Қазақстандық актриса Құралай Анарбекова отбасы, бала күніндегі кейбір естеліктері мен ата-анасы жайлы айтты. Актриса ауруханадан ауырып шығып, аман қалғанын баяндады. Өмірде тіл-көзден қатты қорқады.
Бұл туралы актриса “Менің өмірім” бағдарламасында айтылды.
Құралай Анарбекова көрерменге “Менің күнәлі періштем” атты туынды арқыkы көз таныс. Ал “Жаужүрек мың бала” фильмі арқылы елге етене таныла бастады.
“Мен бұрыннан биді жақсы көретінмін. Би билейтінмін. Ал киноға түспес бұрын Қазақфильмге барып, резюмелерімді өзім таратқан едім. Телефон нөмірлерімді қалдырдым. Би билеген видеоларымды қалдырдым. Ол видеоны Талғат Теменов мырзаға көрсеткенде бірден мені таңдаған екен. Кейін өзінің алдында кастинген өттім. Үш би билеп бердім. Сол кезде маған “сені жарты жылдан бері іздеп жүрміз” деді. Солай мені таңдады. Би билейтін, әдемі, актерлік қабілеті бар, сымбатты қызды көп іздепті. Солай мені таңдады”, –деді Құралай Анарбекова.
Актриса осылайша “Жаужүрек мың бала” фильмінің басты рөлдерінің біріне де таңдалғанын айтады. Кино әлеміне келуіме би билей алу өнерім себепші болды дейді. Одан бөлек модельдік сымбаты мен келбеті оң пайдасын тигізген.
Актриса желіде белсенді емес. Тіл-көзден сақтану мақсатында жеке өміріне қатысты дүниелерді жарияламайтынын айтты.
“Мен бала күнімде қатты ауырдым. Ауруханада анам екеуміз жаттық. Бірақ дәрігерлер мені емдей алмайтынын айтып шығарып салған. Тіпті “адам болмайды, бір-екі апта ғана өмірі қалды, қоштаса беріңіздер” деді. Анам қатты жылады. Бұл көрініс менің көз алдымда. Солай анам бар мүмкінікті пайдалануға тырысып, көріпкелге апарды. Ол кісі қасымыздағы бір әйелдің көзі тиген деді. Үш рет түкіртіп ал деп кеңес айтады. Анам оның айтқанын істейді. Мен солай жазылып, жүгіріп кеттім. Содан бастап тіл-көзге сенемін. Одан сақтануға тырысамын. Көлігімді, жеке өмірімді, азаматымды көрсете бергім келмейді. Оны шығармашылықпен араластырғым келмейді”, – деді актриса.
stan.kz