Құқықтық ғылымның патриархы еді...

Құқықтық ғылымның патриархы еді...

Алаш жұрты алып абызынан, ұлы дала дарабозынан, қазақ ғылымы қара нарынан айырылды. Тәуелсіздіктің туын тігіп, азат елдің Ата Заңын әзірлеуге белсене үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ заң ғылымының тұңғыш академигі Салық Зиманұлы Зиманов ағамыз тоқсан жасында артына телегей-теңіз мұрасын аманаттап бақиға аттанып кете барды. Дәуірінің дарабозы, талай буынға ұстаз болған академик Салық Зиманов – көрнекті заңгер-теоретиктердің бірі, танымал мемлекет зерттеушісі, Қазақстандағы қоғамдық-саяси ой тарихының шежірешісі, оқу-ағарту ісін ұйымдастырушы, ұлттық әдет-ғұрып құқығын зерттеуші ғалым еді. Желтоқсан оқиғасы кезінде жастарды қорғап алаңға шыққан, Колбиннің көзінше қазақ мемлекеттілігінің көне тарихын қозғаған, сол кездегі басшылар қателігін бетке айтқан қаһармандық істері ел жадында.
Салық Зиманұлы Зиманов 1921 жы­лы 19 ақпанда Гурьев қаласында, қазіргі Атырау қаласында туған, сонда 1938 жылы Жамбыл атындағы орта мектепті бітіріп, Форт-Шевченко қаласындағы қазақ орта мектебінде математика мен физика пәні мұғалімі болып жұмыс істеді, сол жерде бір жылдан кейін әскерге ша­қы­рылып, Грузияда әскери борышын өтеп, соғысқа қатысты. Ұлы Отан соғысы бас­талған кезде ол Бас Кавказ жотасында жаудың жолын бөгейді.
1941 жылдың қыркүйегінен Салық Зи­манұлы түрлі майдандарда – Оңтүстік За­кав­каздық, Солтүстік Кав­каз­дық, Степ­ной, Воронеж, 2-ші Украиналық және 2-ші Бе­лорусстық әскерлердің сол­түстік бөлімшелерінде соғыса жүріп, әс­кери жолдастарымен Бугтан, Днепр­ден, Одер­ден өтті. 1943 жылдың желтоқсанынан соғыстың соңына дейін бес танк армиясында сегіз механикалық корпуста болды, басында дивизион командирі, содан кейін 615-минометтік полктің саптық бөлімі ко­ман­дирінің орынбасары, ал соғыстың соңғы айларында 66-ме­ханикалық бригаданың артиллерия бойынша ко­ман­дирінің орынбасары болды.
Төрт рет жараланған. Кеңес Одағы әс­керінің құрамында Кубань, Воронеж, Харьков, Кировоград, Кременчук қала­ларын азат етуге, Данциг, Кенигсберг қалаларын алуға қатысқан. Осылайша, Берлинге де жетіп, жеңіс туын қадауға үлес қосты. Соғыс аяқталғаннан кейін бір жыл­дан соң С.Зиманов артиллериялық полк штабының бастығы бола тұра әс­кер­ден қайтты. Әскери зор еңбектері үшін Ұлы Отан соғысының I дәрежелі орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, «За участие в героической обороне Кавказа», «За участие в героическом штурме и взятии Кенигсберга» медальдарымен және басқалармен марапатталған.
Армиядан елге оралған соң Гурьев об­лыстық прокуратурасында тергеуші – аға тергеуші (1946-1947), Қазақ ССР прокуроры жанында маңызды істер бо­йынша тергеуші (Алматы, 1947-1948 жж.) болып еңбек етті.
Салық Зиманұлын Қазақстанның жо­ғарғы заң білімінің және құқықтық ғы­лымының патриархы деп атауы тегін емес. Өнегелі бар ғұмырын Қазақ­станның саяси және құқықтық тарихын зерттеуге арнады. 1948 жылы сырттай Бүкілодақтық заң институтын бітіріп, ол өзінің негізгі қызметін Ұлттық Ғылым академиясымен байла­ныс­тырды, 1950 жылы аспирантураны тамамдап, заң ғылымының кандидаты атан­ды. Канди­даттық диссертациясының та­қы­рыбы — «Бөкей хандығы және оның саяси-құ­қық­тық құрылысы». Салық Зиманов 1961 жылы «ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақ­станның қоғамдық-саяси құрылысы» деген тақырыпта докторлық диссерта­циясын қорғады. Өмірі ғылыммен егіз еді. 1948-1952 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Философия және құқық институтында аға ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі. 1952-1954 жылдары – Алматы мемлекеттік заң институтының директоры. 1955 жылдан – Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінің деканы. 1958-1969 жылдары – Қазақ ССР Ғылым академиясының Философия жә­не құқық институтының директоры. 1969-1995 жылдары – Қазақ ССР Ғылым ака­демиясының Философия және құқық институты, кейіннен Мемлекет және құ­қық институтының құрамына шық­қан мем­лекет теориясы мен тарихы бөлі­мі­нің меңгерушісі. 1976-1977 жылдары – Қазақ ССР Ғылым академиясы Пре­зи­диу­мының бас ғылыми хатшысы. Қазақ ССР-інің халық депутаты, ҚР Жо­ғарғы кеңесі комитетінің төрағасы әрі Пре­зи­диум мүшесі (1990-1995). 1996-2003 жылдары ҚР ҒА Мемлекет және құқық институтының құрметті директоры. 1995 жылдан бері – Академиялық құқық­тық ин­ститут – Қазақ академиялық уни­вер­си­тетінің ректоры. 2004 жылдан бастап өмі­рінің соңына дейін – «Интеллектуал-Па­расат» заң компаниясының Бас директоры қызметін атқарды.

Ол әмбебап һәм энциклопедист ға­лым, зерттеу жұмыстарының ауқымы өте кең заң ғылымы мен қазақтың ілкідегі үк­ім-кесімдерін, дәстүрлі сот билігін шебер ұштастырып, осы бағыттағы соны зерт­теулерге даңғыл жол салды.
230-дан астам ғылыми мақала жазып, бірнеше іргелі зерттеулер мен еңбектерін артына қалдырды. Үштомдық «Кеңестік Қазақстанның мемлекеті мен құқығы та­ри­хының» бас редакторы (1956-1964). «Қазақтың ата заңдары – Древний мир пра­ва казахов» атты 10 томдық іргелі ең­бек­тің жетекшісі, бас редакторы әрі әзір­леу­шілердің бірі. Бүгінгі күні тоғыз томы толық жарыққа шықты (2004-2009). 18 монографияның авторы, олар: «В.И.Ленин и советская национальная государственность в Казахстане» (1970), «От освободительных идей к советской государственности в Бухаре и Хиве» (1976), «Общая теория права и ее место в курсе теории государства и права» (1979), «Россия и Букеевское ханство» (1982), «Теоретичес­кие вопросы советского национально-государственного строительства» (1987), «Кон­ституция и Парламент РК» (1995). «По­ли­тические взгляды Ч. Валиханова» (в соавторе с Атишевым А.) (1968), «Теория и практика автономизации в СССР» (2001), «Государство и контракты в сфере нефтяных операций» (2007), «Казахский суд биев – уникальная судебная система» (2008), «Казахский академический университет и государственно-правовая наука» (2008) және т.б.
Салық Зиманов Парламент қабыр­ға­сында Тәуелсіздікті нығайтуға зор еңбек сіңірді. 1990 жылы С.Зиманов республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды және тез арада белсенді заңнамашылар қатарына қосылды. Ол Парламенттің бір комитетінің төрағасы болып тағайындалды, Қазақ ССР мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның жобасын дайындауда комиссияны бас­қар­ды. Оның тікелей қатысуымен басқа маңызды саяси құжат – «Қазақстан Республикасы мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң дайындалды. Ол мемлекеттің жаңа Конституциясының жо­басын дайындауда сарапшылар тобын басқарды. 1994 жылы С.Зиманов екін­ші рет Жоғарғы Кеңестің XIII шақыр­ты­лы­мының депутаты болып сайланды.
ҚР ҰҒА академигі Салық Зиманұлы Зиманов мемлекеттің өркендеуіне, отан­дық ғылымның дамуына қосқан өл­шеусіз үлесі үшін Президенттің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы бірінші сый­лық­тың иегері, «Па­расат» орденінің, ғылым саласында Қа­зақстан Республикасы Мем­лекеттік сый­лығының иегері атанды, Аты­рау облы­сының және Алматы қаласының Құрметті азаматы атағы берілді.
Жексенбі күні, яғни 6 қарашада сағат 10.00 ден 11.00-ге дейін Абай атын­дағы Мемлекеттік ака­демиялық опера және балет театрында заң ғылымының док­торы, Ұлттық Ғылым академиясының ака­демигі Салық Зимановпен қоштасу өтеді.
Тәуелсіз қазақ елінің Ата Заңын әзірлеуге белсене атсалысып, ұлттық-мемлекеттік құрылыс теориясы мәселелерін зерттеуде жаңа ғылыми бағытты қалыптастырушы ғалым Салық Зиманұлының өнегелі өмірі мен мол мұрасы – мәңгілік ел жадында, мәңгілік Қазақстанмен бірге жасай бермек!
Жаныңыз жаннатта болсын, әз аға, аңыз аға, абыз аға!

Мұрат Жұрынов, академик, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті:
Жақсы адамның өлген күні болмайды
– Салық аға – ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, ғұлама ғалым, елі үшін атқарған еңбектері ерен, өсіп-өніп келе жатқан жастарға өнеге болатын еліміздің ірі тұлғасы, заңтану ұлттық ғылымының негізін салған ғалымның бірі, юрис­пруденцияның мемлекеттік деңгейдегі жетекші ғалымы.
Ол – Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысып, иығына әскери полковник погонын тағып қайтқан қазақтың батыр ағасы. Сұрапыл соғыстан кейін де қаймана қазақ жұртының еңсесін көтеруге бағытталған ғылым майданына, Қаныш Сәтбаев бас­та­ған зиялы қауымның қатарына келіп қосылды. Сол кезден бастап Салық аға Қазақ КСР Ғылым академиясында жұмыс істеді. Ұзақ жылдарғы еңбегінде ол кісі бас хатшы қыз­метіне дейін көтерілді. Академия жанындағы Философия және құқық институтының ди­ректоры болды. Одан кейінгі өмірінде осы академия атынан ұсынылған бес орынның бірі бойынша Қазақ КСР Жоғары кеңесінің алғашқы сайлауында депутат болып сайланды.
Колбин заманында бірінші болып мінберден сөз алып, «қазақ тілі мәртебесін мемлекеттік ету керек» деп Сұлтан Сартаев екеуі батыл пікір айтқан болатын. Іле-шала ақ түйенің қарыны жарылып, қазақ өз Тәуелсіздігін алып, алғашқы Ата Заңымызды қабылдадық. Сондай тарихи да мәртебелі сәтте ол кісі еліміздің Конституциясының іргесін қалауға жан-тәнімен атсалысты.
Міне, осындай-осындай қилы заманды бастан өткеріп, тарихи маңызды істердің басы-қасында болып жүрген ірілігіне қарамастан, Салық аға өмірде өте қарапайым адам болатын. Жақын тұтқан адамнан ақылын аямайтын. Бүгінгі академияның президенті ретінде ол кісімен көп мәселелер бойынша сұхбаттасушы едім. Ауырып қалғанын естігенде қасынан табылып, Тәңірден жан жарасының жазылуын тіледік.
Өзі сезген болуы керек, осы бейсенбіде ауруханадан үйіне шыққан екен. Ертеңінде, барша мұсылманның қасиетті күні – жұмада көз жұмды. Иманы жолдас болғай! Ал жер­леу күні – жексенбіде, құрбан айтқа келіп тұр. «Жақсы адамның өлген күні болмай­ды» дейді бабаларымыз. Міне, осындай ағамыздың қазақ жұртының жадынан ешқашан өшпейтіндігіне кәміл сенім­дімін.


Елбасы академик Салық Зимановтың отбасына көңіл айтты
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі ғалым, көрнекті қоғам қайраткері, халқымыздың мақтан тұтар аяулы перзент­те­рінің бірі Салық Зиманов­тың өмірден озуына байла­нысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.
«Салық Зиманов отандық заң ғылы­мы­ның дамуына, құқықтық мемлекеттің қалыптасуына, тәуелсіз еліміздің өркен­деуіне өлшеусіз үлес қосқан зиялы тұл­ға еді. Ол кісі шын мәнінде кісілік пен дана­лықтың үлгісіндей, әділдіктің таразысындай абыз ақсақалымыз болатын. Адамгершілік қасиеттері мол, жаны жайсаң, жүрегі кіршіксіз, абзал азаматтың елге сіңірген ең­бегі мен жарқын дидарын халқымыз әр­дайым жүрегінде сақтайды деп сене­мін. Оның ғылымдағы мол мұрасы мен ғиб­ратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Марқұмның топырағы торқа, жаны жаннатта болсын», – делінген жеделхатта.


