Қуыршақ жасау – өнер
Бүгінде үлкендерге арналған қуыршақтарға әлем жұртшылығының қызығушылығы күн өткен сайын артып келе жатқаны байқалуда. Ал ондай қуыршақ жасаушылар көп емес. Десек те, ғаламтордағы дүкендерде мұндай дүниелердің құны миллиондаған теңгеге де жетіп жығылады екен.
Бұл туралы Қарағанды облысы Теміртау қаласында тұратын қуыршақ жасаушы шебер Ольга Ивкина айтады. Шебердің авторлық қуыршақтарын өзіміз бағаламағанымызбен, сырт ел құндап отыр. Ресейдің интернет-дүкендері Ольганың қиялынан туған адамға етене ұқсас қуыршақтарын 9 мың рубль, яғни 45 мың теңгеге бағалапты.
Екі жылдан бері бұл іспен айналысып жүрген суретшінің туындыларын алыс-жақындағы шетелдіктер сатып алып отыр. Оның мұндай шығармасы жиырмаға жуық. Бұл қуыршақтар кәдімгі келбеті адамға лайықталып жасалған, қол-аяғы қозғалады. Суретшінің айтуынша, Ресейде мұндай шығармашылықпен айналысатын әріптестерінің алар қаламақысы да жоғары екен.
Ольга ИВКИНА, суретші:
– Қуыршақтарды жасау үшін адамның көңіл күйі орнықты, жан дүниесі алаңсыз болуы тиіс. Ал егер күйгелек болып, мазаңыз кетсе, жүйкеңіз жұқарған болса, одан ештеңе өнбейді. Сондықтан мұндай ойыншықтарды жасау үшін жан тыныштығы да қажет.
Қуыршақтар папье-маше қағазынан жасалады. Суретшінің айтуынша, фарфордан, пластиктен жасалған қуыршақтар сынуға бейім әрі салмағы ауырлау келеді. Оның қасында папье-машеден жасалғандар жеңіл, икемді. Сонымен қатар қолжетімді, мықты материал. Өкінішке қарай, елімізде адамға ұқсас бұл қуыршақтарды коллекция етіп жинаушылар жоқтың қасы. Есесіне, дүниежүзінде бұған қызығатындар аз емес болса керек. Мәселен, Барбара Бушта осындай 500 қуыршақ бар деген дерек бар.