатын бір мекені бар. Ол – қызыл кілем. Осы бір қырмызы төсеніштің не құдіреті барын, әйтеуір, сонымен көпшілікке қол бұлғай жүріп өту жұлдыз біткеннің арманы, даңқтың ең биік шыңы секілді.
Бұрын теледидардан тамашалайтын қызыл кілем бізге де келді. Келгені былай тұрсын, дарып кеткені соншалық, қазір қандай да бір театр, кинофестиваль болсын, мейлі ол халықаралық, мейлі жай ғана бес-алты өнер адамының басын қосқан шағын байқау болсын, тіпті әлі жұлдыз болып та үлгермеген бейтаныс біреулерді таныстыратын тележобалардың өзіне қызыл кілемді қоса беретін болып алдық. Айталық, Асанәлі Әшімов сынды шын мойындалған майталмандар жүрген қалы кілемде енді бір жерде ешкім тіпті түстеп те танымайтын бейтаныс біреу ойқастап келе жатады. «Байдың асын байғұс қызғаныпты» дейтіндей, бұл – қызыл кілемді қызғану емес, жалпы, «біз сол сән-салтанаттың мәнісі мен ретін білеміз бе?» деген ой. Мысалы, хан тағы несімен қымбат, тек ханның ғана ол орынға отыратындығымен, оның өзіне тән құзыры, өзіне тән артықшылығы, жауапкершілігі болуымен қымбат. Егер оған кім көрінгеннің жамбасы тиіп, қаласа құл да отыра алатын болса, ешкім оны соншалық қастерлемес еді. Сол секілді әр нәрсенің өз орны, реті, оған жету қиындығы болмаса, қадірі де қалмайды емес пе? Дәл қазіргі қоғамда қызыл кілем де сондай қадірінен айырылып бара жатқандай. Жалпы, қызыл кілемге шығаруға лайық қазақ өнер айдынында кім бар? Бізге қажет салтанат па осы қызыл кілем?
Әшірбек Сығай, театр сыншысы:
– Қонақты жөнсіз шақыра бермеу керек, шақырған соң дұрыстап қарсы алу керек. Кілем жаямыз ба, жоқ алаша төсейміз бе, бірақ енді тақыр жерде қарсы алмайтынымыз ақиқат қой. Бірақ енді қазаққа тән үрдісте қарсы алу дегенді ойластыру керек сияқты. Қашанғы Еуропаның, ежелгі Римнің қызыл кілемін қашанғы жалаулата береміз? Бізде тек қонақтарды қарсы алудың формалық жағын қуу басым болып, мазмұны мен сапасын одан кейінге қалдырып жатқандаймыз. «Қалай болғанда да айта жүргенге жақсы болсын» дегенге саятындай бүгінгі қызыл кілем жаюдағы бар ойымыз – былайша айтқанда, даңғаза қуу ғой. Ең бастысы, сол кілеммен жүргізгенге ол адамның қадір-қасиеті жеткілікті ме, ол адам әлпештеуге тұра ма, әлде құр жалпақтай беру ме, осынымыз қалай дегенді ойлау керекпіз ғой. Қазақ деген қонақжай халық екенбіз деп жалпақтай беру, кейде, шыны керек, намысыма тиеді. Бұл – бір.Екіншіден, біз сөйтіп жатырмыз, біздің өкілімізді өзгелер де солай қастерлеп жатыр ма, осы жағына да мән беруіміз керек қой. Қарымталы болса, онда дұрыс. Ал біржақты болса, біз жалпақтап, олар кекірейсе, онда бізге ойлану керек. Текке қызыл кілемнің қадірін кетіргеннің көкесі нағыз сонда болады...