Қуаныш СҰЛТАНОВ, Сенат депутаты:
Қазақ заңгерлерінің атасы
– Рухани әлеміміздің көрнекті өкілі, аса ірі тұлғасы, ұлтымыздың келбетіндей ға­лым, Салық Зиманұлы Зиманов дүниеден өтті. Бұл кісінің біздің қоғамға сіңірген ең­бегі зор. Әсіресе еліміз Тәуелсіздік алар тұста Егемендік туралы Декларацияның, «Қазақстан Республикасының мемлекет­тік тәуелсіздігі туралы» Заңының қабыл­да­нуына айрықша қайраткерлік, білімділік көрсетті. Салық Зимановты қазақстандық заң­герлердің атасы деп атауға да болар еді. Әрине, бұл кісінің қалдырған мұрасы ай­тарлықтай көп. Заңнама саласындағы ең­бектерін тек заңгерлер қауымы ғана емес, біздің барша қоғам жақсы біледі. Ұл­ты­мыздың айрықша өнегелі тұлғасы. Бұл кісі жастарға интеллектуалдық ғалым ретінде, ғылым-білім саласының майталманы ретінде өнеге бола алады. Қоғамда болып жатқан әртүрлі құбылыстардың әр­біріне қатысты өзіндік көзқарасы бар ерек­ше адам еді. Сондықтан бұл қаза — барша қазақ үшін ортақ қайғы.


Мақсұт НӘРІКБАЕВ, саясаткер:
Ағамыз ақыл алыбы еді...
– Біздің мемлекетімізде Тәуелсіз елі­міз­дің іргетасын қалаушы бірнеше алып жүректі тұлғалар бар болса соның бірі де бірегейі – Салық ЗИМАНОВ. Міне, осы алып тұлғаның бақилық болуы бүкіл елдің қабырғасын қайыстырып отырғаны хақ. Әрине, ол кісінің орны біздің еліміздің тарихында ерекше болып қалады. Тоқсанға қараған шағында дүниеден өткен Салық Зиманұлы өз өмірінде келелі істер тындырып кетті. Ол кісінің соңғы жылдары зерт­теу жүргізген «Билер соты» жай­лы еңбек­тері қоғамды елең еткізбей қой­мады. Ол бұл еңбегінде қазақ хал­қы­ның бүкілұлттық құрылымын сипаттады. Осы еңбегі арқылы ұлтымыздың білікті, мығым, білгір ұлт еке­нін айшықтап кетті. Салық ЗИМАНОВ – өзі­нің алдына ізгі мақсат қойып, соның жолында өнегелі іс тындырған, тереңнен ой толғап, артына сөз қалдырған адам. Академик туралы сөз қозғағанымызда адами қасиеттің жоғары­да айтылған ең биік өл­шем­дерін нысанаға алғанымыз дұрыс сияқ­ты. Өйткені қазақ руханиятын зерттеу­ді, оны дамытуды өзіне мақсат етіп, оларды орындау жолында келелі істің өнегелі үл­гісін көрсеткен оны «ақыл алыбы» деуі­міз­ге толық негіз бар. Зиманов сияқты шы­найы зиялы жандар үшін өмірде рухани бай­лық тек жоғары деңгейден көрінері хақ.
Салық Зиманұлының ұлтжандылығы, мемлекеттілігі, өзінің терең білімімен ұлт­тық мемлекетті құру, дамыту, сақтау жо­лындағы күресі, азаматтық ұстанымы біз тәрізді ізбасарларына ерекше үлгі. Шы­найы күрескер, көрнекті ғалым өзінің өр жаратылысын өмірлік азаматтық бағдар­ламасына айналдырып, тынымсыз тіршілік етті. Оның ғылымдағы озық орны, ұста-уа­қыт­тың көрігінен басылып шыққандай сара сөзі, ауқымға сыя бермейтін жүрдек ойы біздің көкірегімізде сайрап тұр. Алып тұлғалы ел ағасын халқы әрқашан жа­дында ұстарына мен сенемін... Өйткені ол тек халық үшін еңбек еткен абзал азамат еді... Ол өз ғұмырдариясында маңызын жо­ғалт­қан жоқ, жоғалтпайды да...


Сұлтан САРТАЕВ, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері:
Ұлы Сократтың бейнесіндей көзге түсетін еді
– Еліміздің көрікті де көрнекті азамат­тарының бірі, әрі ұлы ғалым Салық Зима­новпен қоштасуға мәжбүр болып отыр­мыз. Салық Зиманов – Қазақстан Респуб­ли­касының тарихында өзінің өшпейтін өр­негін қалдырған ғалымдардың бірі. Біздің Салық бар өмірін қазақ жерінің тари­хына бағыштаған еді. Академик Зиманов Салық Зиманұлы өзінің ерен ең­бе­гімен, таза адами махаббатымен заң ғы­лымының маңызды мәселелерін зерттеумен айналысты. Сондықтан біздің қоғам оны заң ғылымының басты патриархы деп қабылдады. Дәл бүгін осы патриархымыз өмірден өтті дегенге сенудің өзі қиын болып отыр. Дегенмен табиғат өзінің өлшеп берген өмірінің шегіне жеткен кезде кімді де болса алып кететіні белгілі. Біздің Сәкең қай жерде жұмыс жасамасын, Қазақстан Республикасының Ғылым академиясын­да да, республиканың жо­ға­ры оқу орындарында да, ол өзін әр­қашан ойшыл, ғылыми-зерттеуші, дарын­ды педагог ре­тінде көрсете білді. Салық Зиманұлы аудиторияға кіріп келіп, «Ау, жігіттер, бүгінгі әңгімеміз – Қазақстан Рес­пуб­ликасының маңызды мәселелерінің бірі – республикамыздың қалыптасу процесі» деп бастаған кезде, шыбын ұшса, ызыңы естілетін тыныштық орнайтын, бү­кіл аудитория оның әрбір сөзін, әрбір сөз құрылымын естерінде сақтауға тырысатындай болып тыңдайтын. Салық Зиман­ұлының қаламынан «Шоқан Уәлихановтың саяси көзқарастары», «Құқықтың жалпы теориясы мен оның мемлекет және құқық теориясы курсындағы орны», «Кеңес­тік ұлттық-мемлекеттік құрылыстың теория­лық мәселелері», «Конституция және парламент» деген ірі еңбектері шықты. Академик Зиманов – Қазақ Республикасындағы мемлекет пен құқықтың тарихын жан-жақты зерттеуші. Бұл кісінің еңбегі қазір­гі қазақ жастарының буынына ғана ба­ғыш­талып қойған жоқ, сонымен бірге ол келешек жастардың білім алуына, олар­дың ой-өрістерін өркендетуге үлес қо­сады деп есептеймін. Ол «Кеңестік Қазақстан мемлекеті мен құқығының тарихы» атты үш томдық монографияның авторларының бірі және басылымының жетекшісі болды. Өзінің зерттеу мәнері оны тек Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ көршілес республика­лардың да мемлекет және құқық тари­хының түп-тамырына жетелеген. Мұның жарқын дәлелі – оның «Ресей және Бөкей хан­дығы», «Азат ету идеяларынан Бұхара мен Хиуадағы кеңес мемлекеттілігіне» атты еңбектері. Академик Салық Зиманұлы әр­қашан халық назарында, қай жерде болмасын ол өзінің тік жүрісімен ғана емес, ұлы Сократтың бейнесіндей сенімді тұл­ғасымен де көзге түсетін еді.

Ой түбінде жатса да,
Сөз маржанын терейін.
Ғалым жайлы бір сырды
Жыр ғып айтып берейін.
Аққан судай жастық шақ
Келер ме едің керуен боп?
Болар еді бұл бір бақ
Жүретіндей серуендеп.
Ой, шіркін-ай, жиырма бес
Өтті-дағы кетті ғой,
Ол да өзінше бір белес
Асыл арман терең ой.
Қолымнан келсе, Сәкежан,
Жиырма бесті берер ем.
Бар дүниенің қызығын
Сізбен бірге көрер ем.
Оған бүгін дәрмен жоқ
Әзір ойым болмаса.
Барына енді көңіл тоқ,
Еңбекті бүгін қолдасақ.

Сүйікті ағам, ұстазым, әрі жолдасым, Сәке, «қош бол, қош бол, қош бол!» деуге бүгін мәжбүрмін. Алдыңнан Алла жарыл­қасын! Жатқан жерің торқа болсын! Сіздің қаза болғаныңыз бүкіл қазақ халқының ойынан шықпайтын оқиға деп санаймын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста