Қостанайда мысықтар көрмесі өтті
Қостанай облысының Рудный қаласында өткен халықаралық деңгейдегі көрмеде 50 мысық сайысқа түсті. Өз марғауларының бағын сынауға қостанайлықтармен қатар Магнитогорск, Челябі, Қызылжар қаласының тұрғындары да асыға жетті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан аталмыш көрмеге алғашқы рет корниш рекс, америкалық керл және регдолл сынды сирек кездесетін тұқымнан шыққан мысықтар да қатысты.
Байқауда бақталастарына шаң қаптырып, жиналған жұртты тамсандырған регдолл тұқымынан шыққан Черри Лориссимус деген мысық жеңіске жетті. Қызылжардан келген жеңімпаздың иесі Елена Кимнің айтуынша, Черри Лориссимус Америкадан арнайы әкелінген мысықтардың «таза тұқымы» екен.
Нина ГРИНАКОВСКАЯ, Халықаралық мысықтар көрмесінің судьясы:
– Черри Лориссимус – Қазақстанда өте сирек кездесетін регдолл тұқымының озық өкілі. Сондықтан мысықтар көрмесінің жеңімпазы болуға әбден лайық.
Көрмедегі мысықтардың барлығы ерекше күтім көріп, қожайындарының аялы алақандарына әбден үйренгендері бірден байқалып тұрды. Оның үстіне мысығына шырайлы шапағаты мен мерейлі мейірімін аямай төккендер марғауының нарықтық бағасын айтып, одан өрбіген ұрпағын неғұрлым қымбатқа сатуға тырысып бақты.
Көрмеге шығарылған марғаулардың бағасы жағынан Магнитогорск қаласынан келген Татьяна Чувакованың құлқыны бәрінен асып түсті. Корниш рекс тұқымынан шыққан Интерчемпион титулы бар Zorro Ladies Conqueror атты мысығын мақтанышпен таныстырған ресейлік әйел сүйікті жануарының әр марғауын 1000 евроға бағалап, саудаға салды.
Ал Ричард атты қостанайлық скотиш страйд екі номинация бойынша жеңіске жетті, мысыққа арналған киімдер сайысы бойынша шотландтық килт киіп, сәнімен ерекшеленген Ричард «ең ірі мысық» атағын да жеңіп алды.