«Қыз Жібекке» – 45 жыл!

«Қыз Жібекке» – 45 жыл!

 Қазақфильмнің» жыл сайын жұрт жалықпай көретін екі көркем фильмі бар. Олар режиссерлер Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» мен Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібегі». Қалай айтқанда да екеуі де ғажайып туындылар. Міне, «Қыз Жібектің» экранға шыққанына биыл қырық бес жыл толып отыр. Содан бері халық басты рөлдерді ойнаған Меруерт Өтекешованы – Жібек, ал Құман Тастанбековті – Төлеген атап кетті. Бұл оларға деген халықтық құрмет.

Кеңестер Одағы кезінде барлық мәселені Мәскеу шешетін. Қаражат та солардың қолында болды. Әсіресе, коммунистік тәрбиеге негізделген қоғамда ұлттың тарихына, байырғы мәдениетіне қатысты жайларды цензурадан өткізу мүмкін емес. «Қазақфильм» киностудиясының сол кездегі директоры Камал Смайлов өзінің естелігінде «Қыз Жібекті» көркем фильм етіп түсіруді КОКП Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың бірден қолдап, Мәскеудегі КОКП ОК мәдениет бөлімі мен КСРО Мәдениет министрінің рұқсатын алып бергені жайында жазған. Эпостық жанрда жазылған дастанды киноға алып келу және онда ұлттық салт-дәстүрлерді, мәдениетін көрсетіп қана қоймай тарихтың да шет ұштығынан көрермендерді хабардар ету әрине сценарийін жазған Ғабит Мүсірепов пен режиссер Сұлтан Қожықовқа оңай бола қойған жоқ.

Мүсірепов фильмнің сцеарийін үш серияға лайықтап жазды. Ал Мәскеу фильмнің сценарийін қысқартуды талап ете отырып, бір сериясына жұмсалатын 850 мың сомның 650 мыңын ғана бөлген. Мүсірепов сценарийді қысқартудан үзілді-кесілді бас тартты. Бар ауыртпашылық Сұлтан Қожықовқа түседі. Ол Мәскеу рұқсат еткен мүмкінідікті қалай да ұтымды пайдаланып қалуға барын салды. Фильмге актерлер іріктеуден бастап, түсіру кезінде ешкімге де босаңсуға, ешнәрсені де назардан тыс қалдырауға мұрша бермеді. Бәріне де қатаң қарап, бәрінен қатаң талап етті. Сондықтан болар актерлер де бар шеберліктерін салған. Қаражаттың жетіспеушілігі мен Мәскеудің талабына байланысты Сұлтан Қожықов фильмді амалсыз екі серияға ықшамдайды. Соның өзінде қаржы тапшылығы сезіліп, студия директоры Камал Смайловтың айтуына қарағанда, Дінмұхамед Қонаев республикалық бюджеттен тағы 250 мың сом бөлгізіпті. Алайда, бұл қаражат та жетімсіз еді.

Академик-жазушы Ғабит Мүсірепов пен режиссер Сұлтан Қожықов фильмнің сценариін жазу барысында бір-біріне пікір қосып, қоян-қолтық араласып тұрған. Оларға коммунистік идеология елдің тағдыры мен тарихына тереңдеп баруына мүмкіншілік бермегені анық. Сценарий жазылып біткен соң екеуінің арасындағы келіспеушілік Жібектің рөліне актриса таңдаудан басталды. Ғ.Мүсірепов сценарий жазып жатқан кезде әйелі Раиса Мұхамедияроваға: «Жібектің рөлін сен ойнайсың», − деп сөз беріп қойса керек. Ал Қожықов одан да жас қызды таңдағанды жөн көріп, Республиканың талапкер жас қыздардың фотосуреттеріне конкурс жариялайды. Республиканың барлық облыстарындағы жүздеген талапкерлер пошта байланысы арқылы студияға фотосуреттерін жіберген. Солардың арасынан бірнешеуін таңдап, кастингке шақырады. Жібектің рөліне ең соңғы таңдау орта мектепті енді ғана бітірген Меруерт Өтекешоваға, ал Төлегеннің рөліне Құрманғазы атындағы өнер институтының 3- курс студенті Құман Тастанбековке түседі. Раиса да көрікті, шебер актриса еді. Бірақ Қожықов эпостағы Қыз Жібектей жас қызды ойнатуды жөн көріп, Мүсіреповтің ыңғайына көнбейді. Екеуінің кикілжіңі созылып бара жатқан соң мәселеге жоғары басшылықтағы кісілер араласып, Ғ.Мүсіреповті зорға райынан қайтарған. Фильмдегі басқа рөлдерге Ыдырыс Ноғайбаев, Ануар Молдабеков, Кененбай Қожабеков, Сабира Майқанова, Гүлфайруз Ысмайлова, Фарида Шәріпова секілді майталман актерлер таңдалды. Ал Бекежанның рөлі Асанәлі Әшімовке тапсырылған.

Фильм таңғы сағат алтыдан қара кешке дейін түсірілді. Режиссер өз көңілінен шықпаған эпизодтарды әбден иінін қандырғанша қайта-қайта түсіруден жалықпады. Қожықовтың режиссерлік тапқырлығы, қиыннан қиыстыратын шеберлігіне актерлер тәнті болатын. Хайуанаттар бағынан Жайық өзеніне алып барған қос аққуды суға жібергенде еркіндікке шыққан құстар алыстап жүзіп кеткен. Бұл оператор түсірушілерге едәуір қиындықтар келтіреді. Сол кезде Қожықов дыбыс күшейткіштен Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін ойнайды. Құстар күйге елтіп, жағаға қайта жақындайды. Операторлардың қуанышында шек болмаған. Аңызға бергісіз ақиқат осы. Кейде түсіру барысында режиссер актерлердің киімдерін де ұнатпай, қайта тіккізген кездері де болған. Мұндайда жоспарланған түсірілім бөлімін кейінге шегеруге тура келсе керек. Эпизоттық қайта түсірілімдер де қолбайлау болып, осындай жайлар үшін де Қожықов тиісті министрлік пен көркемдік кеңес тарапынан бірнеше рет сөгіс алғанын біреу білсе, біреу білмес. Белгілі режиссер Болат Шәріп сол кезде режиссердің ассистенті болатын. Оның да фильмді түсіру барысында Қожықовпен келіспейтін сәттері аз болмады. Бірақ Қожықов өз дегенінен қайтпады. Алған сөгістері жүйкесіне қанша тисе де, Қожықов фильмнің халық қалауынан шыққанын көздеп, бәріне де шыдап бақты. Фильм түсіріліп біткен кезде жүрек талмасын алған. Сол кезде ол небәрі 46 жаста ғана болатын. Фильмді түсіруге кеткен екі жылдай уақытта оның шашы бурыл тартып, бет әжімдері көбейіп, өзінің биологиялық жасынан едәуір кексе көрінді. Болат Шәріп: «Сұлтан Қожықовпен менің келіспеген жерлерім болса да ол «Қыз Жібекті» тамаша түсіріп шықты», − дейді. Осы фильм үшін Қожықов Қазақстан Мемлекттік сыйлығына ие болды. Ол сол сыйлыққа алған қаражатын фильмді түсіру барысында мемлекеттік жинақтау банкісінен алған қарызына құйған.

Ия, «Қыз Жібек» фильмі қазақ халықының талғамынан шықты. Өз халқың үшін жасаған туындыны өзгелердің де ұнататыны өмірде дәлелденген. Ғабит Мүсірепов фильмді көріп, Қожықовқа: «Қыз Жібек» көңілімнен шықты. Нағыз режиссер екенсің. Алғыстан басқа айтарым жоқ», − деп құттықтаған. «Қыз Жібекті» бірнеше шетелдер сатып алып, қазақ халқының мәдениетімен танысты. Осы орайда айта кететін бір жәйт фильмді шетелдерге таныстыруға Мәдениет министрлігінің өкілдері мен сол фильмде ойнаған бірқатар актерлер барған, ал басты рөлдерді сомдаған Құман мен Меруерт үнемі қалып кететіні жөнінде кезінде мерзімдік басылымдарда жазылған. Ағымдағы жылдың 10 наурызында Құман Тастанбеков 70 жасқа толды. Мерейтойын өзінің отбасында ғана өткізді. Халық құрметіне бөленген жанды Мәдениет және спорт министрлігі қалай ұмытқан деген ойға қалдық.

Тағы бір айта кететін жайт, биыл елден Жақан Сейітов Алматыға келді. Бұрын инженер болып істеген. Қазір зейнеткер. Ауылдың алты ауызынан құр алақан емес. Әуелгіде әңгімемізге ауыл жағдайы арқау болды да, соңы өнерге ауысты. Ол: «Бүгінгі балалар бұрынғы біздердей емес. Әдеби кітаптарды оқымайтын болды. Кейде аулаларда солардың «Шаншардан» көргендерін қайталап жатқанын көріп қаламын. Басқаны қойшы, «Қыз Жібекті» әжуалағанын айнытпай қайталап жатқаны. Айналасындағылар қыран-топан күлкіге батқан. Ұлттық құндылығымыздың қадір-қасиетінің кеткеніне ішім қыз-қыз қайнады. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын да бояпты» деген нақыл бар емес пе?! «Шаншар» басқа әзіл етерлік тақырып таппағандай «Қыз Жібекке» тиіскені несі. Содан бері қарай сол театрды көргім келмей қалды. Министрлік ай қарап отырған болар. Бірақ мен секілді біреу айту керек қой», − деді қынжылып.

Жақанның бұл уәжін орынсыз деп жоққа шығара алмадым.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

“Түркістан” газет

 
Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста