Қойымыз қоралас қырғызбен әуеніміз аралас болып бара жатқан жоқ па?
Бүгінде бір хит ән шықса болды, «бұл қай елдің әні болды екен» деп елеңдейтінді шығардық. Соған етіміз де үйреніп бара жатқандай. Телеарналардағы бағдарламалар өз алдына, соңғы жылдары шетелден, әсіресе айыр қалпақты ағайындардың үздік әндерін үптеп кету сәнге айналды.
Жалғыз Ақылбек Жеменей ғана емес, қазақ эстрадасында шетел әуендерін өз әндерінде пайдаланып жүрген әншілер аз емес. Мәселен, әнші Ғаділбек Жанайдың «Есте сақта» әнінің әуені гректікі болса, «МұзАрт» тобының орындауындағы «Сүйдім сені сәулем» әні өзбектің Алишер Самандаров деген сазгерінікі деседі. Есті әндерімен елдің ықыласына бөленген мақтаулы «МұзАрт» тобы мұндай қадамға барғасын, өзге әншілерге не айтуға болады?
Роза РЫМБАЕВА, Қазақстанның Халық әртісі:
– Мұның енді екі жағы бар. Шетелдің әндерін қазақша орындап жүрген көптеген әншіні білемін. Бұған тыйым салып, кедергі болып, сын айтатындай, біздің қандай қақымыз бар? Қазір әркім не істегісі келсе, соны істеп жүр ғой. Әрине, жақсы-жақсы қазақ сазгерлері де бар. Кім біледі, олар әншілерге кездеспеді ме, әлде әншілер сол композиторлармен кездеспеді ме? Әлде талғамдары солай ма? Дайын дүниені ала салу кімге қиын дейсің. Дайын нәрсені алған оңай ғой. Бәрі де шетелдің әндерін орындағысы келеді. Кейде біздің композиторлардың ондай музыка жазуға деңгейі жетпей жатады. Бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Авторлық құқық туралы заң бар. Менің білуімше, шетелдің әндерін орындағаннан кейін келісімшарт жасасу керек. Келісімге келу керек. Көбіне шетелдің композиторларының өзі кімнің қай әнді орындап жатқанын білмейтін де секілді.
Керек дерек
«Көп асқанға – бір тосқан». Шетелден әуен ұрлаймын деп басы бәлеге қалған әншілер де аз емес. Мәселен, өзбектің жұлдызы болып көкте самғап жүрген Юлдуз Усманова мұндай «ұрлығымен» екі рет істі болған. Ал Әнуар Санаев деген жұлдызы бір рет қана қақпанға түсіп үлгерді. Атақты Филипп Киркоровтың да шығыстың халық репертуарына еніп кеткен әнін орысшалаймын деп біраз көкпар тартысқа түскенін білеміз.
Неге біздің әншілеріміз (әрине, барлық әншіге топырақ шашудан аулақпыз) шетелден, әсіресе қырғыз, өзбек бауырларымыздан ән ұрлауға әуестеніп алды? Қазақта жақсы ән жаза алатын сазгер жоқ па? Әлде қазақ сазгерлері жазып берген әні үшін атасының құнын сұрай ма? Әлде біздің әншілеріміз өз елінің таңсығынан гөрі шетелдің қаңсығын пайдаланғанды жөн көре ме?
Осы сауалдарға жауап іздеп, ең әуелі былтыр қырғыздың «Қызыл өрік» әнімен қазақ эстрадасында жыл бойы басты назарда болған Ақылбек Жеменейге телефон соқтық. Телефон тұтқасын өзі емес, арт-директоры Бақтыбай Ештемесов көтерді. «Ақылбек Жеменейдің қырғыздың хит әндерінің сөздерін қазақшаға аударып орындап жүргенін білеміз. Қазақта да жақсы сазгерлер бар. Неге өзіміздің сазгерлерге жаздырмасқа?» – деп сұрағымды қоя бастағаным сол еді:
– Қырғыздар да қазір қазақтың көптеген әнін орындап жүр. Оның ішінде «МұзАрт» тобының әндері де бар. Қырғыз әншілері Ақылбек Жеменей орындайтын «Алға, қазақ жігіттері» әнін, «Алға, қырғыз жігіттері» деп айтып жүр. Олар біздің әндерімізді орындап жүр, біз енді олардың әндерін орындасақ, онда тұрған ештеңе жоқ шығар деп ойлаймын, – деп Бақтыбай сөзімді бөлді.
Қырғыздар демекші, білуімізше, олар әйгілі «ДосМұқасан» тобының бірнеше әні мен Заттыбек Көпбосыновтың «Ақ маржанын» айтып жүр.
