Қос дастан – қомақты үлес

Н.АЙТҰЛЫ. «Ерлікке ескерткіш» поэмалар жинағы, «Фолиант» баспасы, 2008 жыл

Бұрын сөз қадірін білген қазаққа ақынның кім екенін тәптіштеп айтып жату артық болар еді. Ол кезде ел ақынның өзінен бұрын сөзін таныған. Ұнағанын ұғып алып, бағалай білген. Басқаны былай қоя тұрып, Абайды айтсақ та жеткілікті. Абайдың кітаптары көзі тірісінде жарық көрген жоқ. Әйтсе де жұрт оның өлеңдерін қолжазбадан көшіріп, қолдан-қолға жүгірткен жоқ па? Ал ақын Әсет Найманбайұлы болса, «Ақында менен сорлы жан бар ма екен, бір сөзі баспа орнына берілмеген» деп зар қақпады ма? Содан кейін қанша қырғын, қанша сүргін болса да, небір зұлмат замандардың зауалына ұшырамай нағыз ақындардың өлеңдері аман қалды, әлі күнге ел жүрегінде, халық жадында сақталып келеді.

Кешегі жалаң қылышы желкеңнен кетпеген кеңес заманында елдің өлеңге өрекпіген көңілін ешкім баса алмады. Алпысыншы жылдары бұл үрдіс өзінің шарықтау шегіне жетіп, жақсы сөз жазған қаламгердің қолын ешкім қақпай, ақын-жазушылардың айы оңынан туды. Кеңестік кезеңді жырлап, социализмді мүлде күйттеп кеткен қаламгерлердің өз обалы өзіне, мәселе, сол қызыл империяның қызыл шоғына күйіп жүріп, ұлтын ұлықтаған таланттар аз ба еді? Олардың көбі, әрине, отыз жетінші жылдары опат болып, атылып кетті. Ал аман қалғандарының арасынан уақыт Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Кеңшілік Мырзабеков сынды ұлы ақындарды алып шықты.
Иә, сол кезеңде тұщы етіңе ащы таяқ тигендей, анда-санда болса да сілкіп алатын солақай сын қылаң беріп қалғанымен, нағыз ақындарға деген ел құрметі ерекше еді. Ол кезде «сын шын болсын, шын сын болсын» деп Әуезов айтқан әулие сөздің киесі кете қоймаған болатын. Ал, қазір, арнайы тапсырыспен жазылатын, сені нысанаға алса, не құлатып, не сұлатып тынатын көпшіл емес, кекшіл сындар көбейіп кетті. Әйтпесе арзымайтын арыз-дауларға кезек беріп уақыт алғанша, жүрегінің оты, сөзінің уыты бар ақындардың ара-жігін айырып алатын кез келген жоқ па?
Қазақ жырының белгілі жүйрігі Несіпбек Айтұлы Астанаға келгелі көсіле шапты. Бұрынғы қысқа да нұсқа өлеңдердің құшағынан сытылып шығып, ауқымды поэмаларға, ірі дастандарға құлаш ұрды. Ел, жер, батырлар туралы жазған поэма-дастандары бірінен кейін бірі кітап болып шығып, оқырмандар игілігіне айналды. Баспалар да таршылық жасаған жоқ. Тіпті поэмаларды сарабдал басатын бас газетіміз «Егемен Қазақстанның» өзі Несіпбек поэмаларын жарқырата басып жатты. Бұл жақсы дүниеге баспаның да, басқаның да есігі ашық екенін байқататын жағымды құбылыс. Осылардың ішінде көпшілік қауымға кең тараған «Бәйтерек» поэмасының орны ерекше. Астананы жырламаған ақын кемде-кем. Бәріміз де жырладық. Бірақ Несеннің (мен Несіпбекті еркелетіп осылай атаймын. С.Т.) бағыты да, ағысы да басқалардан бөлекше болды. Себебі бұл поэмаға ақын жаңа қырынан келіп, елдіктің елордасына айналған Астананы асқан шабытпен жырлады. Еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Шығарма жеке кітап болып басылып, Астанадағы студент-жастарға кеңінен таратылды. Президенттік мәдениет орталығында поэманың желісі бойынша жасалған қойылымға Елбасының өзі қатысты. Бұл да – ақын абыройы.
