Қыдырып жүріп, «мамонтқа» тап болды
Башқұртстан астанасы Уфа қаласының тұрғыны Нафиса Билалова ойламаған жерден мамонттың бел омыртқа сүйегін тауып алып, оны Ресей ғылым академиясы Уфа ғылыми орталығының археология және этнография мұражайына сыйға берген.
Тарихи олжаға тап болған уфалық келіншек сүйекті демалысқа шыққан кезінде, өзен жағалауында қыдырыстап жүргенде тапқан. Мұражайдың ғылыми қызметкерлерінің айтуынша, сүйекке әлі толық зерттеу жүргізілмеген, алайда мөлшеріне қарағанда мамонттікі екенін бірден танып-білуге болады. Сондай-ақ олжаның бел омыртқа сүйегі екендігі анықталған.
Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта бұл мұражайда бұған дейін де табылған мамонт сүйектерінің бірнеше бөліктері сақталған. Олар облыс аумағында жүргізілген әртүрлі құрылыс жұмыстары кезінде табылған. Бір қуанарлығы, табылған олжаларды жергілікті тұрғындар жеке бас пайдаларына жаратпай, мұражайға сыйға тапсырған. Сонымен қатар олжалы болған адамдар заң бойынша табылған заттың құндылығына сай белгілі бір пайыз ақшаға ие болыпты. Ал мамонт сүйегін тапқан Нафиса олжа құнының қанша пайызын алатыны мамандар сүйекті толық зерттеп болған соң белгілі болады.
Тағы бір дерек: жақында палеонтолог ғалымдар Жайық өзені жағалауынан кемінде 50 мың жыл топырақ пен судың астында жатқан мамонттың бас сүйегіне арнайы зерттеулер жүргізген. Бас сүйекті балықшылар тауып алған. Ғалымдар Жайық өзені жағалауы көне замандарда мамонттар мекенінің бірі болуы мүмкін екендігін де жоққа шығармайды.