Ұлан-ғайыр қазақ жерінде қай кезеңде де мәдениеттің салтанат құрғанына күмән келтіре алмайсың. Әрине, оның жанды айғағы да баршылық. Олар – бағзы заманнан қалған сәулетті нысаналар, кесенелер, балбал тастар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде елімізде ірілі-ұсақты 25 мың ескерткіш бар екен. Ал құнды жәдігерлеріміздің қара жер астында әлі де сырын ашпай жатқаны қаншама?
Осылардың ішінде күллі Орта Азия үшін орны өзгеше Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жөні бөлек. 2004 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен негізгі приоритеті тарих пен мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіру, реставрациялау, консервациялау және мұражайландыру болып табылатын «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жасалып, қабылданған-тын. Соның нәтижесінде еліміздегі бірқатар кесенелер күрделі жөндеуден өткен болатын. Әрине, тындырылымды істер де көп. Алайда артық қыламын деп тыртық қылып, жөндеймін деп бүлдіріп жатқан жағдайымыз бар. Соңғы кездері Түркістандағы Ясауи баба атымен аталатын кесене құрылысының табаны ылғалданып, қабырғалары түсе бастағаны туралы жиі айтыла бастады. Елбасының оңтүстік сапарымен Түркістанға келгенде «Қазреставрация» кәсіпорнының директоры Қанат Тұяқбаев Ясауи кесенесіне түріктер қайта жаңарту жұмыстарын жүргізгенін, бірақ олар пайдаланған заманауи оқшаулау материалдарының ежелгі құрылыспен астасып кете алмағанын айтқан еді. Барлық жауапкершілікті түріктің құрылыс фирмасына аударып отыра беруге әсте болмас. Өйткені хақ исламға тән рухани құндылық бәрімізге ортақ. Алайда «Кесененің кесегі бүлінді» деген ақпардан соң толассыз жүріп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасына күмәндана бастадық. Тіпті төбесінің құлап кету қаупі бар көрінеді. Оның дәлелі күмбездің төбесі жабындымен оралып, жан-жағына тіреу орнатылуы сондықтан екен.
Кесегі кетілген кесене
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі жағдайы алаңдатарлық жағдайда. Бұлай деуіміздің себебі бар. Туған өлкенің әр тасынан бастап, бір уыс топырағына дейін – қадірлеуге, қорғауға тұрарлық құндылық. Ғасырлар бойы сақталып келген 1,5-3 метр қалыңдықтағы дуалдар, кірпіштері мен оған жапсырылған араб жазуымен кестеленген өрнекті плиталар бүліне бастады. Бастысы, жерасты суының ескерткішке келтірген кесірі көп болып тұр. Ол бойынша ескерткіштегі майоликалық өрнектер мен басқа да материалдардың бүлінуі әбден мүмкін. Әрине, қайта жаңғырту бойынша жасалынған жұмыстардың сапасы сын көтермейді.
Әуел баста қолдан жасалынған қиянат (Черняевтың атқаруымен кесене күмбезін қиратуы) салдарынан, кейіннен түрлі табиғат факторынан қираған кесенені жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары 90-жылдардан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Алайда он шақты жыл толассыз жасалынып жатқан аталмыш жұмыстардың нәтижесінен гөрі кері әсері көбірек болғандай. Оған дәлел, кесене қабырғалары дымқыл тартып, соры бетіне шыға бастапты. «Орта Азия елдері ішінде Қазақ елі – рухани құнды жәдігерлерге бай өлке. Дей тұрғанмен біз осы мүмкіндікті өз деңгейінде кәдеге жарата алмай жатырмыз», – дейді жас жиһанкез Ерлан Сыздықов. Бүгінгі таңда баба басына зиярат етіп келген туристер де кесененің ішінде емін-еркін жүре алмаймыз деп наразылық танытуда. Себебі кесененің кіреберісіндегі үлкен Ақсарай күрделі жөндеуді қажет етеді, бірнеше жылдан бері іші өрмекшінің торындай болған сатыларға толып тұр.
Марат ТҰЯҚБАЕВ, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және археология бөлімінің жетекшісі:
–Шындығында, ұлы құндылықты қайта жаңғыртамыз деп ақауға ұшыратқанымыз рас. Мұның басында түрік компаниясы тұр. Кесенеге 1995-2000 жылдары қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген «Вакиф Иншаат» ЖШС-і негізінен құрылыс материалы ретінде ангидрит ерітінділерін пайдаланған. Ертеде ылғалға төзімді гипс қоспасын қолданған болатын. Табиғи гипс тасын 600-700 градуста күйдіру барысында ангидрит алынады. Ангидриттің гипстен айырмашылығы ол тұтқыр материал болып табылмайды. Төбесін жабуға ауа өтпейтін пенопласпен қоса, жауын суы өтуден сақтау үшін жұқа қаңылтыр пайдаланылған. Сондықтан жиі ауа алмаспағандығы себепті кесене қабырғалары дымқылданып, тұздана бастаған.