«Қыз Жібек енді келгенше, келін боп үйге енгенше, даяр етіп қоялық, салдырып сарай өзгеше» деген әндегідей, болмаса «асығып-аптығып Алпамыс келгенде бәрің де алдынан шығыңдар» деген Еркеғали Рахмадиевтің атақты «Алпамыс» операсындағы Мыстан тарантелласындай, жалпы, біз – қонақ күтуде, қарсы алуда ешқашан жерге қарап көрмеген, қорадағы соңғы тұяғын сойса да, қонағына дастархан жаймай жібермейтін халықпыз. Ол даусыз. Қанмен келіп, сүйекке біткен ол қасиетті ешкім бізден тартып ала алмайды. Алайда, екінші жағынан, өз қадір-қасиетімізді жоғалту да, абыройымызды аяқ асты ету де біз үшін өлімнен күшті емес пе? Сыншы Әшірбек ағамызды бекерге сөйлеткен жоқпыз, бір мезгіл өзімізге сын көзбен қарап, жаңылыс басқан, сүрініп бара жатқан қадамымызды тіктеп отыру шарт.
Қызылға құмартудың түбі қайда?
Бір сәт қызыл кілемнің қайдан шыққанына үңіліп көрсек. Бұл үрдіс қайдан шықты, кім ойлап тапты? Алғаш қашан, қай елде қолданыс тапты? Неліктен өмірде ең құрығанда бір рет қызыл кілеммен жүріп өту даңқ пен мәртебе саналады? Қызыл түс негізі ренессанс немесе қайта өрлеу дәуірінде патшаларға ғана лайық түс болды, сондықтан таққа барар жолды тек осы қызыл түсті кілеммен көмкеру құрмет, қошеметтің ең үлкен көрінісі саналды. Себебі осы түстің бір грамына қол жеткізу үшін сол заманда он мыңдаған теңіз ұлуларын өңдеу қажет болған. Ал оған екінің бірінің қолы жете бермегені айтпаса да түсінікті. Тек император мен оның сарайындағылардың қызыл түс киіп жүргені де – сол. Ал қызыл кілемге қатысты нақты дерекке келсек, қызыл кілемде сән-салтанаты асқақтап жүрген патшалар жайлы дерек б.д.д 458 жылы афиналық трагик Эсхилдің «Агамемнон» пьесасында ұшырасады екен. Аңызда оракулдың болжамы бойынша Агамемнон өз мақсатына қол жеткізу үшін туған қызының қанын төгуі керек болады. Патша оған шімірікпестен барады. Онымен қоймай, ол қырғын соғыста күллі халқының қанын төгеді. Ал патша Троядағы сондай қырғын, қанды соғыста жүргенде, елде қалған әйелі Клитемнестра Эгистпен ашына болып, оралған мезет патшаның өзін ажал құштырады. Аңыздың бір нұсқасында Клитемнестра ондай іске екеуінен туған қызды өлтірген патшадан кек алу үшін барған дейді. Қызыл түстің астарында, міне, осындай қанды оқиға жатқанын білсек, сол қызылға осынша құмартпаған болар едік. Ал біз бәрін АҚШ пен Еуропа арқылы үйреніп алып, солар жүрген соқпақтың барлығы түзу секілді көреміз.
Ал енді өз жағдайымызға келсек, қазақта бұрын құрмет пен қошеметтің ең салтанатты көрінісі хан сайлауы болғанын білеміз. Елім деген ең батыр, ең әділ, ең аяулы перзентін, ХІV ғасырда өмір сүрген әйгілі неміс жиһангезі Шильтбергер жазғандай, «Ақ киізге отырғызып, үш рет көтерген, содан кейін оны шатырды айналдыра алып жүріп, қолына алтын қылыш берген...». Бүгінде бұл үрдіс бізде Елбасын ұлықтау рәсімінде көрініс берсе, сонымен қатар ұзатылған қыздың жолына ақ төсейді. Бәлкім, ендігіде елімізге келген құрметті деген қонақтарды солай қабылдап, өнер адамдарын да қызыл кілем емес, ақ төсенішпен жүргізсек қалай болады?
Қызыл-дерек
Алғаш қызыл кілемді 1821 жылы АҚШ Президенті Джеймс Монроның табанына төсесе керек. 1902 жылы дәл сондай құрметке ХХ ғасырдың ең бірінші фирмалық жүрдек пойызының жолаушылары көріпті. Нью-Йорктен Чикагоға қатынайтын 20th Century Limited деп аталатын дәл осы пойыз жолаушыларының табанының астына қып-қызыл қызғалдақтай құлпырған кілем төсеген.