«Қыран-топан» болады
Сатира – қашанда күштілер қаруы саналған. Әдебиеттің осы бір жауынгер жанры арқылы қоғамның қаншама көлеңкелі тұсы ақтарылып, қаншама шындықтың беті ашылды?
Сын-сықақ, әзіл-күлкіге адамдар соншалық құмар болатыны да сондықтан. Күлдіре отырып ойланту, келемеждеп отырып ұялту, қалжыңдап отырып ақиқаттың бетін ашу – ол шын сықақшының шеберлігіне байланысты. «Қисық сөз күлмекке керек» деп қалжыңдайтын қазақ «Құдайым күлкіден айырмасын», «Езуіңнен күлкі кетпесін» деген игі тілекті жиі айтады. Алда көктеммен ілесе келетін Күлкі күні келе жатыр. Күнделікті тіршіліктің күйбеңінен арыла алмай жүрген біздер үшін 1 сәуірдің орны ерекше. Өмірімізді ойын-сауық пен күлкіге толтырып, көңілімізді бір серпілтіп тастайтын осы бір көктемнің бейқам күнінде жер-жерде қызықты шаралар ұйымдастырылып, ел-жұрт та бір-біріне әзіл-қалжыңын арнап, бір жасап қалып жатады. Күлкі күні қарсаңындағы сондай бір шара Қазақстан Жазушылар одағында биыл тағы да өткізілмекші. Жазушылар одағы сатира кеңесінің ұйымдастыруымен жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл әзіл-сықақ кеші «Қыран-топан» деп аталады. Кешке елімізге есімдері белгілі сатирик жазушылар мен әзілқой өнерпаздар қатыспақ. Көрерменін күлкіге қарық қылатын бұл кештің жүргізушісі – қазақтың танымал сатирик жазушысы Көпен Әмір-Бек. Сонымен қатар ұйымдастырушылар өз өнерін ортаға салып, татымды әзілімен бөліскісі келетін талантты жастарға Жазушылар одағының сахнасынан орын ұсынылатынын айтып отыр. «Қыран-топан» күлкінің куәсі болғыңыз келсе, 31 наурыз күні сағат 17.00-де Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйіне келіңіздер.