Қытай елі қазақ халқының мәдени өмірін арқау еткен «Гүлбике» фильмін экранға шығарды.
Қойылымды тамашалауға Қазақстанның Қытайдағы елшісі Икрам Адырбеков қатысқан. И.Адырбеков қойылымнан кейін тілшілерге берген сұхбатында «Гүлбике» фильмін Қытай қазақтарының мәдениетін, салт-санасын бейнелейтін бірегей туынды ретінде бағалайтындығын және алдағы күндерде бұл фильмнің Қазақ елінде көрсетілуіне өз көмегін жасайтындығын мәлім еткен.
«Гүлбике» фильмін Шыңжаңның Үрімжі қаласындағы мемлекеттік «Тянь-Шань» киностудиясы мен «Хуашиа» кино тарату жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесіп жасаған екен. Алғашқы түсірілім жұмыстары 2009 жылы мамырдың 8-інде Қытайдың Іле аймағының Текес ауданындағы Қаржау жайлауында басталған.
Сондай-ақ Алтай, Іле, Тарбағатай сынды қазақ аймақтарының көрінісі көз тартатын әсем жерлерінде түсіріліп, дала табиғатының көктем, жаз, қыс көріністері қамтылған. Фильм қазақ ұлтының ақындар айтысына деген құрметін және айтыс өнерінің жұртшылықты баурағыштық қасиетін ашып көрсетуді мақсат еткен. Картинада ақын қыздың осы өнерді бойына сіңіре жүріп, есею барысы баяндалады.
Сонымен бірге Қытайдағы қазақтар мекен еткен өлкенің тарихи-мәдени жарасымды өмір салтын, қазақ ұлтының думанға толы тіршілік ортасын, шынайы сезімін бейнелеп, халықтық ән-билер кеңінен дәріптеледі. Фильмнің режиссері – «Тянь-Шань» киностудиясының үздік режиссері Шеризат есімді ұйғыр ұлтының өкілі. Режиссердің осыған дейін жасаған фильмдері мемлекеттік және халықаралық сыйлықтарды жеңіп алған.
Басты рөлдерде Қытай қазақтарының арасынан шыққан белгілі актриса Пәтиха Мәлікқызы, «Шыңғысхан» фильмінде ұлы қағанның үзеңгілестерінің бірінің кейпін сомдаған Дәлелхан Қадырұлы және Роза, Әлімжан, Дабыл атты жас актерлермен бірге Жәния есімді 5 жасар кішкентай қыз Гүлбикенің балалық шағын ойнайды. Ал фильмге жұмсалған жалпы қаражат көлемі 9 миллион юаньді құраған.
Қытайда кино өндірісінің сапалық деңгейінің көтерілуі соңғы 20 жыл шамасындағы еңбектің нәтижесімен байланысты. Жылына 700-ден астам киноны өндіріске шығаратын Қытай мемлекеті қазірге дейін хансу ұлтының түгелге жуық тарихи тұлғаларын, елдік маңызға ие тарихи оқиғалар мен классикалық романдар желісін экран тілінде қайта жаңғыртып, көрерменге жеткізіп үлгерген. Қытай кино өндірісінің біраз жылдардан бергі жаңалығы – басқа ұлттар өмірінен сыр шертетін туындыларға басымдылық таныта бастағаны. Мұның бір дәлелі – «Көрікті мекеннен» кейін түсірілген осы «Гүлбике» фильмі.
Ал «Қытайдағы қазақ киносының тарихы қалай қалыптасты?» дегенге келсек, көрші елдегі тұңғыш қазақ фильмі Шыңжаңда 1953 жылы түсірілген «Қасен-Жәмила» фильмінен басталады. Сонымен қатар ертеректе түсірілген «Тәңіртаудың қызыл гүлі», «Айгүл», «Жайлаудағы мылтық даусы» тәрізді фильмдердің алар орны да – өз алдына бір төбе.
1980 жылдардан бергі уақытта түсірілген «Жетім қыздың махаббатты», «Қызбейіт», «Сержан», «Сахарадағы Дәлеш», «Жусанды дала», «Бөрі соқпақты боз дала», «Айсырға» фильмдері де – көрерменнен лайықты бағасын алған дүниелер. Қанша жерден жаһандану кеңістігінде өмір сүріп жатырмыз деген күннің өзінде, ұлттық болмысымыздың түптамырынан, дәстүрлі мәдениетімізден қол үзбеуіміз керек. Қазақи кестелі, ұлт рухына сайма-сай түсірілген туындылар қоғамда қашанда сұраныс тудырмай қалмайды.