Биылғы жылы айтулы ақын Несіпбек Айтұлының «Ерлікке ескерткіш» атты кітабы Мемлекеттік сыйлықтың сарабына ұсынылып отыр. Осы орайда, кейінгі кезде санамызға кеулеп кіріп бара жатқан бір қасаң саясатқа байланысты бірер сөз айтқым келеді. Әп-әдемі сыйлықты «анау алды, мынау алмады» деп саудаға салып, сыпсың сөзді көбейтіп жіберетіндігімізден болып отыр. Бұның Мемлекеттік сыйлық екені белгілі. Мемлекет дәрежесінде бекітілген сарапшылары бар. Олар абыройлы, беделді, білгір, білімпаз адамдардан жасақталған, кімнің кім екенін былайғы жұрттан гөрі жақсы біледі. Әрине, асыра сілтеп, кем кетіп қалатын тұстардың болуы – табиғи заңдылық. Ондай өкініштің орны келесі кезеңдерде ескерілетінін де есте ұстауымыз керек. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» дегендей, нағыз қаламгер қай күні болса да жарқырап бір шығары хақ.
Менің мақсатым – Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған Н.Айтұлының ауқымды шығармасына өз пікір-пайымымды айту. Ақынды ақын таныған ақ тілектің үдесінен шығу.
«Ерлікке ескерткіш» кітабына оның «Ту» және «Ақмола шайқасы» деп аталатын қос поэмасы енгізіліпті. Ашып қалғанда алдыңнан «Ту» жарқ ете қалады. Оқи жөнелесің:
Шаңқай түс, тамылжыған шілде айында,
Естіген оқиға еді Ту жайында.
Қаз-қатар қона қалған қалың ауыл,
Биік тау алқымында – су бойында.
Көкейде кішкентайдан қалған сурет,
Жүретін сәуле шашып жылда ойымда.
Салған беттен жараулы аттай жүйтки жөнелетін жыр жолдарын бір қайырып, түйіп тастаған шығар-ақ деп, демің біткенше бір тоқтасаң, жоқ-ә келесі шумақтары жаңағы ұйқасыммен жымдасып, одан сайын үдеп барады. Тоқтап, тағаттауға мұрсат бермей, жыр легі сені екінші шумаққа еріксіз жетелей түседі:
Алданған жас баладай күнде ойынға,
Заманның кім кетпеген ыңғайында?
Санасаң шаш-етектен шеккен бейнет,
Не пайда салынғанмен құр уайымға?
Ер жігіт өле-өлгенше тыным таппас,
Тұрғанда ел парызы қыл мойында.
Бірінен кейін бірі лықсып, толқып тасыған жыр толқыны толас табар емес. Ұзаққа сілтеп барып, бір қайтатын жері болар деп, сен де сол толқынның ағысымен алысқа кеткеніңді бір-ақ байқайсың. Кісіні жалықтырмайтын, жабықтырмайтын, оның есесіне ынталандырып, ынтықтыра түсетін жырлар. Топ бәйгеде өзіңнің «осы озар-ау» деген тұлпарыңды тап басып танып, дода біткенше соның тілегін тілеп, қыл үстінде тұрғандай күй кешесің. Поэманы оқып бітіп, бетін бір жапқанда, жаңағы күткен тұлпарыңның тұйғындай озып шығып, көңілің діттеген жеріне жеткендей рахат құшағында қаласың. Бағанағы қым-қуыт тірлік, ұлан-асыр оқиғалар көз алдыңнан қайта тізбектеліп өтеді. Енді сен оған сергек сезіммен емес, салқын сабырмен қарайсың. Салиқалы ойға иек артасың, тарих тағылымына тәнті боласың.
Абылай заманынан бермен қарай тізбек тартқан атақты Ақтамберді, дүр Дәулетбай, көкжал Барақ, би Боранбай, ер Жәнібек, Шыңқожа, Баймұраттармен қоса, байтақ даланы дүр сілкіндірген ұрыс-шайқастың ішінде өзің жүргендей сезінесің. Бір сәт көз алдыңа Мағжанның «Батыр Баяны» елес береді. Шығыс шырайы, Жетісу бедері, Тарбағатай тауларының тарғыл тастарына дейін көзіңе анық шалынады. Сурет керек пе:
Шығыстан таң оянды алтын иек,
Кірпігін нұрға малған, тауға сүйеп.
Алыстан әрең көзге шалынады,
Зайсан көл тостағандай күміс жиек.

