Қолда бар құнды қолжазбаларды түгендей алмай отырмыз
Қазақстанда сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды жинау мәселесі өте күрделі жағдайда. Оларды бір орталықтан бақылап, түгендеп отыратын жүйе әлі күнге дейін жолға қойылмай келеді. Осындай ықтиярсыздық салдарынан құнды жәдігерлеріміз тек шетелде ғана емес, өз ішімізде де ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Ал бір бөлігі зерттеу жұмыстары қолға алынбағандықтан, ескіріп, жоқ болуға айналды.
Бір ғана ҚР Ұлттық кітапханасында 25 мыңнан астам сирек кездесетін кітап пен қолжазба бар. Ал жалпы ел бойынша олардың саны тіптен көп. Мамандардың айтуынша, санаққа ілінбей қалғандары да жетіп-артылады екен. Оларды ел қолынан жинап, зерттеу мамандарымыздың басты міндеттерінің бірі болып табылады. Бүгінде біз қолда бар жәдігерлерімізді де игере алмай отырмыз. Біріншіден, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды өңдеп, сұрыптап, сақтау мәселесімен айналысатын мамандар тапшы. Себебі Қазақстанда аталған мамандыққа оқытатын арнайы оқу орны не факультет жоқ. Сондықтан бұл іспен бізде тек тарих, кітапхана, басқа да факультеттерді бітірген мамандар айналысуда. Екіншіден, сирек кездесетін кітаптардың республикалық электронды каталогы жасалмаған. Ғалымдарымыз да, кітапханашыларымыз да елдегі кітапханаларда қандай құнды жәдігерлеріміздің сақтаулы тұрғанын толық білмейді. «Мұндай электронды каталогты енгізбей, тарихымызды түгендеу мүмкін емес», – дейді мамандар. Көптен бері шешілмей келе жатқан үшінші бір мәселе – әлі күнге дейін сирек кездесетін кітап, қолжазбаларды анықтау жұмыстары қолға алынбады. Соның салдарынан кейде құнды жәдігерлеріміз сирек әдебиеттердің қатарына енбей қалып жатады. Төртіншіден, құнды жәдігерлерімізді зерттейтін арнайы құрал-жабдықтар жетіспейді. Осыдан екі-үш жыл бұрын ғана ҚР Ұлттық кітапханасы осындай құралдарды сатып алды. Ал еліміз бойынша оларды санауға саусақ саны да жетпейді. Мамандардың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Қазақстандағы сирек кездесетін қолжазбалар мен әдебиеттерді сұрыптап, құнттау ісімен шетел мамандары айналысуда. Ол үшін біз ел бюджетінен қыруар қаржы жұмсап жатырмыз. Егер бұл іспен өзіміз айналыссақ, жәдігерлерімізді де дереу арада түгендеп аламыз, ақшамызды да шетке шашпайтын едік.
Орынбасар Исахов, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры:
– Мен мұндай кітаптар мен қолжазбаларды сұрыптау үшін қанша қаржы кететінін дәл айта алмаймын. Бір ғана айтатыным, бұл –қыруар еңбекті қажет ететін іс. Сол себептен де біз шетел мамандарын шақыруға мәжбүрміз. Мәселен, VII немесе VIII ғасырға жататын бір әдебиетті қалпына келтіру үшін оның қандай заттан жасалғанын, қандай бояу пайдаланғанын, қандай жағдайда сақталғанын түгел зерттеу керек. Қазір осы бағытта тәжірибе жинау үшін мамандарымызды шетелдерге жіберіп жатырмыз. Алдағы уақытта бұл іспен түгелдей өзіміз айналысамыз деп ойлаймын.
Расында да, қазақ тарихына дәл қазақтың өзіндей ешкімнің жаны ашымайды. Сондықтан бұл салада, ең алдымен, кадр дайындау ісін жолға қою керек. Осы жайлы белгілі тарихшы Қамбар Атабаев: «Қазақстанда деректану ғылымын қолға алу керек. Бұл ғылымды дамытпай, біз қолжазба жинау мәселесімен дұрыс айналыса алмаймыз», – дейді. Оның сөзіне қарағанда, қазақ халқының тарихына, өткен-кеткеніне қатысты шежіре деректер жеткілікті, бірақ оны тану жұмыстары көңіл көншітпейді. Елбасымыз тарихымызға қатысты шежіре, дерек жинауға тапсырма бергенімен, іс жүзінде онымен айналысатын мамандар жоқ болып шықты.
Қамбар Атабаев, тарих ғылымының докторы:
– Қолжазбалар қазақ халқының тарихын бейнелейтін құнды деректер болып табылады. Дегенмен мұндай қолжазбалар әлем елдеріне шашырап кеткен. Ал қолда барын өзіміз игере алмай отырмыз. Біз деректермен жұмыс істеуді білмей, қолдағы қолжазбаларды айналымға енгізе алмаймыз. Сондай-ақ шежіре, дерек жинаумен, зерттеумен айналысатын бірде-бір мекеме жоқ. Мәселен, славяндарда көп жылдар бойы жылнама жазу тарихты жазудың формасы болып келді. ХVIII ғасырда жылнама жазу тоқтағанда, ол таза дерек көзіне айналды. Содан бастап жылнаматану ғылымы қалыптасты. Орыс ғалымдары 200 жылдан астам уақыт бойы жылнама жазу ісімен айналысқан. Ал біз әлі күнге дейін дайын шежіремізді түгендей алмай отырмыз. Осыдан-ақ жағдайдың қаншалықты мүшкіл екенін білуге болады.