Қытай түркологтарының пірі
Өмірде тәңір жаратқан түр-тұлғасы, бітім-болмысы һәм айрықша ақыл-парасатымен айналасын нұрландырып тұратын жандар болады. Дәл сондай даналар ғана тұтас адамзат жаратқан ізгі құндылықтарды ұлыс пен ұлтты алаламастан зерттеп, зерделей отырып, бойына сіңіріп, адамзат өркениетінің өрісін кеңейте түсері хақ.
Біз сөз еткелі отырған кісі Қытай астанасы Бейжің қаласында орналасқан Орталық Ұлттар университетінде табаны күректей 56 жыл еңбек етіп, Қытайдағы түркітілдес бауырлас ұлттардың тіл танушыларын, әдебиет майталмандарын, журналистер мен кәсіби аудармашыларды өз қолымен баулып өсірген ұлағатты ұстаз – профессор Гың Шымин. Ол кісіні жұрт «Қытай түркологтарының пірі» деп атайды. Ұстаз бүгінде 80-нің сеңгіріне қадам басты.
Болашақ ғалым 1929 жылы 28 қарашада Қытайдың Жяңсу өлкесі, Шүйжоу қаласында өмір есігін ашты. Оның болашақ өміріне берік негіз қалаған сол кезде канадалық дін таратушы пірадарлар тарапынан ашылған шіркеу мектебі еді. Мектептің ең басты ерекшеліктерінің бірі оның шет тілдерін және әлем тарихын аса ыждағаттылықпен үйрететіндігі еді. Ғалым осы жерден қазақ, қырғыз, татар, түрік, әзірбайжан, қарақалпақ, ұйғыр, өзбек, сарыұйғыр, сала тілдері сынды туыстас түркі тілдерін толық меңгерумен қоса, ағылшын, орыс, неміс, француз және жапон тілдерін еркін меңгеруге мүмкіндік алды. Сөйтіп, 1949 жылы ұстаз Пекин университетінің шығыстану факультетіне оқуға түсті, содан 1952 жылы Орталық Ұлттар университетінің ұлттар филологиясы факультетіне ауысып, қазақ тілін үйренеді. Аталған университетте 1953 жылы Қытайда тұңғыш рет қазақ филологиясы мамандығын ашты. Содан бері ғұлама ғалым түркі тілдері мен түркі әлемін зерттеуге тұтас саналы ғұмырын арнап келеді.
Дайын асқа тік қасық болып қолға іліккен материалдарға жылы кабинетте отырып талдау жасап, кітап жазуды еңбекқор ғалым ерекше жек көреді. Өмірінің ондаған жылын Алтайдан Памирге, Гәнсудан Тибет үстіртіне дейінгі ұлан байтақ өлкені аралап, осында қоныстанған түркі тілдес халықтардың арасынан материалдар жинап зерттеумен айналысты. Алтай аймағында тұратын моңғолдардың «ақ моншақ», «көк моншақ» деп аталатын тайпалары байырғы тува тілінде сөйлейтіндігін осы зерттеу барысында ашып қағазға түсірген әлемдегі тұңғыш түрколог болды.
Түркілер қолданған ежелгі жазулар – ежелгі анге-күсән тілі, тоқар тілі, хотан сақ тілі және осы өңірдің тарихы мен мәдениеті, ұстанған діндері де еңбекқор ғалымның қаламынан қағыс қалған жоқ. 1970 жылдардың соңын ала ежелгі түркі тілдерін өзек ете отырып, осы заманғы сарыұйғыр, тува тілдерін салыстыра зерттеп, түркология әлемін дүр сілкіндірген құнды зерттеулерін бірінен соң бірін жариялады. Ғалымның 23 монографиясы, 18 аударма кітабы, 200-ден астам зерттеу еңбектері қазақ, қытай, ұйғыр, ағылшын, француз және жапон тілдеріндегі ең таңдаулы ғылыми басылымдарда жарық көріп, әлем түркологтарының назарын өзіне ерекше аударды.
Халықаралық Орал-Алтай ғылыми қоғамының төрағасы, Германияның түрколог алыбы, профессор А.Фон Габайн мырза: «Біз жапон әріптестеріміздің ерте заман түркілерінің мәдениетін зерттеп, қолға келтірген табыстарына қуанып едік. Олардың ішінде ең әйгілісі профессор Ханеда болды, ал қазір біздің қытайлық әріптесіміз де кіндік Азия және түркі мәдениетін зерттеуден аса зор табысқа қол жеткізіп отыр. Олардың бірегей уәкілі профессор Гың Шымин мырза... Профессор Гың Шыминды нағыз филолог деп атауға тұратын кісі.
Ол қысқа ғана уақыт аралығында кіндік Азияның түркі тіліндегі деректері, буддизм, манихей діні және қазіргі заманғы қазақ тілі туралы қыруар ғылыми еңбектерін жариялап, біздің кіндік Азия және ежелгі түркі жазуы жөніндегі білім қорымызды байыта түсті», – деп ағынан жарылған болатын. Қытайдың 80-жылдардан басталған сыртқа есік ашу саясаты кемел жастағы талантты түркологтың зерттеу көкжиегін әлемдік аренаға кеңейтті. Онсыз да көптеген шет тілдерін еркін меңгерген ұстаздың орыс тілін елуден асқан шағында дәл біздің көз алдымызда бір-ақ жылдың ішінде қалай меңгеріп алғанының куәсі болып ерекше таңданғанымыз әлі есімде.
Ғалымның еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол қазір Қытайдың Алтайтану қоғамының құрметті төрағасы, Қытай түркология қоғамының төрағасы, Қытай тарихы мен мәдениетін зерттеу қоғамының тұрақты мүшесі, АҚШ Калифорния университеті «Түркология ғылыми журналының» және Түркияның «Түркі тіліне зерттеу журналының» кеңесшісі. 1981, 1983 және 1992 жылдардағы Германия Хумболдт қорының «Халықаралық әйгілі оқымыстылар стипендиясы мен сыйлығының» үш мәрте иегері. Бұған қоса, ғалым 2000 жылы Халықаралық Алтайтану ілімі тұрақты кеңесінің (РІАС) алтын медалінің иегері атанды. Және сол жылы ұстаз Түркия ғылым академиясының құрметті академигі болып сайланды.
Оның табысты зерттеулері талай-талай мүйізі қарағайдай әлем түркологтарын өзіне тәнті қылып, осы саладағы аса актуалды тақырыптарды бірлесіп зерттеуге жетеледі. Әлемнің ең беделді оқу орындарының мінберінде ғалымның қоңыр үні сан мәрте жаңғырды. Олардың ішінде Германияның Гиоттинген университеті, АҚШ-тың Индиана университеті, Францияның Париж университеті, Ұлы Британияның Лондон университеті, Жапонияның Киото университеті, Данияның Гэвенхаген университеті, Түркияның Анкара және Стамбул университеттерінің аудиторияларында ғалым іздері күні бүгін сайрап жатыр.
Ұлы Абайдың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өсиеті дәл осы профессор Гың Шымин сияқты дегдар дарындарға арнап айтылса керек.
Біз ұстаздың елуді еңсерген кемел шағында алдын көріп, білімінен сусындаған бақытты ұрпақ екенбіз. Ұстаз білімімен ғана емес, тұтас болмыс-бітімімен түрік тектес ұлттардың бір бөлшегі сияқты болып көрінетін бізге. Ғалымның кең пішілген етжеңді бітімі, қауғадай басы, толығымен ағарған қою шашы, тіпті бауырсақ мұрнына дейін біз үшін ерекше ыстық болушы еді.
Ол кісі: «Әр нәрсені үзіп-жұлмай түп-нұсқадан оқыған жақсы, әрине. Бірақ адам бір нәрсені мақсатсыз оқымайды ғой. Кейбірің тіпті болашақта саясатпен айналысқыларың келетін шығар. Саясатпен айналысу деген сөз – бастық болуға ұмтылу деген сөз. Қоғам болған соң бастықсыз болмайды. Менің ойымша, сендер бірінші кезекте ғалым болыңдар. Ғалым адамдар, білімді адамдар елді ақылмен басқарады», – дейтін. Бірақ дегдар ғалым өзі бастық болуға ешқашан талпынған емес.
Ұлағатты ұстазға түркі әлемі ішінде біз сияқты төл шәкірттері ғана емес, тұтас бір ұлт қарыздар ғой деп ойлаймыз. Сонау 1950 жылдардың басынан қазірге дейін дәл осы оқу ордасынан қазақ филологиясы мамандығы бойынша мыңнан астам қазақ жастары тәрбиеленіп шықты. Бүгіндері әлденеше буынға жалғасқан осы мамандық иелері Қытайдағы қазақ мәдениетінің ең басты тіректеріне айналды. Және халықаралық беделді оқу орындарында да дәріс беріп, ғылыми зерттеумен айналысып, түркітану мен қазақтану саласында еселі үлестер қосып келеді.
Ұстаздың бастамасымен Орталық Ұлттар университетінде құрылған қазақ филологиясы бөлімі 2004 жылы арнайы қазақ филологиясы факультеті болып құрылды. Бүгінде аталған факультетте бакалаврлар, магистрлар, докторанттар болып 200-ден астам қазақ жастары білім алуда. Бұл Қазақстаннан тысқары әлемдегі бірден-бір қазақ филологиясы факультеті екендігін астын сыза отырып, ерекше атауға тиіспіз.
«Жақсыдан – шарапат» дейді қазақ, ұстаздың шарапатымен атқарылып отырған игі істерге ұзақ ғұмыр тілеп, ұлағатты ұстазымыздың 80 жасымен құттықтап, денінің сау, отбасының бақытты болуын, алдымызда асқар таудай болып ұзақ жасауын тілейміз!