Күніне көшкен бұлтпен мың арбасқан,
Алтай тұр ар жағында мұнар басқан.
Шүйіліп қыран төнсе төбесінен,
Шуылдап шыңдарынан ұлар қашқан.
Сұлу табиғаттың сүйкімді суреттері көз алдыңда керіліп тұра қалады. Поэмада қым-қуыт оқиғаларды қисындастыра келіп, қазақтың Қазымбеттей батырының қазасына әкеп тіресе де, құдіретті тудың құламай аман қалғандығы Абылай мен оның айналасындағы – Қабанбай, Бөгенбай батырлардың рухымен ұштасып жатқандығын айқын сезінесің. Сол құламаған ұлы Тудың бүгінгі таңда Тәуелсіздік тұғырында желбіреп тұрғанына ақынмен бірге «Тәубе!» дейсің. Нағыз Тәуелсіздік жыршысына айналған ақын замандасыңа сүйсінесің.
Ал бүгінгі елорда орнындағы кешегі Қараөткел қақтығысын арқау еткен ақынның «Ақмола шайқасы» поэмасының ауқымы тіпті бөлек. Ту туралы оқиға Абылай заманын айшықтаса, «Ақмола шайқасы» тікелей Кенесары мен оның төңірегіндегі батырлар ерлігін толғайды. Тағы да ұлы сарынға түсіп алып үдере тартқан ағыс арнасын барған сайын кеңейтіп, тулап аққан толқынымен тербелесің.
Қазақ даласының қай жерінде Кенесары әскерінің қаны төгілмеген. Патшалық Ресейдің бұғауынан былқ ете алмай, бұйығы жатқан марғау елді құр айғай емес, ат тұяғының дүбірімен оятпаса, селт етпейтінін сезген Кенесары алғашқы ең ірі шайқасын Ақмоладан бастаған. Қазақ жерінің қақ ортасына бекініс салып, құрсанып отырған патша әскерін ойсыратып жеңу оңай емес еді.
Ақын Кенесарының Ақмолаға жасаған ақтық шайқасын барынша шебер, көркем кестелей білген. Дастанда Алыпқара бейнесі айқын көрініс табады. Алыпқараның өзінен де, сөзінен де батырлық пен батылдық бірден байқалады.
...Келе алмай бір түйінге отырғанда,
Үн шықты Алыпқара батырдан да:
– Кетеміз Ақмоланы қалай шаппай,
Күніміз төмен болып қатыннан да?!

Төндіріп басымызға қорлық күнді,
Талайға Қоңырқұлжа зорлық қылды.
Қорықсаңдар, өзім жалғыз ат қоям! – деп,
Орнынан«Абылайлап!» қарғып тұрды.
Міне, осыдан-ақ қазақ батырының шалт мінезі мен қалт қимылы аңғарылып тұрған жоқ па? Н.Айтұлының бұл дастанында тарихта бұрыннан белгілі Кенесары, Наурызбай, Тайжан, Сейтен, Басықара батырлардың арасынан айқындалып Алыпқара бейнесі сомдалып шығады. Алыпқара сынды шынайы тұлға, шын бейне – дастанның тың жетістігі. Осындай ірі тұлғалар дастанның ажарын ашып, шоқтығын биіктете түскен. Дастан ойқы-шойқы бұралаңы жоқ, кедір-бұдырсыз кемел желіс, кең тыныспен жазылған. Былай қарағанда бір ырғақ, бір сарын оқушыны жалықтырып жібере ме деп қауіптенгеніңмен, ішіне қалың кіріп алғаннан кейін бас алмай оқып шыққаныңды білмей қаласың. Бұл өлең құдіреті – ақын құпиясы болса керек. Себебі Несіпбек жасынан қордаланып қалған фольклорлық қазынаның қайнарынан қанып ішіп, ұлттық жыр үрдісін мықтап ұстанған ақын.
Ақынның екі поэманың басын біріктірген «Ерлікке ескерткіш» кітабы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық деп білемін.
Қос дастанның қазақ әдебиетіне қосқан қомақты үлес екендігінде дау жоқ.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста