«Қыз Жібек» бізге қалай жетті?

Естеріңізде болса газетіміздің өткен сандардың бірінде біз биыл «Қыз Жібек» жырының 500 жылдығына орай, Мәдениет және ақпарат министрлігінің әлеуметтік тапсырыс аясындағы тікелей қолдауымен «Жерұйық» қоғамдық бірлестігі жырдың Жүсіпбек Шайхысламұлы жеткізген толық нұсқасын жарыққа шығарғанын жазған болатынбыз. Сол жинақтың тұсаукесерінде оны құрастыруға ұйытқы болған «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Төлепберген таяу аралықта Ғабит Мүсіреповтің сценарийі бойынша «Қыз Жібек» жырының музыкалық-танымдық радиоспектаклін Қазақ және «Шалқар» радиолары арқылы тыңдарманға ұсыну және жыл қорытындысы ретінде ғылыми конференция ұйымдастыру жоспарда барын айтқан болатын.

Осы орайда, жуықта М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Мәдени мұра» бағдарламасының тиімділігі және «Қыз Жібек» жырының 500 жылдығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды және сол жерде бірлестік басшысы жоғарыда айтқандай радиоспектакльдің әуе толқынына шыққандығын айтты. Әу бастан «Қыз Жібекті» ЮНЕСКО назарына іліктіруге тікелей күш салған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Сейіт Қасқабасов конференция тізгінін өз қолына алды.

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, академик:
– Өз жауһарларын қастерлеуде қырғыз және өзбек бауырларымыз бізден озды, сонау 1996-97 жылдары қырғыздар — «Манасын», өзбектер «Алпамысты» ЮНЕСКО-ның назарына іліктіріп, сол ұйым арқылы аталған жырлардың 1000 жылдығын атап өтті. Ол кезде мен Астанада қызметте болатынмын. «Алпамыс» түркіге ортақ дүние ғой, қызғанбай-ақ қояйық» деп, ешкім еншілеп алмай тұрғанда «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының 1500 жылдығын дәлелдеп, соны республика көлемінде жақсы тойладық. Бір өкініштісі, ЮНЕСКО-ға үлгере алмай қалдық. Содан соң келесі кезекті қалт жібермейік деп, «Қыз Жібек» жырының 500 жылдығы екенін дәлелдеп, ұсындық. ЮНЕСКО қабыл алып, құжаттар әзірлеуге 12 мың АҚШ долларын бөлді. «Шетелдерде тұсаукесерін өткізу керек» деген соң Үндістанда, Өзбекстанда «Қыз Жібектің» тұсаукесерін де өткіздік. Ары қарайғы істерін жасауды өзімізге тапсырып еді, әне-мінемен жүріп, якуттардың «Олонхосы» өтіп кетті, біз тағы да жайбасарлығымыздан сан соғып қалдық.

Көп ұзамай Ресейде үлкен бір конгресс болды, сол жерде Якутиядан келген ғалымдармен кездесудің сәті түсті. Біз олардан «сіздердің жырларыңыз қалай өтіп кетті» деп сұрадық. Сөйтсек, Якутияның мәдениет және сыртқы істер министрлерінің хат жазып, Ресейдің ЮНЕСКО-дағы өкілі бәрі жабылып жүріп, өткізіпті. Ал біз бойына сеніп, жылдан құр қалған түйедей қалып қойдық. Бұл намысымызға тиді, «Қыз Жібек» қалайда өтуі керек» деп құжаттарды қайта әзірлеп, қайта хат жазып, әйтеуір өткіздік қой.

1860 жылдары Шоқан Уәлиханов Солтүстік Қазақстан, Омбы жеріндегі қазақтарды шарлап шығып, ешқандай жырау таба алмапты. Ол жайлы ғалым өз жазбаларында: «Қозы Көрпештің толық нұсқасын Жанақ жыраудан ғана жазып үлгердім», — дейді. Себебі көп ұзамай Торғай өңірінде тұратын Жанақ қайтыс болған еді. Одан кейін Шоқан қайтыс болды, қоғамдық формация ауысты, сосын біздің эпостарымыз да біртіндеп «өле» бастады. Таяқтың екі ұшы болатынын ескерсек, кезінде орыс отаршылдары, бір жағынан, эпостарымыздың дамуына тежеу салып, барынша бұқтырып отырса, екінші қолымен сол эпостарымыздың кейбір жұқанасының қалып қоюына себін тигізді.

