Құнанбаймен кездесу
Жамбыл облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері белгілі жазушы Құнанбай Зияшпен кездесті. Бұл басқосу департаменттің Тараз қаласындағы әкімшілік ғимаратында орналасқан мәжіліс залында өтіп, оған орта және жоғары басшылық құрам офицерлері қатысты.
Кездесудің кіріспе сөзін Департаменттің баспасөз хатшысы қаржы полициясы майоры М.Алтынбек сөйлеп, жиналғандарға жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы шолу жасады. Бұл басқосу бір жағынан, жазушының қаламынан соңғы кездері шыққан соңғы кітаптарының бірі «Өмірдің үздік сырлары» романын таныстыру мақсатында өтті. Жүздесуге жиналғандар жазушының сиясы кеппеген осы бір шығармасының жазылу тарихы мен оны жазу барысында болған оқиғалар мен жолсапарлар, қиындықтар туралы автордың өз аузынан естіді. Қаламгердің Қаржы полициясы органдарының қызметкерлерімен кездесуі кездейсоқ емес. Себебі аталған кітапта Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің атқарып жатқан жұмыстарының бір парасы, Қаржы полициясы органдары басшылығының азаматтарды қабылдау кезіндегі келелі істері кеңінен көрініс тапқан. Кездесу барысында Қаржы полициясы қызметкерлері қаламгерге көкейде жүрген сұрақтарын қойып, мәнді де мағыналы жауаптар алды.
Қ.Зияш Жамбыл облысы Жуалы ауданының түлегі. Ол «Арнау», «Жон арқамда салмақ тұр жеңілдемей» жыр жинақтары мен «Өтпелі кезең», «Сапар», «Ауылда» секілді прозалық кітаптардың авторы.