Ақпан айының 17-сі мен 27-сі аралығында АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон, Лос-Анжелес қалаларында концерт берген халықтық фольклорлық-этнографиялық «Құлансаз» ансамблі елге оралды. Сонау 1980 жылдары дарынды композитор Әсет Бейсеуов пен белгілі режиссер Төлеу Қосанов іргетасын қалаған ансамбль осыдан екі жыл бұрын қайта жаңғырып, халықпен қауышқан болатын. Осы екі жылдың ішінде ұлттық өнерді дәріптеуші ансамбль өз еліміздің аймақтарынан өзге, Ресейдің астанасы Мәскеуге, ТМД елдеріне, Германия, Польша мемлекеттеріне, Кореяға барып, өнер көрсеткен болатын. «Құлансаздың» бұл жолғы АҚШ-та қойған концерті ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды.
Осыдан біраз уақыт бұрын АҚШ-тағы Қазақстан елшілігінен Алматы облыстық мәдениет басқармасына ұлттық-фольклорлық ансамбльді концерттік бағдарламасымен АҚШ-қа жіберу туралы ұсыныс түседі. Басқарманың таңдауы халықтық фольклорлық-этнографиялық «Құлансаз» ансамбліне түсіп, өнер ұжымы АҚШ-қа аттанды. Ұлттық өнердің тұнығынан сусындаған өнерлі жастардан құралған ұжымның қоржынында халық әндері мен күйлері, әдемі билері, әйгілі күйшілеріміз бен ақын-жырауларымыздың, есімін ел танитын сазгерлердің шығармалары жетерлік. Данияр Сқақов, Алма Аманжолова, Айым Қоғамова, Аяулым Сәдіғалиева, Жанель Сембаева, Айзат Қарабекова, Марта Төлепберген, Алмас Жұмағалиев сынды жас дарындар өнер көрсететін ансамбль өзінің асқақ рухымен ерекшеленеді.
Арнұр Садықов, «Алатау әуендері» концерттік бірлестігі директорының орынбасары:
– Өнерсүйер қауымға белгілі, былтырғы жылдан бер «Құлансаз» ансамблі мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын ретінде «Алатау әуендері» концерттік бірлестігіне өтіп, дәрежесі өсті. Ал шығармашылық тұрғыда «Құлансаз» ұлттық нақыштағы ән-күйлерді, билерді насихаттаушы өнер ұжымы ретінде халыққа кеңінен танымал. Еліміз Тәуелсіздік алғалы қазақ халқының мәдениетін әлемге танытып жүрген өнерпаздарымыз көп. Солардың бірі – осы «Құлансаз». Ансамбльдің АҚШ-та қойған концерті өте жоғары дәрежеде өтті деуге әбден болады. Нью-Йорктегі Карнеги залы халыққа толы болды. Әсіресе Вашингтонда өткен концерт ерекше атап өтуге тұрарлық. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына және Наурыз мерекесінің бастамасына орайластырылған бұл концерт 19 ақпанда Американың «Президент күні» деп аталатын мерекесімен тұспа-тұс келді. Вашингтондағы «Құлансаздың» салтанатты концерті америкалықтарға дәл мереке күні үлкен сый болды. Елбасы туралы «Қазағымның қанаты» әні орындалғанда Америкада тұратын қазақ қандастарымыз, басқа елден барған қазақтар орындарынан тұрып қошемет білдірді.
«Құлансаз» ансамблінің көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Ержан Қосбармақов бастап барған өнер ұжымы америкалықтарды тәнті етіп қайтты. «Құлансаз» өнерпаздары шетелдіктерді біздің ұлттық аспаптарымызда Моцарт, Гершвин, Джоплин секілді әлем классиктерінің шығармаларын орындау арқылы таңдай қақтырды. Көз тартар әдемі ұлттық киімдерді киіп, мың бұралған биші қыздарымыз «Жетісу», «Көктем», «Тұмар қыз», «Гүлдариға», «Биші қайың» билерін орындағанда сұлулыққа тамсанбаған көрермен болмады. «Қарасай», «Қызыл қайың», «Серпер», «Көрұғлы» т.б күйлер екі шекті қара домбыра мен киелі қобыздың құдіретін танытты.
«Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің музыкалық жетекшісі Марат Жалбыровтың айтуынша, концерттен ерекше әсер алған жергілікті халық өнерпаздарымызға жеке-жеке келіп таңғалыстарын білдіріп, алғыстарын жаудырысты. Қазақ халқының ұлттық дәстүріне экзотикалық дүние ретінде қарайтын америкалықтар концерт соңында өнер ұжымына келіп, ұлттық аспаптар мен ою-өрнекті киімдерді қолдарымен ұстап көріп, көтеріңкі көңіл күймен тарасты.