Алдағы 8 сәуір күні Алматыда «Құрманғазы мұралары» деп аталатын үлкен концерттік шара өтеді. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып отырған концертте Қазақстанның халық әртісі Тұяқберді Шәмілов көркемдік жетекшілік ететін Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық оркестрі өнер көрсетпек.
Бағдарлама барысының бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегендіков. Жеке орындаушылар арасында әншілерден Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, халықаралық конкурстардың лауреаты Дәлел Уәшев, домбырашылардан мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Бауыржан Мықтыбаев, Құрманғазы атындағы конкурстың бас жүлдегері Арман Жүдебаев және республикалық байқаулардың лауреаттары Сәбира Бибатырова мен Руслан Баймұхатов бар. Ән мен күйге төрден орын ұсынбақ осынау шараны Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Тұрарбек Хайралиев жүргізеді.
Құрманғазының «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Ертең кетем», «Бозқаңғыр», «Пәбескі», «Терезеден-есіктен», «Бозшолақ», «Бұқтым-бұқтым», «Не кричи, не шуми», «Арба соққан», «Аман бол, шешем, аман бол» сияқты күйлері кезіндегі қазақ қоғамы бастан өткерген зобалаң жылдардың шындығы іспетті. Ал «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Назым», «Қызыл қайың», «Ақжелең», «Балқаймақ», «Бұлбұлдың құрғыры», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Қуаныш» сияқты күйлері әр қазақтың рухын оятып, жүрегін шымырлатпай қоймасы анық. Күй кешінде Құрманғазының кең тараған күйлері ойналып, қазақтың дәстүрлі әндері орындалмақ. Қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазының бай мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған бұ концертік жоба алдағы уақыттарда да еліміздің өзге де өңірлерінде жалғасын таппақ.
Қаперге!
Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жерде дүниеге келіп, 1896 жылы Астрахань (Ресей) облысындағы Құрманғазы төбе деп аталатын жерде көз жұмған. Құрманғазы дәулескер күйші Соқыр Есжанның алдын көріп, Дәулеткерей сияқты жайсаң күйшімен сырлас болып, Шеркеш, Байжұма, Баламайсан сияқты күйшілерден өнеге алған.