«Қос шынар» арамызға қайта оралды
Жастайынан ұстаздарының «Өнерде от бол, от болмасаң, жоқ бол» деген кеңесін өмірлік қағидасына санайтын белгілі театр және кино актері Болат Әбділманов бүгінде қазақ өнерінің лаулап тұрған белді тұлғасына айналды. Ол театр сахнасында Абайдың кейпіне еніп, өнерсүйер қауымның сүйіспеншілігіне бөленсе, өзінің кинодағы рөлдерімен халық арасында танымалдығы арта түсті. Өмірде де, өнерде де болмысы бөлек Болат – асылдардың сынығы. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Оразғали Әбділманов пен Қазақстанның халық әртісі Алтын Ружевадан Болаттай дарын иесінің туылуы заңдылық секілді. Өзіне өмір сыйлаған жандарға бүгінде халықтың ұлына айналған Болат өмірбаяндық кітап арнап отыр. «Қос шынар» деп аталатын кітапқа белгілі театр тарландары Оразғали Әбділманов пен Алтын Ружеваға арналған замандастарының естеліктері енгізіліп отыр.
«Облыстық театрларда Алматының, Астананың актерлерінен кем емес мықты актерлер бар. Бірақ олардың бәрін қазіргі уақытта халық көп біле бермейді. Менің әкем мен анама арнаған осы «Қос шынар» кітабымды жазудағы мақсаттарымның бірі – Оразғали Әбділманов пен Алтын Ружева секілді мықты театр актерлерін бүгінгі ұрпаққа таныту, олар туралы естеліктерді жаңғырту», – дейді автор. Иә, бүгінгі ұрпақ қазіргі кинолардан жиі көрінетін Болат Әбділмановты танығанымен, оның тегін, өмірін біле бермейді. Сиясы кеппеген кітапты парақтап отырып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері, белгілі актер Болат Әбділмановтың түлеп ұшқан ұясы, ата-анасы, өнер жолы туралы біршама сырларға қанық болдық.
Болаттың анасы Алтын Ружева – кезінде театр сахнасында Баян, Жібек, Қаракөз, Ақтоқты, Ақжүніс және басқа да ару қыздарды сомдаған жан. Сахнада басты рөлдерді ойнай жүріп, алты баланы дүниеге әкелген Алтын – ардақты ана. Алтынның жары Оразғали Әбділманов – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, театр сахнасында Балуан Шолақты, Исатайды, Сырым Датұлын, Амангелді, Кебек секілді кесек тұлғаларды ойнаған актер. 1959 жылы отбасын құрған Оразғали мен Алтынның тұңғыштары Болат әжесі Бибісарының қалауымен үлкен ағасы Мәзімбай мен келіні Шәрбанудың бауырына салынды. Ауылда алаңсыз өскен Болат өз ата-анасын 20 жасында театр сахнасынан көріп, тануының өзі – бір әңгімеге арқау боларлық оқиға.
Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстанның халық әртісі:
– Кітаптағы суреттерді көріп көп нәрсе есіме түсіп отыр. Сонау театрдың алтын ғасырында облыстық театрлардың қадау-қадау үлкен актерлерінің арасындағы Қазақстанның халық әртісі Алтын Ружеваға тек шығармашылық қауым ғана емес, бүкіл көрермен ғашық еді. Ол өте әдемі жан болатын. Менің түйдей құрдасым Оразғали қағып түсірді ғой Алтынды. Оразғали Қытай жерінен келіп, бірден үлкен театрға, Алтындай адамға тап болып, республика көлемінде көріне бастады. Кейіннен Әуезов театрына келіп, онда Кебектің рөлін ойнады, сөйтіп, халыққа танымал болды. Оның табиғатында театр актері ретіндегі шеберлігі басым еді. Өкінішке қарай, өмірден ерте кетті. Осындай ғажап адамдардың соңында мына Болаттай ұрпақ қалып, ата-анасына арнап кітап-альбом шығаруы мені қатты қуантты. Мен де осындай шағын естеліктен бастап, бүгінде, міне, сегізінші томды жазып жатырмын. Осы сегізінші томды баспаға бермей, қолжазба түрінде қалдырмақшымын.
Нұржұман ЫҚТЫМБАЕВ, Қазақстанның халық әртісі:
– Мен кітапты бастан-аяқ оқып шықтым. Болаттың ата-анасы Оразғали мен Алтынды бүкіл қазақ халқы, Кеңес Одағы таныды десек, артық айтқандық емес. Өз басым бұл адамдармен дәмдес болдым. Билікөл деген жерде «Біздің Ғани» деген фильм түсірілген еді. Сол кезде Орекеңмен, Алтын жеңешеммен алғаш таныстым. Фильм түсіру барысында өте қызық шақтарды бірге өткіздік. Орекеңнің ғажап әнші екенін екінің бірі біле бермейді. Ал кітапқа келетін болсақ, бастамасын Болаттың өзі жазған, елінің үлкен азаматтарын еске алған. Менің бір қуанғаным, таңғалғаным – кітап тілінің жатықтығы. Өзінің әке-шешесін студент кезінде ғана біліп, танығаны кітапта тартымды берілген. Ауылда өскен баланың ат үстінде отырып, өзін батыр, сал-сері етіп елестетуінің өзі болашақ актерлігінен белгі беріп тұрғандай. Маған тағы бір ұнаған тұс – Болаттың «5 дипломы болса да, өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен берілмесе, дарыны болмаса, одан түк шықпайды» деген пікірді ашық айта алуы.
Қазақ киносының қара шаңырағы «Қазақфильм» киностудиясында өткен «Қос шынар» кітабының тұсаукесер салтанатында Болаттың өнердегі ұстаздары, замандастары жоғарыдағыдай жақсы пікірлер білдірісті. Сондай-ақ қазақ киносының ақсақалдары Асекең мен Нұрекеңдер Болат інілеріне театрдан қол үзбеуіне кеңес берді. Ал актермен ұзақ жылдар дос болып, көптеген фильмге бірге түскен замандасы, белгілі актриса Жанна Қуанышева Болаттай өнер иесінің бойындағы дарынның, тәрбиенің тегін емес, тегінен дарығанын баса айтты. «Қазіргі менің замандастарым кітап жазуға отыра бермейді. Егер әрбір өнер адамы осындай естелік кітап жазып қалдырса, театрға, кино өнеріне қызығушылық танытатын келер ұрпақ үшін қандай ғажап болар еді», – деді Ж.Қуанышева. Біз де Болат Әбділмановтың тырнақалды «Қос шынары» болашақта жазылар естеліктердің бастамасы болғай деп тілейміз.