Әрине, ән туралы сөз болғанда әңгіменің бір ұшы сазгерлерге келіп тиетіні белгілі. Осы ретте көрнекті сазгер Кеңес Дүйсекеевке де телефон шалып, пікірін білдік:
– Жасыратыны жоқ, кейінгі кездері «данышпан» әншілер тым көбейіп кетті. Өзі – ақын, өзі – сазгер. Данышпандық емей немене бұл? Жарайды, бұл кешегі өткен Біржан сал, Ақан серілерге жарасар. Олар – ғасырда бір туатын ұлы адамдар. Ал бүгінгі әншілерге не жорық? Шындасам, өлең шығару менің де қолымнан келеді. Ән айтуға да болады. Бірақ мен ондай қадамға бармаймын. Мырқымбай болғым келмейді.
Менің де талай әнім ұрланды. Оның бәрін сотқа бере берсек, орыстар айтқандай, өзімізге «черный пияр», яғни жарнама жасағандай боламыз. Біздің әншілеріміз шетелге көп еліктейді. Еліктегені сонша, музыкаларында мүлде қазақы иіс жоқ. Әрине, шетелден үйренеріміз көп. Бірақ музыкаңнан қазақтың иісі аңқып тұруы керек, – деп бүгінгі әншілерге назын білдірген сазгер эстраданың деңгейі өсуі үшін ең әуелі кәсіби адамдарға көңіл бөлінуі керектігін айтып, әншілер ел көңілінен шығатын ән орындағысы келсе, кәсіби сазгерлерге тапсырыс берсе деген тілегін жеткізді.
Терістіктегі көршілеріміздің әншілері де айға қарап жүрмеген екен. Олар да шетелдің әуендерін пайдаланғанды теріс көрмейтін секілді. Осы мақаланы жазу барысында ғаламтор ақпараттарына зер салғанымызда Еramvision.ru сайтында жарияланған Ресейдегі плагиат әндердің тізіміне көзіміз түсті. «Бақсақ, бақа екен» демекші, бұл тарапта Ресей әншілері біздің жұлдыздардан асып түспесе, қалыса қоймапты. Поп музыканың каролі саналатын әйгілі Филипп Киркоровтың өзі шетелдің бірнеше әуенін өз әндерінде пайдаланғанға ұқсайды. Мәселен, оның «Шика дам» әнінің әуені Түркияның атақты әншісі Таркандікі болса, «Ты поверишь?» әні Роби Уильямстікі, «Вива» әні – Dana International, «Я за тебя умру» әні – Antique, «Я твоя мышка» The Doors тобының әуендері екен. Айтпақшы, осы сайтта Киркоровтың Тарканнан әндерді әншінің өз келісімімен сатып алатыны да айтылған. Киркоров қана емес, 90-жылдардың аяғында Ресей эстрадасында жарқ етіп көрінген «Руки вверх» тобы да қол қусырып отырмай, шетелдің бірнеше әніне «қол көтерген» секілді. Мәселен, осы топтың орындайтын «Девочки» әні – Vengaboys, «Здравствуй» әні – George Michael, «Атаман» әні – 666-Alarma, «Песенка № 2» әні – Fatboy Slim, «Доброй, нежной, ласковой» әні Craig David-ке тиесілі екен. Газманов та құр жатпапты. «Люси» әнін Pet Shop Boys тобынан бөктерсе, өзінің сүйікті әндерінің бірі «Эскадронды» Bad Boys Blue тобынан алыпты. Бұл сайтта Ресей эстрадасында бүгінде жүргені бар, жарқ етіп көрініп, жоқ болғаны бар, бірқатар әншілердің аты аталады. Бәрін жіпке тізуді жөн санамадық. Қажет болса, сайтқа кіріп, көз жүгіртулеріңізге болады (www.tramvision.ru/akkord/raznoe/plagiat.htm).
Түйін
Бұл тамсаныс кешегі күні «Өзім – сал, өзім – сері, кімге зармын?» деп асқақ айбынымен Алашын дүр сілкіндірген Біржан салдан бастап, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Әсет, Жарылғапберді, Иманжүсіп, Ғазиз, Естай, Мәди сияқты дарабоз дарындардың өнеріне бас игеннен туса керек. Құдайға шүкір, қазақтың ән өнері қай кезде де асып түспесе ешқандай ұлттан кем болған емес. «Жүректі тербеп, шымырлап бойға жайылған» (Абай) әуезді қазақ әндерінің әлі де туа беретіні анық.
Бір нәрсе анық: қазақты өзге елдің әндері емес, қазақ әні ғана ұшпаққа шығарады. Мәңгілік етеді. Біз әрдайым осыны есте ұстағанымыз абзал. Шетелдің әуеніне құмар әншілеріміз осыны естен шығармаса дейміз.