Заманында Олжас Сүлейменов «Қазақ киносын ошақтың үш бұты секілді үш бірдей алып тіреп тұр: оның бірі – Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин және Сұлтан Қожықов» деген екен. Әсіресе, қазақ ұлтымыздың ғашықтық символы Қыз Жібек пен Төлегенді тірілткені үшін режиссер Сұлтан Қожықовқа шексіз риза. Тағдыр, бәлкім, Жазмыш, әйтеуір Қожықовтай қазақ киносының классигіне Тәңір өлшеп берген талқан аса қомақты бола қоймапты... егер тірі болғанда, бүгінде 90-ның тойын көреді екен...
Қарапайым Қожық қарттың классик немересі
1923 жылдың 10 наурызында шыр етіп дүние есігін ашқан сәби Сұлтанның қазақ киносының бағына туған жан екенін ол тұста кім білді дейсіз?.. Ел қатарлы есейіп, ер жеткен Қожық шалдың немересін дәл 18-ге толған сәтінде сұрапыл соғыс күтіп тұрған-ды. Біртоға азамат бір ауыз сөзге келместен, Отан алдындағы борышын өтеуге майданға аттанады. Және бір қызығы, Сұлтан жай солдат болған жоқ, атақты 28 гвардияшы Панфиловшылар дивизиясы құрамына қабылданады. Негізі, Қожықовтар тұқымына сурет өнері тумысынан берілсе керек. Сұлтанның Қожахмет, Құлахмет және Нұрахмет атты ағалары он саусағынан өнері тамған суретші болған, кішкентай інісі Сұлтанды кино өнеріне бағыттаған ағасы Құлахмет еді. Ол кезінде қазақ кино өнерінің іргетасын қалауға атсалысқан суретші болған. Сол ағасының айтуымен С.Қожықов ВГИК-тың режиссерлік бөліміне оқуға түсіп, әйгілі режиссер Александр Довженконың алдынан дәріс алған. Солайша хас маманның шеберханасынан шыңдалған Сұлтан Қожықов қазаққа «Қыз Жібектей» классикалық туынды сыйлады.
Қазақ Қожықовқа ескерткіш түгіл, мүсін де орнатпапты
Сөз басында айтып өткендей, өзі көрмесе де Қожықовтай тұлғасының 90 жылдық торқалы тойын елі елеусіз қалдырған жоқ. Күні кеше Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ауласында осы қара шаңырақтың бүгінгі тізгінін ұстаған азаматтардың ұйымдастыруымен режиссер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сұлтан Қожықовты еске алу шарасы өтті. Ең бастысы, Сұлтан Қожықов естелік тақтасының басына гүл қоюшылардың қатарынан «Қыз Жібектің» көзі тірі кейіпкерлері Қыз Жібек пен Төлеген және Бекежан үшеуі де табылды. Әуелгі сөз басы бүгінде қазақ киносының ақсақалына айналған Асанәлі Әшімовке берілді.
Асанәлі Әшімов, ҚР Халық әртісі:
– Жарықтық, Сұлтан арамыздан ерте кетсе де, қазаққа «Қыз Жібектей» туынды сыйлап кеткен дарынды режиссер, ол – классик. Несін жасырайын, кезінде ол кісі Бекежан рөліне мені таңдағысы келмеген, алайда Ғабең, Ғабит Мүсіреповтің бір-ақ ауыз сөзін сыйлап алған ғой. Ол өзі бір жақсы көрген адамдарын алдымен әдейі сөзбен қағытып, қабағымен біраз ықтырып алып, кейін адамды таныған соң барып өзінің кең құшағын жаятын адам еді ғой. «Қыз Жібекті» түсіру барысында біз барлығымыз бауырдай боп кетсек, Сұлтекеңмен нағыз досқа айналдық. Аруағыңнан айналайын, Сұлтекем, сені қалай еске алсақ та, қандай жылы сөзімізді арнап, саған қандай ескерткіш қойсақ та жарасады. Алайда, бір өкініштісі, біз әлі бір мүсін де орнатқан жоқпыз саған. Біз қарыздармыз саған.
Осыдан соң сөз алған «Қазақфильм» АҚ-ның бүгінгі басшысы, жазушы, драматург Ермек Аманшаев Асанәлі сынды қазақ киносының көзі тірі аңызы сөзіне жауап ретінде, С.Қожықов мүсінін жасап, мұражайын жасақтау ісінің басталып кеткендігін айтты. Негізгі сөзін Е.Аманшаев сондағы С.Қожықов атындағы мектептің оқушыларына қарата айтып, «тіпті бір ғана «Қыз Жібектей» туынды түсіру үшін-ақ өмірге келуге болады. Ондай бақыт Сұлтан Қожықов сынды біздің ардақты тұлғамызға бұйырса керек» деп толғанды.
Осы шараның соңы Кино үйінде жалғасын тапты. Онда С.Қожықов жайлы естеліктер айтылып, «Қыз Жібек» фильмінің біз білмейтін сырлары жайлы айтылды. Ал, ең бастысы, режиссер Болат Нүсімбековтің Сұлтан Қожықов туралы деректі фильмі көрсетілді. Айта кетуіміз керек, Болат Нүсімбеков бұған дейін белгілі режиссер, қазақ киноөнерінің негізін салушыларының бірі Мәжит Бегалин туралы да деректі фильм түсірген болатын.
Болат Нүсімбеков, кинорежиссер, С.Қожықов жайлы деректі фильмнің режиссері:
– Сұлтан Қожықов өз өмірінде бар-жоғы 4-ақ картина түсірген. Тұңғыш туындысы «Біз Жетісуданбыз» деп аталады, екінші бірі – «Жартастағы шынар» және үшіншісі – адамзаттың өмір сүру тұжырымдамасына философиялық талдау жасаған «Если бы каждый из нас» картинасы. Негізі, біз С.Қожықов Александар Довженко сынды қайталанбас хас шебер, біртуар режиссердің шәкірті екенін әрқашан есте ұстауымыз шарт. Қазақтың нағыз кескін-келбетін көрсетіп, аңыз-әпсанасына жан берген «Қыз Жібек» сынды киноны сондай шебердің шәкірті, өзі де тума талант түсірмесе, басқаның қолынан келер ме еді, келмес пе еді?!. Әлі күнге қазақ киносында дәл сол деңгейге жеткен классикалық туынды жоқ дей аламыз. «Қыз Жібек» даусыз қазақ киносының классикалық туындысы, демек, Сұлтан Қожықов та – классик. Сол арқылы ол қазақтың жай Кеңестер Одағының құрамындағы отар ел емес, тарихы тереңде жатқан халық, ұлт екендігін көрсетті. С.Қожықов үлкен дүниелер жасайтын, үлкен жүректі азамат еді. Бірақ, соған қарамастан, ол кісі барынша қарапайым болды, тіпті ағамыз ешқашан өзінің Ұлы Отан соғысының ардагері екендігін айтып, кеудесін қаққан да емес. Ол жай ғана өз жұмысын жасады, бірақ сонысы ұлтының атын әлемге шығарған, қазақ киносының тарихында қаларлық мәңгілік туындыға айналды.
«Қыз Жібекті» тірілткен қазақ киносының Сұлтаны
Последние статьи автора