Зерттеу көрсеткендей, іргетас астындағы грунттар сәл-сәл деформацияға ұшыраған. Сары топырақ тәріздес грунттар жеткіліксіз тығыздалған және отырғыш қызметін сақтап қалған. Ескерткіштің іргетасының салыну тереңдігі әрқилы болғандықтан, оның бөліктері де сары топырақ тәріздес суланған топырақта жатыр, ара-тұра құрғақ жерлері де бар. Бір анығы, жерасты суының көтерілуі кезінде сәйкессіз шөгуі де байқалуда. Бір сөзбен айтқанда, бұл кесене шөгіп барады. Бұл жайлы қала тұрғындарының да мазасы кете бастады. «Күнделікті келіп, рухани күш алып қайтатын қасиетті орынның ертеңіне ескерусіз қарай алмаймыз» дейді.
Қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстары еш толастаған емес. Мұндай шаруалар көрші облыстарда да жүргізілуде. Мәселен, Айша бибі кесенесі 2002 жылы соңғы рет жаңартылған. Алайда біздегідей бүлінуге ұшырамаған. Ал Түркістандағы қорық мұражай аумағындағы Рәбия Сұлтан-бегім кесенесінің күмбезі талай жылдан бері жаңғыртылуда. Үстіндегі ағаштан жасалған торынан басқа, онда жұмыс істеп жүрген тірі жанды көре алмайсың. Құзырлы орындар осының бәрін түсінеді. Дегенмен әлі күнге дейін нақты жұмыстардың шеті көрінер емес. Қапталған жапсырмалардың мүжіліп түсуге айналған кірпіштері де сол баяғы қаз қалпында. Ең қорқыныштысы, қала тұрғыны айтқандай, кесене бір күндері опырылып, құлап қала ма екен деген қауіп бар. Олай дейтініміз, кесененің қабырғасы әбден зәктеніп, мүжіле бастаған көрінеді. Түркістан қаласының 6 балдық жер сілкінісі болуы ықтимал аймақта орналасқанын ескерсек, бұл қауіптің тектен-текке шықпағанын байқауға болады.
«Сапасыз атқарылған жұмыс салдарынан кесене іргетасының гидроизоляциясы, бөлмелерінің желдетпе жүйелері сыр берген. Осының салдарынан қазір кесененің қабырғалары тұздана бастапты. Ал бұл кірпіштің үгітілуіне, оның сапалы құрамын жойып, езілуіне әкеліп соққан. Бұдан кесене үстіндегі үлкен күмбездің құлау қаупі туып отыр» дейді кейбір мамандар.
«Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданғалы бері қазірге дейін оңды істер істелініп келеді. 78 тарих және мәдениет ескерткіштерінде реставрациялық жұмыстар аяқталды. Біздің түп-тұқияндарымыз туралы көптеген мәлімет беретін ғылымды мыңдаған артефактылармен байытқан 26 ғылыми-қолданбалы, 40 археологиялық зерттеу жүргізіліпті. Соңғы бірнеше жыл ішінде Алматы облысындағы Есік және Шығыс Қазақстан облысындағы Берел мұражай-қорығы жасалған. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет еліміздегі ескерткіштердің масштабты инвентаризациясы өткізілді және республикалық 218 нысан және жергілікті 11 277 нысан, маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімі қабылданды. Дегенмен осылардың басында тұрған ұлы сәулет құрылысы кесенесінің кейпін көріп, істелінген істің қаншалықты деңгейде екендігіне көз жеткізуге болатындай.
P.S.
Тарихи мұраның қорғалуын, сақталуын қамтамасыз ету ел болып атқаратын міндет әрі Қожа Ахмет Ясауи кесенесін ортақ игілігіміз ретінде тұтыну үшін оның бүлінуіне, тозуына әкеліп соқтыратын қауіпті жағдайлардың алдын алуымыз қажет. Сондықтан, қорыта айтқанда, кесенені сақтау жұмыстарымен тікелей айналысатын ғылыми-зерттеу орталығын құру бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Бұл көптеген мемлекеттердің тәжірибесінде бар және оң нәтижесін беріп отыр.