Шымкенттен сансыз баб мекені – Сайрамға қарай шыға берісте Қоқан арбаның ескерткіші қойылған. Доңғалақтары дәу мұндай арбаны қазақ еш уақытта да пайдаланбағанын тарихтан білеміз. Болса – ат арба, болмаса, түйенің қомына-ақ бар жүгін артып жүре берген. Есесіне, қаншама жыл елімізді құрсауда ұстаған Қоқан хандығынан қалған бір белгі секілді. Соны мақтаныш тұтқандай, төрімізге қойғанымыз қалай болар екен?
Көргенде көңілді марқайтып емес, мазақ етіп тұрғандай ескерткіш есепті белгінің тарихына үңіліп көрмек болғанбыз. Не үшін қойылған деген күдік те кеудені кеулегені бар. Алдымен білсе, осылар білер деген оймен облыстық мәдениет басқармасына хабарластық. Тарихи ескерткіштерді қорғау бөлімінің маманы Асылхан Алпысов дәл осы қоқан арбаның тізімге алынбағанын айтты. Ол үшін 60-70 жыл өтуі тиіс екен. Ал оның қойылғанына үш-төрт жыл ғана өтіпті. Тізімге алынбаған соң, оның не үшін қойылғаны, тарихы туралы да мәлімет жоқ, әрине. Оның қала төңірегіндегі сәулетіне сәйкес келмеуі, қала ансамбліне сәйкес келмеуі де мүмкін деп иығын қиқаңдатқан маман бір білсе, солар білер деп, Қала құрылысы және сәулет бөліміне жөн сілтеді. Осындағы бөлім меңгерушісі Алмас Көбеев болса бұл ескерткіш-белгіні алматылық «ЖанАРТ» ЖШС тапсырыспен орындағанын, авторы Асқар деген суретші екенін айтты, бірақ фамилиясын есіне түсіре алмады. Ол тізімге тіркелмегенін айтып, мүмкін, қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің тізімінде бар шығар деп сырғытты. Мұндағы бөлім меңгерушісі Ерубай Құралбаев ол белгінің әлі пайдалануға берілмегенін айтты. Тек білетіні – 2006 жылы сәулет басқармасы тарапынан қойылғанын жеткізді. Астана қаласынан дизайнерлер, сәулетшілер келіп, сызбасын сызғанын, оның қалалық сәулет және архитектуралық кеңестен өткенін жеткізді. Сонымен, бұл ескерткіш-белгінің не үшін қойылғанына, оған қанша қаражат жұмсалғанына жауапты мекемелер жауабын айта алмады. Әрі әрқайсысының жауабы, «аққу – көкке, шортан – көлге» дегендей, әр жаққа тартады. Бар кінәні командаға аударуға тура келді. Біз солай түйіндедік. Өйткені бүгінде бір әкім келсе, бүкіл командасын шұбыртып жүретін болды ғой. Кетерінде де шұбыртып кетеді. Содан мұндағылар олардың атқарған жұмысынан бейхабар болып шығады...
Тарихты білмейтін мамандардың қаперіне салсақ деп едік. Алматыдағы «Арыс» баспасынан 2005 жылы жарық көрген «Тараз энциклопедиясы» мен «Отырар энциклопедиясында» тың деректер келтірілген. Мархабат: «Қоқан хандығы (1710-1876) – Ферғана жазығында XVIII-XIX ғасырларда болған мемлекет. Астанасы – Қоқан қаласы. 1808-1815 жылдары Қоқан хандығы жойқын ұрыстардың нәтижесінде Абылай хан тұқымының қарамағындағы Шымкент, Түркістан қалаларын жаулап алды. Түркістан қаласын жаулап алуы ХІХ ғасырдың 20-жылдары болып саналады. Қоқандықтар Ұлы, Орта және Кіші жүз қазақтары қоныстанған Арал теңізінен Шу, Іле өзендеріне дейінгі аралықты жаулап алды. 1826 жылы Әулиеата бекінісінің негізі қаланды. Қоқан бекіністері төңірегінде көшіп-қонып жүрген қазақ қауымы жылына түндік басы 6 қой, 24 қап көмір, 4 өгіз арба сексеуіл, 100 бау қамыс тапсыруға міндетті болды. Ал егіншілер егіс өнімінің үштен бірін Қоқан хандығы қазынасына төлеуге тиісті еді. Оның үстіне, соғыс кезінде қару ұстауға жарайтын әрбір қазақ Қоқан бектерінің қол астында әскери қызмет атқаратын. Осындай езгіге қарсы қазақ халқы талай рет бас көтерді (1821, 1858). Бұл қозғалыстар жақсы ұйымдастырылмай, жеңіліске ұшырады. Қоқан билігіне қарсы шыққан Байзақ датқаны қоқандықтар 1864 жылы тамыз кезінде Шымкентте зеңбірек аузына байлап атады. Атақты батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлының Қоқан, Хиуа, Ресей басқыншыларымен сан рет сұрапыл шайқастар өткізгені белгілі. Жанқожа батыр 1841 жылдың шамасында Кенесары ханмен тізе қосып, атақты Созақ қамалын қоқандықтардың қолынан азат етуге тікелей атсалысты. Хан әскеріне 18 күн бойы алдырмаған бекіністі Кенесарының соңғы үміті – Жанқожа бастаған Шекті батырлары атойлаған шабуылдарымен шеп бұзып алған...»
Тарих осылайша сыр шертеді. Тарихқа тас атқалы отырған да ешкім жоқ. Дегенмен қандай да бір ескерткіш, не белгі қоярда қазақтың бетіне шіркеу болмайтындай, жерге қарататындай емес, абыройымызды асқақтататындай етіп қойылса деген ізгі тілегіміз бар...
Там-тұм тарих
Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдерінде арық-атызды жерлермен жүк тасу үшін доңғалақтарының диаметрі 2 метрге дейін жететін қос доңғалақты арбалар пайдаланылған. Оларды «қоқан арба» деп атаған.