Қоянға жасыл түс те жат емес
Бүгінгі әлем – көз ілеспес жылдамдықпен зымырап бара жатқан асығыс әлем, сондай-ақ күн сайын түрленіп, сәт сайын құбылып, тотықұстай түрленіп жатқан сәнқой әлем де. Қарап отырып, көз алдыңа сұлу да тәкаппар, екінші бір жағынан, ерке де еркін әрі сондай кірпияз, тіпті қабағының астындағыға көз төңкеріп қарамақ түгіл, көз қиығын салуға ерінетін сылқым бикеш елестейді. Әсіресе көктемде... Қар көбесі сөгіліп, жер бусанып, әлсіз ғана көктің қылтия бастаған шағында қыз-жігіт бастаған қалың жұрт кенет селк етіп оянғандай, жан-жағына қарап, бойын түзеуге ұмтылады. Сонда көңілге көрік беретін бірден-бір нәрсе – киім. Сәнге ден қою маусымы келді. Жоғарыда айтқандай, күн емес, тіпті сәт санап жаңарып, жаңғырып жатқан жаһанда бұл көктем қандай сән үлгісін алға тартады? Әлемдік үрдіс, сол тұтас әлемнің бір бөлшегі – біздің қазақ елінде қандай киім, шаш үлгісі сәнге айналар екен?
Жаһанда
Әйелдер
Шифон көйлектер мен биік платформалар көктемі келді!
Қоян жылы көктемінің сәні әуелгі жұмысын әйелдердің етегінен бастайтынға ұқсайды. Жо-жоқ, тіпті де сіз ойлағандай кесіп, шешіп емес, керісінше, жарқыраған тізелер сәл жабылып, миди үлгідегі көйлектер мен етектер (юбка) сәнге енеді. Ал сәндік сатысында қалатын бір мата – кестелі тоқыма болса, екінші бірі, әрине, жастарға ең жақын – джинсы. Ол тіпті осы көктемде бөкседен кеудеге өрлейді десек, еш қателеспейміз, яғни джинсы пиджак, кеудешелер тек қыздар ғана емес, ерлер арасынан да өз иесін тауып, көшелерде жарқырай кетіп бара жатады. Ханымдар арасында шифон көйлек, жейде, етектер кең қолданысқа ие болады.
Сән жайлы әңгімеміз, табанды жерден көтеріп тұратын аяқкиімсіз толық болмасы анық. Биыл да баулы аяқкиімдер, онда да былтырғыдан айырмашылығы, биыл бәтіңке емес, тұла бойы баулы ұзын етіктер алғы шепке шығатын секілді. Сондай-ақ басты айта кетерлігі – бұл көктем биік платформалардың көктемі болмақ.
Ерлер
Джинсы + классика
Бұл маусымда ерлер арасында сұр түс сәннің королі болмақ. Ол кез келген түспен үйлесетіні өз алдына, ер жігітке көз тартарлық көрік береді. Сондай-ақ ақ түс те – өте өзекті. Тіпті ақ шалбар бір кигеннен кір шалса да, есесіне, сол бір ғана сәтте бикештердің алдында ер-азаматты сондай сымбатты ете түседі. Сондай-ақ күлгін түсті жейде де жігітке офистегі бұйығы, көңілсіздікті жойып, өнімді жұмыс істеуіне ықпал етеді. Кірпіш түсті қызғылт жемпір не мойынорағыш та ерлер арасында сәнді. Ал джинсы сол баяғысынша сәннен қалған жоқ. Айта кетерлігі, джинсы шалбарды классикалық пальто не кашемир жемпірмен астастыра кию – сәннің нағыз «фишкасы» болмақ.
Ал өз сәнгер, стилистеріміз не дейді?
Олардың осы көктемге әзірлеген жаңалығы бар ма?
Дәмилия Жұмабекқызы, сәнгер:
– Сән үлгілері осы біз секілді жеке шығармашылық иелерінің тың идея, ізденістерінің нәтижесінде дүниеге келеді. Мен өзімнің биылғы коллекциямда ақ түске көп орын бердім. Себебі ақ тазалықтың символындай қашанда. Тіпті аппақ деген қардың өзі шындығында таза ақ емес. Бұл түс сонысымен де жұмбақ, сонысымен де тылсым сырға ие. Жалпы, ақ пен қара қай дәуірде де өзінің өзектілігін жоймайтын түстер. Сол сияқты қызыл түс те. Қыз сұлулықтың символы десек, қызыл мен қызды астастыру – санамызға сіңген қағида. Осы үш түсті ешқашан өз коллекцияларымнан қалдырып көрген емеспін. Сондай-ақ биылғы коллекциямда гүлдерге басымдық бердім. Біртекті түске түрлі-түсті гүл салып, оның ішіне қазақтың оюын қосу арқылы жастарды бір жаңалыққа, сонымен қатар қазақы ұлттық негізімізге тартқым келді. Осы тұста әлемдік сән үлгісінің даму үрдісіне қарамай да болмайды, онда байқағаным: күлгін, ақшыл, гүлді матадан тігілген киімдер алға шығып келе жатқандай. Қызғылт түс те сәннен шыққан жоқ. Негізі, көктем ашық түсті ұнатады: қыстың суығынан жалығып, бір жылылықты, жадыраған күнді аңсаған адамдар ашық түске ден қоя бастайды.
Шаш үлгісі
«Әйелдер әрдайым әдемі болып жүргісі келсе, онда екі нәрсеге сараңдық жасамауы керек» деген сөз бар. Оның бірі – сәнді әрі сапалы аяқ киім болса, екіншісі – шаш үлгісі. Расында, шаш жараспаса, шешіп тастай салатын көйлек емес, сондықтан оған өте мұқият қараған жөн. Елімізде белгілі адамдар мен өнер жұлдыздарының көбі ерекше талғамы мен шеберлігіне бас иетін стилистердің бірі – Кенжебек Кәденов. Биылғы көктемнің шаш үлгісі жайлы осы бір маман не дер екен?
Кенжебек КӘДЕНОВ, стилист:
– Білесіз бе, бір қызығы, бүгінде нақты «мынадай шаш үлгісі – сәнде» дейтін стереотип жойылған. Бұрын, яғни 70-80 жылдары әлемге әйгілі әншілік топ «Битлзға» еліктеп, ерлер жағы шашын желкеден түсетіндей етіп өсіріп, сақал-мұрт қойып, солай біркелкі сәнге құмартқаны жасырын емес. Өзіміздің «ДосМұқасан» тобындағы ағаларымыз да кезінде сондай кейіпте болған. Бір кездері әйелдер, ерлер арасында шаштарын бұйралап алу сәнге айналды. Сондай-ақ карэ, аврора секілді шаш үлгілері де дәуірлеген тұстар аз емес. Ал қазір адамзат санасы, керісінше, қатып қалған стереотипті біртіндеп бұзып, керісінше бір адам екінші біреуге ұқсағысы келмей, өзінше бір ерекшелік іздеуге көшті. Мысалы, өз басым бір адамға жасаған сән үлгісін екінші біреуге дәл солай қайталамаймын, әркімнің бет пішініне, мінез-құлқына, тіпті оның әлеуметтік өмірі, яғни студент пе немесе қандай да бір қызмет иесі ме, соған да қараймын, солай әр адамға лайық шаш үлгісін тап сол кезде жасаймын. Сондықтан «былтыр мынадай шаш үлгісі сәнде еді, биыл мынадай болып өзгерді» дей алмаймын. Ал жалпы, қазақтың ер-азаматтарының соңғы жылдары өз-өзіне қарап, қымбат әрі жарасымды киінуі, шаштарын сәнді етіп қидырып жүруге ден қойғаны мені қатты қуантып жүр.