Көркемдіктің алдында сәл бөгелем,
Бұл әлемге бойлай білсем деген ем.
Бәтиманың қолөнері – гобелен,
Бәтиманың гобелені – ақ өлең.
Күләш Ахметова
Халқымыздың көне мәдениетін әр сабақ жіпке сыйғызып, бүгінгі заманға жеткізуде гобелен өнерінің де үлесі жыл санап артып келе жатыр. Қазақ гобеленінің негізін қалаған марқұм суретші Құрасбек Тыныбеков десек, қазақ қыздарының ішінен осы салаға тұңғыш сара жол салған – Бәтима Зәуірбекова. «Ана», «Дала мадоннасы», «Сәукеле киген қыз», «Ұзату», «Күту» сынды туындылардың авторы, гобеленшімен жолығып, сұхбатқа тартқан едік.
– Бәтима апай, сіз туындыларыңызда тіл жетпес сұлулықты қыз-ару, әйел-ана кейпінде өрнектеп жүрсіз. Және бір қызығы, сіз оларды еш жерден көшірмей, өз қиялыңыздан салады екенсіз. Дегенмен, қиялыңызға сұлулықты тұндыру үшін бір жерден нәр алуыңыз керек қой? Сол тұнбаны қайдан аласыз?
–Үнемі ізденісте жүрген адам әйтеуір бір сәтте өз іздегенін табады. Мүмкін, ол бір минут бола ма, санаулы секундта сырғып өте шыға ма, біздер – суретшілер соны көңіл сарайына сырт еткізіп басып ала қоямыз. Мысалы, кейбір қыздардың бойындағы инабаттылығы, ізеттілігі, қарапайымдылығы, пәктігі, іңкәрлігі бетінде тұрады. Оған қарама-қарсы сырт кейпі сұлу көрінгенімен, ішінен бір суық есіп тұратын әйелдер де бар. Мен өзім солардың ішінен мейірімділік пен жылылықты, имандылықты тауып алам да, туындыма арқау етіп алуға тырысамын.
– Осы өнеріңіздің арқасында түрлі елдерде болып, көрме ұйымдастырып жүрсіз. Сондықтан өзіміз бен өзге елдердегі өнерге деген көзқарасты салыстыра аласыз. Біздің ел гобеленді қалай бағалайды, шетел қалай бағалайды?
– Рас, мен шетелдердің біразында болдым. Бәлкім, гобелен өнерінің өте сирек кездесетіндігінен болар, әлде өздері осы өнердің отаны болғандықтан ба, әйтеуір Францияда маған деген ілтипат ерекше болды. Шыны керек, ондай ыстық ықыласты өз елімнен көп кездестіре бермегендіктен, біршама уақыт сол жерде қалып едім, қолда бар туындыларымның барлығы дерлік өз иесін тауып, тіпті жетпей қалған соң, арнайы тапсырыстар бойынша жұмыс істеуге тура келді. Содан кейін Түркияда үш жыл өмір сүрдім. Олар да аса ризалықпен менің туындыларыма «Бәтима ханымның қызлары» деген ат қойып алды. Елге оралғанымда, өнерге деген көзқарастың көп өзгеріске ұшырағанын байқадым. Қарапайым адамдардың суретті қабылдауынан бастап, суретшілердің жағдайына дейін біршама жақсарыңқырап қалыпты. Ол жақта жүргенде талай коллекционерлерді көріп, «бізде неге осындай адамдар жоқ?» деп ойлаушы ем, келсем, ондай адамдар бізде де бар екен. Нарық қалыптасыпты. Содан үш жыл бұрын ғана картиналарды тек шетелдіктер ғана алатын болса, енді өзіміздің қазақтар да өнер туындысына қызығып, сатып алатын болыпты.
– Ал қазіргі нарыққа келсек, сіздің гобелендеріңіздің ең қымбат дегені қанша тұрады? Және әр туындыңыз өзіндік құнын өтей ме?
– Нақты құнын айтпай-ақ қояйын, бірақ қазір гобелен жақсы бағаланады. Себебі қалталы азаматтар бұл өнерге ден қойып, үйлерін осымен сәндейтін болып жүр. Сондай-ақ жоғары оқу орындары, мұражайлар, мейрамханаларға дейін тапсырыс береді. Бағасы картинаның көлеміне, орындалу күрделілігіне байланысты келісімді түрде шешіледі. Ең төмен деген бағасы 1000 доллардан басталып, жоғары қарай кете береді.
– Қажет материалдар, яғни жіп пен бояуды қайдан аласыз? Өзімізден табыла ма?
– Бұл енді – айтарлықтай мәселе. Кезінде жіптерді Алматы кілем фабрикасынан алатын едім, бірақ жиырма шақты жыл боп қалды, ол жерден емес, шетелден, Белоруссиядан алдырамын. Сосын және бір айтарлығы, мен әрбір картинаға отырмас бұрын күнімді Жаратушы Аллаға сыйынудан бастаймын. Сонан соң Абай атамыз айтқандай, «көңілге түрлі ой салатын» әуендерді қоямын да өзім өсіретін гүлдерді бір аралап, суғарып шығамын. Осының барлығы менің шабытымды шақырады. Жақсы көңіл күй береді. Сосын барып «Бисмиллахи-рахмани-рахим» деп жаңа туындыға кірісемін.
– Гобелен өнерін елімізде дамытудың жолдары қалай қарастырылып жатыр? Соған жол ашылған ба?
– Францияда сонау орта ғасырлардың өзінде тұтас бір гобелен орталығы болған. Сол сияқты, әу бастан-ақ мен үлкен бір орталық ашып, үйренгісі келгендерге үйретуді ойлағанмын. Алайда осы ойымды жүзеге асыруға бірде-бір қолдаушы таппадым. Ең болмағанда шеберхана тұрғызуға жеті сотық жер де бермеді.
– Кәсіптің осы түрімен нәпақа тауып жүргендердің көбімен салыстырғанда, сізді «бай» дейді. Құдай несібеңізді осы өнерден берген екен, соны жарқырата көрсетіп, бақуат тұруға қақыңыз бар ғой? Олай болса, өзіңізді «баймын» деп айта аласыз ба?
– Менің негізгі байлығым – өнерім. Ақшам да, жиған мал-мүлкім де бір күні сарқылар, бірақ өзім тірі тұрғанда өнерімді ешкім де тартып ала алмайды. Сондықтан мен – бай адаммын!
Оймақтай ой
Гобеленнің отаны – Франция. Сонау орта ғасырларда өмір сүрген ағайынды Гобелендер негізін салғандықтан, солардың есімімен аталатын осы бір өнер түрінің қазақ жерінде жылы қабылданып, тез таралуы – бізде негіздің барлығынан. Ол қандай негіз? Гобеленге қараңыз да, қазақтың тақыр кілемімен салыстырыңыз. Еш айырмасы жоқ. Айырмасы – тек француздар ертерек қимылдап, оны өздерінің өнерлері, бренд ретінде қалыптастыра алғандығында. Егер оны өзімізге сіңіріп алғымыз келсе, гобеленді «алашаның заманауи түрі» деп санауымыз қажет.
Жазмыш
Қазақ гобеленінің негізін қалаушы Құрасбек Тыныбеков деген суретші болған. Тыңнан түрен салып, гобелен өнеріне ұлттық колорит бере алған қылқалам шебері, әттеген-ай, небәрі 32 жасында қыршын кетті.