Серікбай ҚОСАНОВ, филология ғылымының кандидаты:
– «Қыз Жібектің» екі нұсқасын ерекше айтуға болады, бірі – Жүсіпбек Шайхысламұлы жырлаған нұсқасы, екіншісі – Мұсабай жыраудан жазып алынғаны. Осы Мұсабай жырау нұсқасын 1892 жылы Қазан маңында өмір сүрген Қарабай деген атақты шөмекей биінің асында орыстың Қазалыда тұратын Аничков деген офицері жазып алған екен. Сөйтіп, өзінің «Поездки на киргизские поминки» дейтін жолсапар жазбасында жырды толық түсірген. Мұсабайдың қалай жырлағаны жайлы «бірде қарасам төрде отырған Мұсабай құйрығымен жылжи отырып — есік аузында, келесі бірінде төрде отырды» деп бейнелейді автор. Бұл нұсқаның кириллицадағымен қатар араб қарпімен жазылған түрі де бар. Мұны 1959 жылы белгілі түркітанушы ғалымның қорынан тапқан біздің әдебиетші ғалымымыз – Мәлике Құмарова. Кітап болып басылып шыққан осы нұсқаларды қостанайлық Хакім Досмұхамбетұлы, Әлиакпар Досжанов, ақтөбелік Шәбай Қалмағамбетов, оралдық Қалима Өтеғалиева, Молдасейіт Төлепқалиев сияқты жыршылар жырлаған.

«Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», т.б қазақ фольклоры алаш зиялыларының тұсында қайта тіріле бастаған еді. Ғасыр басындағы ұлыларымыз Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхаммедов, Мұхтар Әуезовтер өздері қуғында жүрсе де, 1920 жылы Диваевтың басқаруымен Ташкентте эпостарды жарыққа шығаруға атсалысты. Мағжанның 1920 жылы «Сана» журналында жарияланған бір мақаласында «біздің кешегі желдей ескен ақын-жырауларымыздың бай мұрасы жоғалды. Заман өте ұмытылды» дейді. Мұхтар Әуезов 1922 жылы еңбегінде «Қыз Жібектің» Жүсіпбек Шайхысламұлы айтқан нұсқасын зерттеуге кіріседі. Дегенмен көп ұзамай аласапыран заман басталып кетті де, жыр-дастандарымыз бен бай әдеби мұраларымыздың басына қара бұлт төнді. Содан «қамауда» жатқан жырлар ХХ ғасырдың екінші жартысында бір-ақ бостандыққа шықты. Содан олар ғылыми зерттеулерге арқау болып, мәдени салада насихаттала бастады. Оған дәлел – «Қыз Жібек» операсы мен фильмінің дүниеге келуі.

Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды заңғар жазушыларымызбен қатар Құрманбек Жандарбеков, Евгений Брусиловский сынды ірі өнер тарландарының атсалысуы жырға заманауи келбет беріп, жұрт арасына кеңірек танылуына сеп болды. 1934 жылы жазылғаннан бастап, 1968 жылға дейін 1000 рет қатарынан қойылған «Қыз Жібек» операсы, бір жағынан, Күләш Байсейітова сынды қазақ өнерінің жарық жұлдыздарын шығарды. Әсіресе 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ мәдениетінің онкүндігінде «Қыз Жібектің» шоқтығы биік болғанын сол тұстағы баспасөз дәлелдейді. Бертін келе «Қыз Жібек» Сұлтан Қожықов сынды талантты режиссердің арқасында күні бүгінге дейін тамсана тамашалайтын кинотуындыға айналды. Қазақ фольклоры жауһарының бүгінге жету тарихы осылай болса, енді мерейтой қарсаңындағы іс-шаралар қалай? Негізінен, ғалымдар 500 жылдық барысында Алматыда конференция өткізуден бастап, Төлеген жүрген ізбен Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Атырау қалаларына экспедиция ұйымдастыруды, жыршылардың кешін өткізіп, соңында не Атырауда, не Ақтөбеде Махаббат ескерткішін қоюды да жоспарласа керек. Бірақ басшылық тарапынан мақұлданғандай болғанымен, нәтижесінде ешқандай қаулы қабылданбайды. Сондықтан жырдың мерейтойы былтыр емес, биыл аталып өтіп жатыр. Жырдың жинағы жарыққа шығып, еліміздің әр өңірінде конференциялар ұйымдастырылды, таяуда Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қыз Жібекті» Парижге апарып қоймақшы көрінеді. Жыл аяқталуға таяу, олай болса таяу күндерде Париж сахнасынан қазақ махаббаты жайлы туындыны тамашалап та қалармыз... 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста