Өткен сенбіде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Исрайыл Сапарбайдың «Қыз мұңы» атты лирикалық драмасы Төлеубек Аралбай мен Есмұқан Обаевтың сахналауында қойылды.
Бүгінгі заман оқиғасын арқау еткен спектакль тұсауының Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында кесілгені тегін емес. Спектакль сюжетіне жүгінсек, басты кейіпкерлердің бірі, суретші Ғазиз – ел егемендігін көксеп алаңға шыққан және сол үшін аяусыз жазаға тартылған желтоқсандық жастардың қатарынан. Оған бір көргеннен ұнап қалған Сағыныш – алаңдағы азапты, зорлық-зомбылықты суретші жігітпен бірге өткерген бейкүнә арумен кейіптес балауса жас. Сол себепті де Ғазиз оны «Ләззат» деп қабылдайды. Қиянатшыл тобырдың қыспағына түсіп, мезгілсіз қыршынынан қиылған құрбысын еске алып, «Қайран, Ләззатым!» деп іштей егіледі. Бірақ Ғазиз сүйгенінен айырылған шерлі ғашық па, әлде қаһарман қыздың ер намысын жаныған қайсар мінезіне, жастық жігеріне тәнті ойлы замандас па? Осы жағы күңгірт. Бір қарағанда, желтоқсанда аяулысын жоғалтқан және соның азабынан әлі арылмаған сыңай танытатын кексе жігіт келесі бір мезетте өзі суретін салған жап-жас қызға құлай кетеді. «Көзіңде мұң бар ғой... Жаңа ғана жайдары едің! Құдай-ау, қалай жіберіп алдым?!» деп аласұрады. Бірақ ол қандай мұң, неғылған мұң? Жанындағы жеңілтек құрбы-құрдастарының мінез-құлқына, іс-әрекетіне қарап, көңілінің құлазуы ма, балалы-шағалы, отбасылы бола тұра, мұны көңілдес орнында ұстағысы келетін қалталы да ықпалды Жарқынның емеурінінен жабығу ма? Олай дейін десең, енді бір мезетте Сағыныш «Сіз олардың өмірін білмейсіз ғой» деп құрбыларына ара түседі. Сондай-ақ «ән салмайтын, керісінше, ән айтқызатын» Жарқынның қымбат сыйлықтарын қымсынбастан қабыл алады, тартынбай ән салады. Сөйткен қыздың іле-шала суретші жігітке көңілі құлайды. Сонда не үшін? Суретін салғандықтан ба? Әлде түнгі клубқа арнайы іздеп келіп, туындысын тарту еткені үшін бе? Мысалы, сурет салу барысында әр нәрсенің басын шалып, үзіп-жұлып бірдеңе айтқандары болмаса, екеуінің түсінісіп, бір-бірінің жанын ұғысатындай жағдайға жеткені шамалы. Демек, тосыннан танысқан Ғазиз бен Сағыныштың табысуының сыры, себебі, жөн-жосығы нанымсыз. Сондай-ақ бұл қай уақыт? Егер де Желтоқсан оқиғасынан 20-25 жылдан кейінгі кезең дейтін болсақ, сол кездегі бозбала Ғазиз – бүгінде 40-45-тегі жігіт ағасы. Сағыныш – «Болашақпен» оқуға, шетелге бізді кім жіберсін? Жоғарыдағылардың байбатшалары барады-дағы» деп қапа болып жүрген, 20-ның үстіндегі жас бойжеткен. Осындай жас айырмашылығының өзі-ақ екеуінің арақатынасының дұрыс айқындалмағандығын білдіреді. Содан болар Ғазиз – біресе кексе жігіт (Арбатта сурет салып отырған кезі), біресе бозбала (түнгі клубтағы би үсті), біресе тіпті жігіт ағасы (генералмен әңгіме барысы) бейнесінде көрінеді. Осыдан келіп көрермен оны кім деп қабылдарын білмей шатасады.
«Қыз мұңындағы» сәтсіз шешімдердің бірі – Желтоқсан оқиғасы кезінде жастарды жазалаушы жендеттердің бірі болған, сөйтіп, биліктің айтқанын екі етпей, шаш ал десе, бас алып жүріп, генерал шеніне қол жеткізген кешегі капитанның Ғазизбен ашық әңгімеден кейін асып-сасып, күнәлары есіне түсіп, кенеттен жүрегі ұстап құлауы. Яғни соншама жыл бойы алаңсыз өмір сүрген, билік сатысымен өскен, дәурені жүрген, ұпайы түгел жендетті саптама етік киген, салт атты, сабау қамшылы суретші келеді де, кескен теректей сұлатып түсіреді. Бұл, бәлкім, «өмірде де осылай болса, Желтоқсан оқиғасына қатысы бар әрбір атқамінер кінәсі мен күнәсін ең әуелі өзінің ар-ұяты, сосын күллі халық, ұрпақ алдында мойындаса...» деген драматург арманы да шығар. Қалай болғанда да, спектакльдің шарықтау шегіндегі осы сцена біртүрлі қарадүрсіндеу, жасандылау болып көрінгені рас.
Көңілге тағы бір қонбайтыны – спектакльде айғай көп. Суретшіге ойда-жоқта өздері келіп сүйкенген жас қыздардан бастап, Ғазиз бен Сағыныш та, желтоқсандық жастарды сұраққа алған шолақ белсенділер де, түнгі клубтағы жастар да – бәрі-бәрі бір-бірімен тамағын жыртып сөйлеседі. Рас, жандары күйіп тұрған болар. Өне бойын ашу, ыза, кек буып, қандары бастарына шапшыған шығар. Бірақ ішкі сезімді жеткізудің айқайдан басқа жолы жоқ па?!
Драма тартымдылығын арттырудың бір амалы ретінде режиссердің қойылымға ән, би сценаларын көбірек енгізгені байқалады. Көрерменді бір мезет серпілтіп, көңілін баурау үшін бұл, мүмкін, қажет те шығар. Бірақ спектакльдің аты, заты, көтерер жүгі тұрғысынан алғанда, бұл ән-әуендер, билер өзін-өзі соншалықты ақтап тұр дей алмас едік. Әрине, талғамға талас жүрмейді. Бұл – «Қыз мұңынан» түйген біздің жеке ой-пікіріміз. Қалай дегенмен де, ойға қозғау салып, артық-кем тұстарын нұсқап жатса, құба-құп.
«Қыз мұңын» мұңдай алдық па?
Последние статьи автора