«Қос жүрекке» 40 мың доллар жұмсалды
«Екеумiз қалап бiр гүлдi...» деп әнде шырқағандарындай жас әншiлер Қайрат пен Сырымның өмiрде таңдаулары «бiр гүлге» түспегенiмен, өнерде жолдары түйiстi. Жақында қос әншi өздерiнiң «Қос жүрек» атты ән жинақтарының, «Жас дәурен» әнiне түсiрiлген бейнеклиптерiнiң тұсаукесерiн өткiздi. Сондай-ақ соңғы бiр жылда әншiлер жеке шығармашылықтарынан да қол үзбей, бiршама әндердi жарыққа шығарды. Ортақ шығармашылық еңбектерiнiң нәтижесiн Қайрат пен Сырым 25 ақпан күнi Республика сарайында өздерiнiң «Қос жүрек» атты концерттерiнде халыққа ұсынбақ.
Қайрат НҰРТАС:
Әншi болмағанда, кәсiпкер болар едiм
– Қайрат, осыдан тура бiр жыл бұрын Республика сарайында өзiңнiң жеке концертiңдi тамашалаған едiк. Биыл 25 ақпаннан тағы да туған күнiңмен орайлас Сырым Исабаевпен бiрлесiп концерт бермексiң. Ұзақ жылдар өнерде жүрген, атақты әншiлерiмiздiң өзi жеке концерттерiн жиi өткiзбейдi.
– Игiлiктiң ерте-кешi жоқ дейдi ғой. Былтыр жеке концертiмдi берген кезiмде де «жеке концерт беруге ерте емес пе?» деген пiкiрлер болған. Өмiрде әр нәрсе әркiмге әртүрлi бұйырады ғой, сол секiлдi мүмкiн өнердегi еншiм маған ертерек бұйырған болар. Ал жақын күндерi болатын Сырым екеумiздiң концертiмiз жыл бойғы еңбегiмiздi, шығармашылық жетiстiктерiмiздi халықпен бөлiссек деген ойдан туындады.
– Республика сарайында жеке концерт беру бiраз қаржыны қажет ететiнi анық. Әсiресе, қазiргi әлемдi қаржы дағдарысы жайлаған кезеңде концерт өткiзу материалдық жағынан қиындық туғызып отырған жоқ па?
– Әрине, көп жағдайда өнер адамын қинайтын – қаржы мәселесi. Жеке концерт көңiлдегiдей өту үшiн оған кемiнде 40 мың доллар қаржы жұмсалады. Менде ешқашан демеушi болған емес. Маған өнер жолымда продюсер ретiнде анам көмектессе, әкем қаржылық қолдау көрсетедi. Қандай дағдарыс болса да, қазақ халқының рухани дүниесi дағдарысқа ұшырамайды деп сенемiн. Қайта осындай қиын кезде әдемi әнiмiзбен халықты бiр серпiлткенге не жетсiн!
– Егер әншi болмағанда, кiм болар едiң?
– Әншi болмағанымда, бизнесмен болар едiм. Болашақта өзiм продюсерлiк орталық ашып, жас әншiлердi баулысам, өнердiң өркендеуiне үлесiмдi қоссам деген ойым бар.
Сырым ИСАБАЕВ:
«Концерт халықтың көңiлiнен шығар ма екен?» деп уайымдаймын
– Сырым, сен Қайратпен бiрлесiп жұмыс iстегеннен берi халыққа таныла бастадың десек, қателеспейтiн болармыз...
– Мен Қайратпен жолыққанға дейiн өнердi хобби ретiнде алып жүрдiм. Көше әндерiн орындап, өзiмше әндер жазып жүретiнмiн. Ал Қайратпен бiрге жұмыс жасап, әндер жазып, бейнеклип түсiрiп, гастрольдерге шыққаннан берi, әрине, өмiрiмде өзгерiстер көп болды. Ең алғаш Қайрат екеумiз танысқан кезде мен үшiншi курстың студентi едiм. Қайратқа менiң «Қос жүрек» атты әнiм қатты ұнап, екеумiз сол әндi бiрге орындадық. Бұл халықтың да көңiлiнен шықты деп ойлаймын. Мiне, содан берi екеумiздiң жұбымыз жазылмай келедi.
– Қайрат екеуiң өте бiр жақсы бастама жасап, жетiмдер үйiне, қоғамда аз қамтылған топтарға концерттерiңдi берiп жүргендерiңдi естiп, қуанып қалдық. Бұл кiмнiң идеясы?
– Негiзiнен, Қайрат екеумiзге жол көрсетiп, өнерде үлкен жанашырлық танытып жүрген Қайраттың анасы – Гүлзира әпкемiз. Бiз қандай iстi қолға алсақ та сол кiсiмен ақылдасып, бiрлесiп шешемiз. Бiз жетiмдер үйiне барып, ана-әке туралы әндерiмiздi орындағанда балалардың көзiнен көрген мұң жүрегiме қатты батты.
– Үлкен рақмет! Алдағы концерттерiң сәттi өтсiн!